• Аймақ тынысы
  • 24 Қараша, 2022

Жаңару бағдары ілгерілеуге жол ашады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті. Жүздесуде тұрғындар тарапынан инфрақұрылымды жақсарту, мектептердегі орын тапшылығы, жолдардың сапасы, каналдарды жөндеу, электр қуатымен қамту мәселелеріне қатысты сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды.

Айтылған мәселелердің қай-қайсысы да маңызды екенін атап өткен өңір басшысы Шардараны дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды ортаға салды. «Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелер­ді талқылау. Себебі аймақтың проблемаларын сіздер жақсы білесіздер. Шардара – облыстың оңтүстік бөлігіндегі дамып келе жатқан аудан. Әлеуеті өте жоғары. Мұнда жағажай туризмін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Шардара қаласында кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Аудан­ды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасын табатын болады. Менімен бірге құқық қорғау органдары мен департаменттер, басқармалар басшылары сіздерді тыңдау үшін түгел келіп отыр. Сұрақ, арыз-шағым, өтініштер қабылда­нады. Біз үшін әр тұрғынның өті­ніші маңызды», – деді Дархан Сатыбалды.

Ашық пікір алмасу тұрғы­сында өткен кездесуде күрделі түйткілдердің түйіні тар­қатылды. Жүзден астам тұр­ғын басшы­лармен еркін пікір алмасып, кө­кейдегі ойларын, ұсыныс­тарын жеткізе алды. Өңір басшысы әрбір ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін айтты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгінде Шардара ауданының инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 13 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Шардара ауданын орталықтандырылған газбен қамту бойынша 6 жоба іске асырылуда. Оған 3,9 млрд теңге бөлінді, келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Халықтың табысын арттыру үшін «Түркістан облысы бойынша жұмыспен қамту картасы» бекітілген. Биылдың өзінде Шардарада 897 жұмыс орнын ашу жос­парланса, қазір 832 орын ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша ауданда 9 айдың қорытындысымен 2893 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудандағы экономикалық белсенді халықтың санына қарай 423 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі мемлекеттік қолдау аясындағы жеңілдіктер арқылы өз кәсібін жүр­гізіп отырған кәсіпкерлердің тауар көрмесінде болды. Егіншілікте пайдаланатын тыңайтқыштың ерекше түрін шығарумен айналысатын шардаралық жас кәсіпкерлер бизнестерін дамыту мақсатында қолдау білдіруді сұрады. Облыс басшысы кәсіпкерлердің ұсыныстарына құлақ асып, қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Облыс басшысы «Хамит» АӨК балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Зауыттың балық өнімдерінің 90 пайызы шетелге экспортталып жатыр. Кәсіпорын мемлекеттік бағдар­ламалар арқылы жеңілдетілген несиелер алған. 250 адам жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі балық шар­уа­шылығын одан әрі дамытудың маңызды екенін айтты.

Сондай-ақ өңір басшысы Шардара қаласында салынып жатқан жедел жәрдем станциясы бар 150 орынға арналған аудандық емханаға барып, құрылыс барысымен танысты. Нысан биыл ел игілігіне беріледі.

 

МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУҒА КҮШ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында туын­даған мақта бағасына қатысты мәсе­лені шешу мақсатында аймақ әкімі Дархан Сатыбалды мақта зауытта­рының басшыларымен және диқан­дармен кездесті. Облыс басшысы шаруалардың уәжін жеткізіп, мақта бағасын шұғыл түрде белгілеу керек­тігін айтты.

Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен Жетісайда өткен алқалы жиынға облыстық мәслихат депутаттары Жарқынбек Қанаев, Нұралы Әбішов пен Тимур Қырық­ба­ев, Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек, Мақтарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, өңірдегі барлық мақта зауыттарының басшылары мен микроқаржы ұйым­дарының басшылары, аталған аудан­дардағы мақта өсіру­мен айналысатын диқандар қатысты.

Мақта шаруашылығымен айналысатын аудандарда диқандар шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді екендігі жасырын емес. Бұл мәселе жылда қайталануда. Басқосудың мақсаты – осы саладағы барлық проблеманы талқылап, қорытынды жасап мақтаның нақты бағасын белгілеу.

Шитті мақтаның зауыттарға өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді болғандықтан халықаралық Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Бүгінгі күнге халықаралық Ливерпуль биржасында орта талшықты мақта бағасының 1 келісі болжаммен 230 теңгені құрап отырғандығы айтылды.

Жиын барысында шаруалар мен мақта зауыттарының басшылары мақ­таның келісіне 250 теңгеден есеп айыруға, ал сақтауға қойған шар­уа­ларға ақпан айында сол кездегі бағамен айырмашылығын төлеу жөнінде қорытындыға келді.

Өңделген мақтаның құны шикі­затынан әлдеқайда қымбат екені белгілі. Сондықтан өңірдегі мақта кластерін, оның ішінде, қайта терең өңдеуге инвестиция тартып, саланы терең дамытуға күш сала отырып, мақта сапасы мен өнім көлемін арттыруға күш салынады. Сондай-ақ басқосуда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Ырыс» МКҰ, екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген ұзақ мерзімді үлкен көлемдегі несие беруді, несие алу жұмыстарын оңтайландыру мәселелерін қарастыру керектігі айтылды.

 

ЭНЕРГЕТИКА: АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ

Облыс әкімі Дархан Сатыбал­дының төрағалығымен өткен жиында энергетика саласын дамыту, тарифтерді қадағалау, осы саладағы инфрақұрылымды жақсарту мәсе­лелері талқыланды.

Облыс әкімі инвесторларға қо­лай­лы жағдай жасау бағытында қуат көздерін арттыру мәселесін көтерді. «Түркістан облысының тұрғындары негізінен ауылдық жерлерде тұрады. Оларды сапалы инфрақұрылым, электр қуатымен қамту – маңызды міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Сонымен бірге еркін эко­но­микалық және индустриалды аймақтарды қуаты жоғары әрі бағасы қолжетімді электрмен қамтуымыз керек. Тарифтер мәселесі де жауапты мекеме арқылы тұрақты зерделенеді», – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, өңірде энергетика саласында ауқымды жұмыстар атқарылған. Облыстағы 831 елді мекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған, қалған 16 елді мекен дербес электр қондырғыдан электр қуатын пайдалануда. Биыл электрмен қамтамасыз ету нысандарының құрылысына 13,1 млрд теңге қаралып, 40 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 8-інің құрылысы биыл аяқталып пайдалануға беріледі. Ал қалған 32 нысанның құрылысы 2023 жылы жалғасады.

2024-2025 жылдары Түркістан қаласында «Сауран», «Нұртас» қосалқы станциялары құрылысын және «Орталық» қосалқы станциясынан халықаралық әуежайға дейін электр желісін жүргізу жұмыстары жоспарланып отыр.

 

АГРАРЛЫҚ САЛАДА ӨСІМ БАР

Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев 9 айдың қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Аудан басшысының мәлімдеуінше, аудан бюджетінің өзіндік кірістері 2022 жылы 4,8 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Есепті мерзімнің жос­пары 3,6 млрд теңге болған. Яғни нақты түскені 4,1 млрд теңгені құрап, жоспар 112,5% орындалған. Ал бюджеттің шығыс бөлігі 36,3 млрд теңгеге жоспарланып, есепті мерзімнің жоспары 24,5 млрд теңге болған. Яғни 99,8%-ға игерілген. «Ауданда өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша 187 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында 104,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15,7 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ өнеркәсіп өнімі 22,8 млрд теңгені құраса, сауда бойынша көрсеткіш 44 млрд теңге болды. Ал 67,8 мың га алқапқа егін салынып, жоспар 100 пайызға орындалды. Аталған егістік алқаптарынан жалпы 658,1 мың тонна өнім жиналды. Биыл жаңадан 35,3 га жерге жылыжай салынды. Осы ретте 98,7 мың тонна өнім жиналып, нарыққа жөнелтілді», – деді Мұхит Баймұханбетұлы.

«Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы биыл өңірдегі 8437,2 гектарда жүзеге асырылып, оның Сарыағашқа тиесілі 1601,2 гектарынан жалпы 92 мың тонна өнім жиналған. Сондай-ақ 465,4 гектарға тамшылатып суару технологиясы іске асырылған.

Мал шаруашылығы саласында да оң өсім бар. Биылғы 9 айдағы көр­сет­кіш бойынша мал мен құс саны 1 100 164 басты құрады. Яғни 12079,3 тонна ет (тірі салмақта), 47468,8 тонна сүт және 88,1 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Бүгінде ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 18 мың бірлікті (115,8%-ды) құрады. Осы кәсіпкерлік нысандары арқылы 43 251 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 400 млн теңгеге 3 жоба мақұлданды. Айта кетейік, туризмді дамыту мақсатында Сарыағашта биыл 3 нысан іске қосылды. Нәтижесінде 100 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы