• Өндірістік әлеует
  • 24 Қараша, 2022

Қазхром: Қалдықсыз өндіріске бетбұрыс

ERG құрамындағы Қазхром жауапкершілік пен әлеуметтік бағдарды бетке ұстап, алдағы төрт жылда қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруға ниетті. Экологиялық жобалар көзделген келісім компания мен Ақтөбе облысы әкімдігі арасында жасалды.

Компания міндеттемелер аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бірінші және екінші цехтарында қатты бөлшектерді толықтай тиімді тазалайтын газ тазарту құрылғыларын орнатуды, кәсіпорынның ішкі қажеттіліктері үшін электр энергиясын өндіру мақсатында қайта өңдеу электр станциясын салу арқылы балқыту цехының ферроқорытпа газын толықтай кәдеге жаратуды, санитарлық-қорғау аймағында 100 мыңнан астам көшет егуді, ферроқорытпа өндірісінде өндірілетін кенді толықтай қайта өңдеуді жоспарлап отыр.

«Қазақстанда алғаш рет ірі компания өндірілетін кенді толықтай қайта өңдеуге бет бұрып жатыр. Бұл ел экономикасы өсіміне, қосымша жұмыс орындарының ашылуына, жан-жақты мүмкіндіктердің артуына әсер етері сөзсіз. Қазхром компаниясының өңірімізге ықпалы зор. Өзге де кәсіпорындар өздері­ңізден үлгі алатынына күмәнім жоқ», – деп, облыс әкімі Ералы Тоғжанов Еуразиялық топ басшы­лығымен жасасқан келіссөздің нәтижесімен бөлісті. 

«Облыс әкімдігімен экологиялық меморандумға қол қою өндірістің экологиялық жағынан тазалығын және бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігін арттыру мәселесі топ үшін қаншалықты маңызды әрі өзекті екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр, – деді «Еуразия­лық топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов. – Кәсіпорындарымыз ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқанына қарамастан, цехтарды үнемі жаңғыртып отыруды, қоршаған ортаға жүктемені азайтып, қалдықсыз өндіріске көшуді әркез мақсат санаймыз».

Ақтөбе ферроқорытпа зауытына автоматтандырылған бақылау жүйесін қондыру және басқа да шаралар жоспарланған. Меморандум шараларын іске асыру арқылы ERG кәсіпорындары әлемдік нормативтерге сәйкес болуға ұмтылады. Өндірістік қызметтің аймақтағы қоршаған ортаға антропогендік әсерін азайтуға бағытталған шараларды жүзеге асыру өңір тұрғындары үшін аса маңызды болғандықтан, олыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Бүгінде Қазхром компаниясы ERG-дің экологиялық стратегиясы аясында жұмыс істеп, қорша­ған ортаға әсерді төмендетуге бағытталған ауқымды жобаларды тұрақты іске асырып келеді. Мысалы, санитарлық-қорғау аймағында автоматтандырылған бақылау жүйесін орнату жобасын аймақта алғаш болып Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң тау-кен байыту комбинаты жүзеге асырған. Инвестицияның жалпы көлемі 500 млн теңге. Қазіргі күні мәлімет ERG серверіне түседі, құзырлы мекемелер деректерді жалпыға қолже­тімді дереккөзге тарату мәселесін пысықтап жатыр.

Бұдан бөлек, Ақтөбе ферроқо­рыт­па зауытының кәсіпорын іске қосылғаннан бері жұмыс істеп келе жатқан бірінші, екінші балқыту цехтарын жаңғыртудың алғашқы нәтижелері де көріне бастады. «Қазхром» ТҰК» АҚ даму стратегиясын қайта қарай келе, 600 адам жұмыс істейтін ескі балқыту цехтарын жаппай, мұның орнына газтазарту жүйесін жаңарту арқылы оларды қайта құруды ұйғарған. Осылайша, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 1943 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ең алғашқы пеші – әйгілі «Комсомолка» бірінші болып жетілдірілді. 

Қазхром қалдықтарды өңдеу тұрғысында сыртқы мекемелердің қызметінен 2020 жылдан бері бас тартты. ERG-де жаңа ERG Recycling компаниясы құрыл­ды. Ол кәсіпорынның өндіріс қалдықтарымен байланысты қызметтер жиынтығын орындауға маманданған. Жылына 200 мың тонна тұрақтандырылған және қыртысталған қож қайта өңделеді. 2019 жылы басталған Ақтөбе ферроқорытпа зауыты тазартылған феррохромының қордаланған қож­дарын қайта өңдеу бойынша стратегиялық міндеттерін орындауды жалғастырып келеді. 2019 жылы – 50 мың тонна, 2020 жылы – 100 мың тоннаны қайта өңдеу мақсаты сәтті жүзеге асырылды. Өткен жылы қосымша 150 мың тонна қож қайта өңделді. Осылайша, ERG Recycling 2025 жылға дейін жылдық көлемді 500 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

Бұдан өзге, компанияда жас буынның экологиялық көзқарасын қалыптастыру шараларына ерекше көңіл бөлінген. Өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға арналған түрлі іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады. Компания Ақтөбеде қараусыз жүрген жануарларды тегін зарарсыздандыруды қаржыландырады, сондай-ақ үшінші жыл қатарынан қоқыстарды бөлек жинау жобасын жүргізіп келеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

 

1145 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы