• Руханият
  • 24 Қараша, 2022

Алаш ардақтысына арналған дәрісхана

Қазақтың рухани көсемі атанған Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Өткен жылғы қараша айының тоғызы күні Үкімет арнайы қаулы шығарып, аталған мерейтойды өз дәрежесінде атап өтуі үшін комиссия құрамын бекіткен болатын.

63 пункттен тұратын жоспар­ланған іс-шараға сәйкес, оның ішінде Байтұрсынұлының таң­дамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, 12 томдық ғылыми еңбегін баспадан шығару, сонымен қатар «Алаш» қозғалысына қатысушы басқа да қайраткерлердің еңбек­терін алыс жақын шетелдердің мұрағаттарынан іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу жөнінде зерттеу жұмыстары қолға алынған еді. Ұлы тұлғаның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО аясында атап өту мәселесі де ұйымның Бас конференциясында жоспарланған болатын. Елімізде ғана емес шет мемлекеттерде аталып отырған бұл айтулы күнді республикадағы орта мектептерден бастап, жоғары және арнаулы білім беру орындарында ғылыми-практикалық конференциялар, оқулар, ашық сабақтар мен тақырыптық конкурстар өткізіліп келеді.

Бұл ретте өткен жұма күні Қазақстан-Британ техника­лық университетінде Ахмет Байтұр­сынұлы атындағы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлы ғалым, ұлт қайраткері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған еліміздің ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орын­дарының ғалымдары қатыс­ты. Атаулы дәрісхана Ахмет Байтұрсынұлының ЮНЕСКО деңгейінде тойланып отырған 150 жылдық мерейтойына орай ашылып, салтанатты рәсімді аталған университеттің ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Маратбек Ғабдуллин мен Қазақстанның көр­некті ғалымдары – Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиев және Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Фаузия Оразбаевалар лентасын қиды. Университет студенттері мерейтой иесінің құрметіне арнау айтып, ақын өлеңдерін оқыса, соңғы жылдарға дейін авторын атауға тыйым салынып келген Ахаң әндері орындалды. Осыдан біраз уақыт бұрын еліміздегі техникалық жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып «Абайтану» пәнін оқу жоспарына енгізген болатын. Университет басшылығы студенттерге сапалы білім, тәлімді тәрби берумен қатар, елжандылық қасиетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы дәрісханада университет студенттері ұлт қайраткерінің ғұмырнамалық-шығармашылық жолын, халық тарихындағы орнын және еш уақытта құнын жоғалтпайтын зерттеу еңбектерімен танысты. Сонымен қатар студенттер ахметтану саласын зерттеп жүрген көрнекті ғалымдардың Ахаң мұраларына қатысты өз ой-пікірлерін тындап, қазақ кино өнерін жаңа белеске көтерген «Ахмет – Ұлт ұстазы» фильмінің режиссер- актерлерімен кездесті.

Ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырып, ұлттық журналистиканы дамытқан Алашорда үкіметінің мүшесі, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының туылған күніне орай, 2017 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан халқы тілдерінің күні 22 қыркүйектен 5 қырқүйекке ауыстырылған болатын.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

324 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы