• Қаржы
  • 24 Қараша, 2022

Ақшаның нақты құны өсуде

Ұлттық банк 26 қазанда үздіксіз өсе түскен инфляциямен күрес мақсатында базалық мөлшерлемені көтергені сол екен, бірнеше күннен соң ресми статистика оның ұлғайғаны туралы жария етті. Шындығында, сарапшылар мен талдаушылар ғана емес, тіпті парламент депутаттары да әділін айтқандай, біздің еліміздегі тұтыну бағалары өсуінің мәнінде ешқандай да монетарлық сипат жоқ.

Ал, инфляциялық таргеттеу, яғни ақша тапшылығын шектеу режимі ақшаның құнын арттыруға және кредиттердің қымбаттауына әкеп ұрындырады да, өз кезегінде бұл бизнестің шығындарын арттыра түседі. Осының салдарынан өнім мен қызмет көрсетудің өзіндік құны ұлғаяды, соның ізін ала инфляция шарықтап, тұтыну бағалары да өсе түседі.

Биылғы жылы Ұлттық банк өзінің базалық мөлшерлемесін 9,75 пайыздан 16%-ға дейін көтерген болатын. Алайда қазан айында жылдық инфляция 8,45%-дан 18,8%-ға дейін артқан. Көріп отырғанымыздай, орталық банкіміздің инфляциялық таргеттеу бөлігінде жария еткен күш-жігеріне қарамастан, іс жүзінде тұтыну бағалары өсімінің қарқыны базалық мөлшерлеме серпінінен асып түсті. Банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа өлшемделген сыйақы мөлшерлемесі де – 2021 жылғы желтоқсанда 12,2 пайыздан қыркүйекте 16,2%-ға дейін, ал жеке тұлғаларға берілген кредиттерге – 17,5 пайыздан 17,8%-ға дейін өскен.

Қазан айында жылдық өрнекте неғұрлым көбірек азық-түлік – 23,1 пайызға қымбаттады, сонымен қатар нан өнімдері мен жармаларға бағалар екпінді қарқында (32,1%-ға, соның ішінде жоғары сұрыпты бидай ұнына 44,3%-ға, бұл 2022 жылы жиналған қомақты өнім аясында тіпті қайран қалдырғандай) қымбаттаса, макарон өнімдері (41,7%), сүт өнімдері (28,2%) және құм шекер (74,3%) бағасының өсуі де бұдан жоғары болмаса, қалысар емес.

Азық-түлік емес тауарлар бір жылда 17,9 пайызға қымбаттаған. Бұл топтамада тұрғын үй жайларына қызмет көрсету және жөндеуге арналған материалдарға (22,4%), жуғыш және тазарту құралдарына (37,8%), жеке қолданыс тауарларына (33,1%) бағалар қымбаттауы инфляциялық ықпалын тигізген.

Тұрғындарға ақылы қызметтер көрсетуге бағалар жылдық өрнекте 13,5%-ға, соның ішінде тұрғын үйлерді (пәтерлер) жалдау бағасы 46,3%-ға, қоғамдық тамақтандыру саласында – 20,3%-ға, шаштараздар мен жеке қызметтер көрсетуге – 15,2%-ға, театрларға – 26,5%-ға, амбулаториялық қызметтерге – 16,2%-ға көтерілген.

Қазан айында қыркүйекпен салыстырғанда Қазақстанда тұтыну бағалары 1,6 пайызға, сонымен қатар азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтерге 1,7%-ға, ал азық-түлік тауарларына – 1,4%-ға артқан.

Бірінші топтамада жуғыш және тазарту құралдарына (5%), киім-кешекке, аяқ киімге, жеке тұтыну тауарларына, тұрмыстық тауарларға (2,1%), ыдыс-аяққа (1,9%), тоқыма бұйымдарына (1,7%), тас көмірге (2,1%) және отынға (1,7%) бағалар озық қарқынмен өскен.

Азық-түлік тауарлары арасында бағаның айлық өсім қарқыны бойынша қазанда қызанақтар (21%), қияр (14,7%), жұмыртқа (6,3%), балық және теңіз өнімдері (2,3%), нан өнімдері (2,2%), салқын­датқыш сусындар (1,9%), сыр мен ірімшік (1,8%) көш бастаған.

Ақылы қызметтер топтамасында алдыңғы қатардан қонақ үйлер қызметтері (6%), кешенді демалыс ұйымдастыру (4%), демалыс пен спорттық шаралар саласындағы қызметтер (3,3%), монша (3%), балалрды дамыту орталықтары (2,9%) мен қоғамдық тамақтандыру (2,2%) табылған (1-кесте).

Ресейде болса қазанда басқадай инфляциялық жағдай орын алды. Ресей Орталық банкі 28 қазандағы өз директорлар кеңесінің шешімі бойынша негізгі мөлшерлеме­сін бұрынғы 7,5% деңгейінде қалдырды, ондағы жылдық инфляция төмендеуін одан әрі жалғастырып, қыркүйектегі 13,7%-дан 12,6% деңгейіне дейін төмендеді. Бұл ретте осы көрсеткіштің барлық негізгі құраушылары бойынша бағалар өсуінің қарқыны Қазақстанмен салыстырғанда төмен болды. Ресейде азық-түлік тауарлары бір жылда 12,1%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 14,1%-ға, тұрғындар үшін ақылы қызметтер – 11,3%-ға қымбаттаған. Сонымен қатар онда жылдық мәнінде тауық еті 0,6%, жұмыртқа 1,6%, көкөністер мен жемістер 8,5 пайызға арзандаған.

Қыркүйекпен салыстырғанда Ресейде тұтыну бағалары қазан айында бар-жоғы 0,2%-ға өскен, соның ішінде азық-түлік тауарлары 0,3%-ға, ақылы қызметтер 0,2% артқан, ал азық-түлік емес тауарлар бұрынғы деңгейінде қалған.

Күздің екінші айында ондағы жармалар мен бұршақ тұқымдастар (2,8%), күнбағыс майы (1,7%), құмшекер (3,7%), алкагольді ішімдіктер (0,2%), электр тауарлары мен басқа да тұрмыстық тауарлар (0,7%), құрылыс материалдары (0,9%), қонақ үй қызметтері (1,0%), санаторий-сауықтыру қызметтері (2,0%), шетелдік туризм қызметтері (1,1%) арзандаған (2- кесте).

Қорытындысында Ресей мен Қазақстанда ақшалардың нақты құнының жағдайы көрші елдің бизнесі пайдасына шешілуде. Егер Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мен жылдық инфляция арасындағы қыркүйектегі айырмашылық минус 3,2% құраса, қазанда ол минус 2,8%-ды құраған. Яғни еліміздегі ақшалардың нақты құны өскен.

Ресейде де нақты түрінде ақшалар қыркүйектегі минус 6,2%-дан қазанда минус 5,1%-ға дейін қымбаттаған. Дегенмен, ондағы қарыз алушыларға бұл айтарлықтай арзанға түсуде, сөйтіп олардың ішкі нарығында қазақстандық өндірушілермен күресте қосымша артықшылық қамтамасыз етуде.

Ұлттық банктің Ақша-кредит жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 5 желтоқсан­да жарияланады. Ресей Орта­лық банкі директорлар кеңесі негізгі мөлшерлеме деңгейі туралы мәселені 16 желтоқсанға жоспарлаған. Дегенмен жылдық инфляция мен орталық банктердің қазіргі жай-күйі жылдың аяғына дейін айтарлықтай өзгере қой­майтыны белгілі болып отыр. Ең анығы, ресейлік Орталық банк инфляциялық таргеттеуді айтарлықтай тиімді жүргізіп жатса, қазақстандық Ұлттық банк тұтыну бағаларының өсімін тежей алмай отыр, деп түйіндейді 365.kz сайты (3- кесте).

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

 

513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы