• Бизнес & Қоғам
  • 24 Қараша, 2022

Әрбір бала отбасында өсуі тиіс

«Қазақстанның SOS балалар ауылдары» жобасын ұйымдастырушылар балаларға отбасы шуағын сыйлап, олардың толыққанды дамуы мен қоғамға сәтті араласып кетуіне жағдай жасаумен 25 жылдан бері айналысып келеді. Осы мерзім ішінде жоба 1997 жылы 31 тәрбиеленушімен ашылған Алматыдағы бір балалар қалашығы ретінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуден бастап, бүгінде әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мен болдырмауға, бала асырап алушы отбасыларды қолдау мен сүйемелдеуге бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаларға дейін өсті.

«SOS Алматы балалар қала­шығының отбасылар мен бала­лардың әл-ауқатына қосқан әлеуметтік үлесі» атты конфе­ренцияға қатысушылар оның 25 жылдық қызметіне қоры­тынды жасады. Іс-шараға түлектер, қыз­меткерлер, құрылтай­шылар, қам­қор­шылар, серіктестер мен демеу­шілер қатысты.

Қазір SOS балалар қала­шық­тары Алматыдан өзге, Астана және Теміртауда жұмыс істейді. SOS Балалар қалашығы – бұл 16 жасқа толмаған балаларға қам­қорлық жасайтын SOS отбасылар және жасөспірімдер тәуелсіз өмірге үйренетін жастар үйлері. Австрияның Қазақстандағы елшісі доктор Вилли Кемпель конференция қатысушыларына арнаған үндеуінде Қазақстандағы балалар ауылдарының SOS басшылығы мен командасына атқарған орасан зор жұмысы үшін алғысын білдірді. 1949 жылы Австрияда мұғалім Герман Гмайнер Имст қаласында алғашқы SOS балалар ауылын ашқан еді. Қазір әлемнің 136 елінде 580 SOS балалар ауылы жұмыс істейді.

Балалар үйінен айырмашы­лығы, SOS балалар қалашығын­да тәрбиеленушілерге мейлінше отбасына жақын қамқорлық көрсетіледі. Туған бауырлар еш­қашан ажыратылмайды, био­ло­гиялық отбасымен байланыс сақталады – туыстары бала­ларға келіп тұрады. Қазақ­стандағы балалар ауылдары қызме­тінің құқықтық негізі «Отбасы үл­гі­сін­дегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы» заңымен айқындалады. «SOS балалар қалашығы» жұмысында жергілікті билік тұлғасындағы мемлекеттің қолдауы үлкен маңызға ие. Алматы әкімдігі балалар қалашығында балалар тәрбиесінің кешенді процесін қаржыландырады. «Бұл жұмыстың оң нәтиже беретіні қуантады. «SOS балалар қалашығы» – бұл балаларға бірге туған бауырлар арасында өсуге, отбасы ортасында алаңсыз балалық шағын бас­тан өткеруге берілген қадам болып табылады. Қала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бірдей бастапқы мүмкіндіктер беру үшін жеке бизнеспен ынты­мақтастыққа мүдделі. «SOS балалар қала­шығы» моделі 25 жыл бойы керемет нәтиже көрсетіп келеді», – деді Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Алматыдағы балалар қалашы­ғының 25 жылдық қызметінде 123 түлек дербес өмірге қадам басты. Олар бүгінде өз отбасын құрып, мансаптарын сәтті дамытуда. SOS балалар қалашығын ұйымдастырудағы мызғымас ұс­таным: әрбір баланың өз отбасы болуы, оның сүйіспеншілікке бөленіп, құрмет пен қауіпсіздікте өсуі тиіс. Алматының SOS балалар қалашығының 33 жастағы түлегі Әсел Рысмендиева жеке компанияда сертификаттау саласында табысты мансап құруда. Ол 8 жасында балалар қалашығына түскен соң өмірінде алғаш рет туған күнін тойлаған болатын. «Анам маған қуыршақ сатып әперген «Балалар әлемі» дүкеніне алғашқы барғаным есімде. Отбасы маған жылы үй ғана емес, қауіпсіз өмір сыйлады. Отбасы мен үшін өсіп-жетілудің және қиындықтарды жеңудің ең сенімді орнына айналды. Отбасы маған қателіктерімнен сабақ алуға және оларды қабылдауға, сүйіспеншілік пен қамқорлықта өсуге көмектесті. SOS балалар қалашығының қолдауынсыз бүгін қайда жүрерімді елестету қиын. Жер бетінде анам, әкем, бауырларым бар отбасынан артық құнды орын жоқ. Қазақстанның SOS балалар ауылдары маған отбасын сыйлаумен қоса, өзім сияқты аға-інілерім мен сіңілілерімнің тағдырына ақыл қосып, кәсіби өсуінде бағыт берудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмек­тесті. Алғысым шексіз. Әрбір бала қамқор отбасында өссе екен», – деді «SOS Алматы балалар қалашығының» түлегі Әсел Рысмендиева.

«SOS Алматы балалар қалашы­ғы­ның» директоры Валерий Дубровский бүгінгі таңда түлектердің Қазақстаннан өзге Бразилияда, Камбоджада, Польшада, Чехияда, Ресейде және Қырғызстанда тұрып, еңбек етіп жатқанын, қоғамға сәтті араласып кеткенін баяндады.

CАЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

2339 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы