- Ақорда & Үкімет
- 24 Қараша, 2022
Қорғаныс кәсіпорындары жекешеленбейді

Маңызды фактор – геосаяси жағдай
Қазақстандағы қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің төрт кәсіпорны 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарынан шығарылды. Бұл туралы сенатор Нұржан Нұрсипатовтың сұрауына жауап ретінде бірінші вице-премьер-министр Роман Скляр мәлімдеді.
Жуырда сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов еліміздің әскери-өнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерін көтерген болатын. «Сауда-саттыққа өткен жылдары жарғылық капиталы тек ел бюджеті есебінен толықтырылған табысты кәсіпорындар немесе компаниялар қойылады. Ал бүгінгі күні аукцион өтпеген жағдайда оларды есептік құнның жарты бағасына сатуға мүмкіндік береді. Бұл ретте алдымен оқшаулану деңгейі 50% және одан да көп болған қорғаныс кәсіпорындарын қолдау қажет», – деді ол, сенаттың жалпы отырысында депутаттық сауал жолдай отырып.
Депутат бұған дейін үкіметке ұлттық қауіпсіздік тақырыбы бойынша сауал жолдағанын, онда әскери-өнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын жекешелендіру бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ заң бұзушылықтарға әкеп соқтыратын шешімдер қабылдауға тыйым салуды белгілеуді ұсынғанын атап өтті. Осыған байланысты сенатор үкіметке жекешелендіру жоспарларын қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ өзіміздің әскери-өнеркәсіптік кешенімізді қолдау мен дамыту басым бағыты болып табылатын мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуға қатысты бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеу қажеттігін алға тартты.
Осы ретте үкімет басшысы орынбасары Роман Склярдың айтуынша, бастапқыда «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» үкімет қаулысына сәйкес «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының тоғыз активін сату көзделген. Атап айтқанда, «С. М. Киров атындағы машина жасау зауыты» АҚ, «Тыныс» АҚ, «Семей машина жасау зауыты» АҚ, «Семей инжиниринг» АҚ, «811 КИ автожөндеу зауыты» АҚ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «Мұнаймаш» АҚ, «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС, «Steel manufacturing» ЖШС туралы сөз болды.
«Алайда, қазіргі геосаяси жағдайды, қорғаныс кәсіпорындарын кластерлеу және елдің әскери қауіпсіздігін нығайту бойынша жүргізіліп жатқан саясатты ескере отырып, жекешелендіру жоспарынан компанияның төрт кәсіпорны («Семей машина жасау зауыты» АҚ, «Семей инжиниринг» АҚ, «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС, «Steel manufacturing» ЖШС) алынып тасталды», – деп хабарлады Роман Скляр.
Ол сондай-ақ «Қазақстан инжиниринг «ҰК» АҚ-тың жоғары борыштық жүктемесі мен дефолт алдындағы жай-күйі туралы айтты. Осылайша, компанияның «Қазақстан халық банкі» АҚ және «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ алдында 26,5 млрд теңге мөлшерінде берешегі бар. Бес активті сату оны қаржылық сауықтыру үшін қажет – еншілес құрылымдарды сатудан жоспарланатын қаражат берешекті өтеуге бағытталатын болады.
«Сатылатын кәсіпорындарда қару-жарақ пен әскери техника іс жүзінде өндірілмейтінін, ал елдің қорғаныс қабілетіне әсер ететін өнімдерді басқа кәсіпорындарға ауыстыру жоспарланып отырғанын атап өткен жөн», – деп түсіндірді вице-премьер.
Сондай-ақ ол қорғаныс өнеркәсібі объектілерін сату кезінде «Қазақстан инжиниринг» АҚ иелігіндегі жай акциялардың 26%-ын сақтау көзделіп отырғанын атап өтті. Айтуынша, активтерді сату кезінде мемлекет салған бюджет қаражатымен сатып алынған жабдықты пайдалануды, кәсіпорынның кірістері бойынша ағымдағы және болжамды деректерді ескере отырып, олардың құнын тәуелсіз бағалау жүргізілетін болады.
Бұдан басқа, әлеуетті сатып алушыларға қызмет бейінін, штат санын сақтауды, бар берешекті өтеуді және басқа да мәселелерді көздейтін міндетті шарттар қойылады.
Үкіметте кәсіпорындарды бәсекелестік ортаға беру қызмет түрлерімен, сатып алулармен, банктік қаржыландырумен, мемлекеттік қолдау шараларымен байланысты кедергілерден арылуға әсер етеді деп күтілуде, бұл оларға икемді болуға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және азаматтық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

7856 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *