• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 24 Қараша, 2022

АСЫЛ МҰРАТ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Үкіметтің жұмысы негізінен экономиканы демонополизациялауға, кәсіпкерлікті ынталандыру мен азаматтардың табысын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталатын болады. Министрлер кабинетінің кезекті отырысын аша отырып, Әлихан Смайылов алдағы жеті жылдағы міндет – сайланған мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі нәтижелі іс жүзіне асыру екендігін атап өтті.

«ОСК алдын ала қорытынды­сы бойынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқын басым­дықпен жеңіске жетті. Оның кандидатурасын парламенттік партия­лар мен ірі қоғамдық ұйымдарды біріктірген халықтық коалиция ұсынған болатын. Қ.Тоқаевтың кандидатурасына Қазақстан халқы жаппай өз қолдауын білдірді», – деді премьер-министр.

Осы орайда ол барлық мем­лекеттік органдар мен ведомстволар әділетті Қазақстан құру жолында халықтың мүддесіне сай күш біріктіріп, жұмыла еңбек етуі тиістігін айтты. «Экономикадағы, әлеуметтік саладағы және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер осы сайлауалды бағдарламаның негізі болып табылады», – деді Ә.Смайылов.

 

АУЫЛДАРДА 700-ГЕ ЖУЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕ АШЫЛАДЫ

Қазақстан ауылдарында медициналық объектілер салу мен қайта жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар басталады. Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың хабарлауынша, бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам – республика халқының шамамен 41%-ы тұрады. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым қызметкерлері көмек көрсетеді. Сонымен қатар арнайы жылжымалы кешендер, медициналық пойыздар және санитарлық авиация қолданылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы әзірленді. Жоба: фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету; заманауи медициналық жаб­дықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру; ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадр­ларымен қамтамасыз ету секілді үш міндетті қамтиды.

Жобаны іске асырудың нәтижесінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скри­нингтердің, сондай-ақ ауыл тұрғынына алғашқы шұғыл, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету көзделген.

Премьер-министр ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажет екенін айтты. Осы орайда жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісі салынып, қайта жөнделеді. Сондай-ақ 12 аурухана жаңғыртылып, жаңадан 20 аудандық аурухана ашылады. Басқа да жобалар аясында, мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша медициналық объектілер салу көзделіп отыр.

«Ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық медициналық объекті ашылатын болады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуді жедел қамтамасыз етіп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, ұлттық жоба шеңберінде ауылдағы медициналық ұйымдарды денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне интеграциялау және жаңа технологияларды жаппай енгізу көзделген, бұл азаматтарға өздері тұратын өңірлерде сапалы медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы ұлттық жо­баның аса маңызды аспек­тіле­­рінің бірі – кадр тапшылығы про­блемасын шешу және ауыл­дық жердегі медицина қыз­меткер­ле­рінің біліктілік деңгейін арттыру екенін айтты.

«Өңір әкімдері ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеу­меттік мәселелерін шешуге на­зар аударуы тиіс. Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеуге мүдделі болуы керек», – деді бұл орайда.

Ол жобада көзделген барлық шаралар ауылдағы медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ететінін айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ұлттық жобадағы іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

ВЕГЕТАЦИЯЛЫҚ КЕЗЕҢГЕ АЛДЫНА АЛА ДАЙЫНДЫҚ КЕРЕК

Келесі кезекте жиында аграршыларды сумен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар пысықталды. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешенін­де су ресурстарын пайдалану жөніндегі міндеттер қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің баяндауынша, осы жылы барлық тартылған судың шамамен 11,6 км3 тұрақты суаруға жіберілді, оның 97%-ы оңтүстіктегі бес облысқа – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарына тиесілі, жалпы суару ауданы 1,61 млн га (ел бойынша 73%) болды.

Аталған кезеңде транс­шекаралық өзендер бассейн­деріндегі 5 322 су шығару құры­лыстарына жөндеу жүргізілді, 1 512 км магистральдық және шаруашылықаралық каналдарды реконструкциялау және механикалық тазарту жүзеге асырылды, суару үшін коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалану үшін 67 сорғы қондырғысы сатып алынды, 107 мың га ауданда су үнемдеу технологиялары қол­данылды.

Қазір алдағы жылғы вегета­циялық кезеңге дайындық үшін арнайы жоспар бекітілді, оның аясында алдын ала жұмыстар бас­талды.

Сонымен қатар ауыл шаруа­­шылығы министрі Ербол Қара­шөкеев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, мелиоративтік жай-күйді жақсарту мақсатында облыстардың әкімдіктері мен су шаруашылығы ұйымдарына суару және коллекторлық-кәріз жүйелерін дұрыс пайдалануды, шаю және суарудың нормалары мен мерзімдерін сақтауды, сондай-ақ суару техникасының аудандастырылған және оңтайлы элементтерін қолдануды қам­тамасыз ету ұсынылады.

Үкімет басшысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шар­уа­шылығына қажетті судың жет­кілікті болуына тікелей байланысты екенін айтып өтті. Себебі, бүгінде тұтынатын судың жартысынан көбі аграрлық секторға тиесілі.

Оған қоса, АӨК-ті сумен қамтамасыз ету су жетіспеушілігіне байланысты жыл өткен сайын қиындай түсуде. Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр: көрші елдердің аумағынан келетін суға тәуелдіміз, біздің өңірде судың аз жиналуы, каналдардағы судың шығыны жоғары, сондай-ақ суды үнемдеу технологиялары жеткіліксіз.

«Осыған қарамастан қа­былданған шаралардың нәти­жесінде биылғы вегетациялық ке­зең қалыпты жағдайда өтті. Көрші мемлекеттердің су қоймаларынан қосымша су жіберілді. Сумен қамтамасыз ету объектілерінде қажетті техникалық жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, келесі вегетациялық кезеңге арналған жоспарларды бекітудің маңызы зор», – деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр трансше­каралық сулар бойынша үкі­метаралық келісімдерді жетілдіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, каналдар мен су қоймаларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын күшейту, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын және жалпы суды цифрлық есепке алуды енгізуді ынталандыру керек екенін айтты.

«Атап айтқанда, суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру үшін жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын қолдану тәжірибесін кеңейту қажет. Сондай-ақ коллекторлық-дренаждық жүйелер арқылы суды қайта пайдалану технологияларын көбірек қолдану керек», – деді Әлихан Смайылов.

Сөз соңында үкімет басшысы жалпы өңірлерді қажетті судың көлемімен қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысын үйлестіру қажет екенін атап өтті.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

723 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы