• Отандық өнім
  • 24 Қараша, 2022

Ақ Жайықта аққайың фанері өндіріледі

Алматылық 23 жасар Еркебұлан Ерсайынов «Qazfancom» компаниясын құрып, оңтүстік астанада тіркеуден өткізді. Содан кейін заңды тұлға ретінде инвестиция іздеді. Алғашқы ұсыныс ресейлік фанер зауытынан түсті. Бірақ өндіріс орнын Алматыда емес, Орал қаласында ашуды жөн санады. Алматыдағы «Qazfancom» компаниясын бас кеңсе етіп қалдырды.

Кәсіпорынды Оралда ашуының себебін айта келіп, кәсіпкер Ресейдің Вологда облысындағы «Фанер зауыты» жауапкершілігі шектеулі қоғамы және Калуга облысындағы «Фанер комбинаты» компаниясымен серіктестік орнатқанын атап өтті. «Оралдан неге зауыт ашқанымыздың себебі түсінікті шығар. Өйткені Орал тоғыз жолдың торабында, Ресейдің бес облысымен шектеседі, көрші елге жақын орналасқан. Екіншіден, бізге инвестиция құятын серіктестерімізге ең жақын мекен. Әу бастан зауыт құрылысын салуды жөн көрмедік. Бізге өнім өндіруді бастап кеткен тиімдірек болды. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты батыс елдерінің Ресейге салған санкциялық шектеулерінен ресейлік компаниялардың жұмыстары тоқырады. Көрші елдегі көптеген кәсіпорын жабылып қалды. Соған байланысты көптеген адам жұмыссыз, табыссыз қалды. Ресейлік компаниялар фанер өндірісін Қазақстанға көшіруге мәжбүр болды. Бізге инвесторлар тарапынан дайын орында жұмысты бастап кету шарты қойылды. Қазірдің өзінде өнім өндіру жұмыстары жолға қойылды. Әлі де жалға алған аумақты ретке келтіріп, дайын өнімдер сақталатын қойма құрылысын жүргізудеміз», – деді Еркебұлан Ерсайынов.

Бүгінде жаңа кәсіпорында фанерлер өндіру үрдісі төрт ауысымда ұйымдастырылған. Өндірісте 52 жұмысшы тұрақты еңбек етуде. Олардың баршасы облыс тұрғыны – Оралдан, Зашаған кентінен, Бәйтерек ауданы Дариян ауылынан және басқа да ауылдардан қатынап, нәпақасын тауып жүргендер. Өткен қазан айында зауыт 3 мың текше метр фанер шығарды. Жалпы өндіріс ошағының қуаты айына 4,5 мың текше метр өнім өндіруге жетеді. Немесе айына 100-ге жуық фураға жүк болатын өнім өндіріледі. Шикізат Ресейдегі әріптес компаниялардан тасымалданады. Ал өндірістік жабдықтар Қытайдан сатып алынды. Тасымалдау жұмыстарына халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жергілікті көлік компаниялары тартылған. «Qazfancombatys» компаниясының фанер тақтайлары Еуропа елдеріне экспортқа шығарылады.

Ресейлік қос компания жаңа зауытқа инвестиция құйды, технологиямен бөлісті. Аталған компаниялардан білікті мамандар келіп, жергілікті өндірісшілерді үйретті. Оралдық серіктестік өкілдері Ресейге барып, тәжірибе алмасты. Шаһарда бұрын фанер өндірісі мүлдем болмады. Оралдық кәсіпорын ашылғанға дейін Семейде, Петропавл қалаларында ғана фанер өндірілді. «Алматыда болған кезімде жергілікті компаниялардың өкілдерімен кез­десіп, сөйлестім. ДВП, ДСП шыға­ра­тын құрылыс индустриясының өкілдерін өндіріс орнына шақырып, өнімімізді ұсындым. Біріншіден, еуропалықтармен салыстырғанда, олардың сұраныстарының көлемі көп емес. Екіншіден, көп жағдайда өніміміздің бағасы жағынан келісімге келу қиын болды. Өйткені біздің өніміміз сапалы әрі түрлі сұрыптарға (сорттарға) бөлінеді. Қалай десек те, өнім бағасы Қазақстан үшін қымбат. Осындай кілтипандарға байланысты жергілікті өндірісшілермен әріптестік байланыс орната алмай отырмыз. Еуропа елдерінің үй салу, жиһаз жасау мәдениеті басқа деңгейде. Фанерді аққайың ағашынан жасаймыз. Ондай табиғи материал Еуропада сұранысқа ие. Ресейде аққайың ағашы көп өседі, біздің елімізде аз», – деді Еркебұлан Маркенұлы.

Оралдан шығарылатын фанер тақтайлары экологиялық жағынан таза. Әсілі, ағаштан жасалған бұйымдардың негізгі айырмашылықтары пайдаланылатын шикізат пен өндіріс технологиясында болса керек. Қайың фанерінің технологиясына келсек, қайың ағашы суға пісіріліп, одан кейін табақ болып жайылады. Кейін желімделіп, нығыздалады. Белгілі пішінге келтіріледі, кесіледі, тегістеледі. Ол – табиғи шайырларға негізделген көп қабатты материал. Әдеттегі ағаш өңдеу саласында өнім өндірушілер өнім өндіру барысында формальдегид деп аталатын желім қолданады. Оның иісі, түсі жоқ, бірақ адам ағзасына зиян. Ал, жаңа өндіріс ошағында табиғи шайырға қоса аздаған көлемде формальдегид пайдаланылады. Мұндай өнім түрлерінің адамға, қоршаған ортаға залалы жоқ. Оралдағы кәсіпорынның ағаш өңдеу өндірісі саласындағы CARB сертификаты (Калифорния кеңесінің), ГОСТ стандарттарына сай деген сапа сертификаттары бар. «Бұған дейін басшылық қызметте болдым. Өндірісші емеспін. Маған ұсыныс жасалды. Мен де өзімнің білім-білігімді, күш-жігерімді сынап көргім келді. Негізі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетін бітірдім. Мамандығым бойынша қызмет етіп көрдім. Енді өндірісте бағымды сынап көрмекпін. Оралда бұрын-соңды болмаппын. Әзірге компанияның жалғыз құрылтайшысымын. Өндірісті инвесторлармен арадағы жасалған келісімшарт бойынша қарыз алып бастадым. Қарызға алынған қаражат есебінен жабдық жасаттым, жалға алынған орынның ақысы төленді. Аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құбырлар тартылып, өрт қауіпсіздігі құралдары орнатылды», – деп өзіне қойылған сұрақтарымызға тәптіштеп жауап берді Е.Ерсайынов.

Хакім Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» демекші, жас кәсіпкерге бизнесін дамыту жолында сәттілік тіледік.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

Батыс Қазақстан облысы

494 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы