• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 17 Қараша, 2022

Келелі көрсеткіштер қашанда құнды

Жыл соңына дейін өңірлер әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізіп, мемлекет басшысы қойған міндеттердің тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет. Елдің биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралған үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов осыны тағы да еске салды. Сонымен бірге отырыста жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі мәселесі талқыланып, алдағы жылға арналған заң жобалау жұмыстарына жоспар жасалды.

 

ӨСІМ ҚАЛЫПТЫ ДЕҢГЕЙДЕ

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биылдың 10 айында республикада ЖІӨ өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Тереңірек тоқталғанда, экономиканың нақты секторы 2,8%-ға, қызмет көрсету саласы 1,6%-ға өсті. Салалар арасында ауыл шаруашылығы (8,2%), ақпарат және байланыс (7,1%), құрылыс (5%), өңдеу өнеркәсібі (4,3%), сауда (4,1%), көлік және қоймалау (3,9%) оң динамиканы көрсетіп отыр.

Қаңтар-қыркүйек айларында елдің сыртқы сауда айналымы 35%-ға өсіп, $98,4 млрд-ты құрады. Экспорт бойынша көрсеткіш 47,5%-ға ($63,8 млрд), өңделген тауарлар экспорты 37,5%-ға ($19,3 млрд) өсті. Импорт $34,6 млрд-ты құрады (16,5%-ға өскен). Жалпы Қазақстанның оң сауда теңгерімі $29,3 млрд-қа жетті (2,2 есе өскен).

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректері бойынша, мемлекеттік бюджетке 12 трлн 427 млрд теңге кіріс түсті (жос­пар 104%-ға орындалды). Атап айтқанда, республикалық бюджет 8,4 трлн теңгеге (102%), жергілікті бюджеттер 4 трлн теңгеге (108,5%) толықтырылды. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,7%-ға, оның ішінде республикалық бюджет шығыстары 98%-ға (14,5 трлн теңге), жергілікті бюджеттер шы­ғыс­тары 94%-ға (8,1 трлн теңге) орын­далды.

Cонымен қатар ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов та тақырыпты өр­бітіп, мәліметтер келтірді.

Баяндаушыларды тыңдап болған премьер-министр бүгінгі таңда ел экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап отырғанын, нақты сектор экономиканы тұ­рақ­тандырудың негізгі факторы ретінде дамудың оң үрдісін көрсетіп отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,3%-ға, машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 7,7%-ға, ауыл шаруашылығында 8%-дан астамға өсті.

Әлихан Смайылов ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту – экономикалық өсудің маңызды факторы екендігін баса айтты. Жалпы аталған кезеңде негізгі ка­пи­талға инвестициялардың өсуі 6,7%-ды құрап отыр.

«Оның ішінде экономиканың шикізаттық емес салаларына тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді. Инвестицияның жоғары өсімі жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда, сондай-ақ көлік және қойма­лау, ауыл шаруашылығы және өнер­кәсіпте тіркелді», – деді премьер-министр.

Үкімет басшысы барлық не­гізгі макрокөрсеткіштер бойынша Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыста­рында, Алматы және Шымкент қалаларында өсім бар екенін қоса айтты. Ең төменгі қарқын Ұлытау, Абай және Маңғыстау облыстарында тіркелді.

Ә.Смайылов тұрақты даму қарқ­ы­­нын ұстап тұру үшін экономиканы әрі қарай әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

«Өңір әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз етіп, инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруы қажет. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға тұрақты мониторинг жүргізуі тиіс», – деді ол.

Одан бөлек, премьер-министр бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек екенін айтты. Себебі азық-түлік тауар­лары бағасының өсуі инфля­цияға айтарлықтай әсер етіп келеді.

«Бұл, бірінші кезекте, әкімдік­тер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көр­­сетеді», – деді Әлихан Смайы­лов.

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ ТИІМДІ ЖҮЙЕСІН ҚҰРУ ҚАЖЕТ

Жылыту кезеңіндегі өрт қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жайын баяндаған төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің хабарлауынша, Қазақстанда жыл басынан бері 9 647 өрт тіркеліп, онда 249 адам қаза тапқан, 212 – әртүрлі дәрежедегі күйіктер мен уланулар алды. Қаза тапқандардың жалпы санының 107-сі (43%-ы) мас күйінде болған. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өрттердің 2,2%-ға, қаза тапқандар саны 18,6%-ға, жарақаттанғандар саны 40,8%-ға шамалы төмендеуі байқалды.

Адамдардың жарақаттануы мен қаза болу фактілерін болдырмау, сондай-ақ өрттен болған нұқсан­ды барынша азайту мақсатында ТЖМ биіктігі 10 қабатқа дейінгі тұрғын үйлерді өрт сигнализациясы қондырғыларымен жабдықтау, сондай-ақ барлық газдандырылған үй-жайлардың газдануын талдауыштармен жарақтандыру жө­ніндегі талаптардың міндеттілігі бөлігінде тиісті өзгерістер енгізді. Бүгінгі таңда өрттің алдын алу және жою, көппәтерлі тұрғын үйлерден, әлеуметтік, мәдени-ойын-сауық, спорт және білім беру объектілерінен қауіпті техникалық құрылғылар мен кіріктірілген қа­зан­дықтарды шығару жұмыста­рына қазіргі заманғы технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда.

Жылу, энергиямен қамтамасыз ету объектілерінде өрт қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мәселесі ТЖМ-ның ерекше бақылауында тұр. Биылғы шілде-тамыз айлары ара­лығында қауіптің жоғары дәрежесіне жатқызылған 845 объ­ек­тінің өртке қарсы жай-күйіне тексеру жүргізілді. 611 объектіде өрт қауіпсіздігі талаптарын 3 379 бұзушылық анықталды, 196 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Бұл мәселе боойынша өңір­лер­дегі ахуал жайлы Астана қала­сының әкімі Алтай Көлгінов, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхам­бетов баяндама жасады.

Премьер-министр жалпы республика бойынша өрт оқиғалары мен одан зардап шеккендер пайызы төмендегенін атап өтті. Дегенмен, Абай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау облыстарында және елордада өрт оқиғаларының саны өскен. Оның айтуынша, көп жағдайда өртке қарапайым қауіп­сіздік талаптарының бұзылуы себеп болады.

«Осыған орай, қауіпсіздік талаптарын сақтауға, өрттің алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет. Инспекциялардың өкілеттіктерін күшейту бойынша жұмыс жүргізу керек. Адамдар анықталған бұзушылықтарды жоюға және болашақта олардың алдын алуға өздері мүдделі болуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол автономды қазан­дықтарды тұрғын үйлерден қауіпсіз қашықтыққа шығару мәселесі осыған дейін бірнеше рет көтерілгеніне тоқталып, өңір әкімдері тиісті шаралар қабылдауы қажеттігіне назар аударды.

Қорытындылай келе, үкімет басшысы жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу бойынша мүд­делі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын нақты үйлестіруді қамтамасыз етуді, әлеуметтік объектілердің жұмысын ере­кше бақылауға алуды, сұйы­тылған газды сату кезінде талаптарды қатаңдату жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ халықпен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

 

АЛДАҒЫ ЖЫЛҒА 34 ЗАҢ ЖОБАСЫ ЖОСПАРЛАНҒАН

Үкімет отырысында сондай-ақ заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды. Әділет министрі Қанат Мусин келесі жылы мемлекет­тің басым міндеттерін орындауға бағытталған 34 заң жобасын әзірлеу жоспарланып отырғанын хабарлады. Атап айтқанда, қала құрылысы және бюджет кодекстері, жер қой­на­уын пайдалану, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, көші-қон, мемлекеттік сатып алу, салық салу, сондай-ақ әкімшілік әділетті, қыл­мыстық, қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік заңнаманы жетіл­діру мәселелері бойынша заң жобалары дайындалатын болады.

Бұдан бөлек, су кодексін, сон­дай-ақ тұтынушылардың құқық­тары мен аквамәдениетті қорғау бойынша жаңа редакция­дағы заң жо­баларын әзірлеу жоспарланып отыр.

Талқылау қорытындысы бойынша үкімет ұсынылған жоспар жобасын мақұлдады.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

355 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы