- Президенттік сайлау – уақыт талабы
- 24 Қараша, 2022
ЕЛ ҮМІТІН ҮКІЛЕП…

Болашаққа бағдар жасап, келешекке көз жіберетін, қолдағы барды безбендеп, таразыға тартатын сындарлы шаққа аяқ бастық. Сынаптай сырғыған зымыран заман керуенінен кешеуілдемей, алға ұмтылған іргелі жұрттармен иық теңестіру қажет. Қазіргі күннің тегеурінді талабы мен талғамы, міне, осыған саяды.
Бұл ретте биікке беттеген ұлыс көші тоқтаусыз ілгері басуы үшін баянды бағыт айқындалып, толымды мақсат пен байыпты меже сарапталынуы, саралануы тиіс. Абыроймен аяқталып, ел үмітін үкілеген сайлау, міне, осындай ойларға жетелейді.
Өйткені алдымызда жекелеген өлке мен өңірдің ғана емес, бүкіл Еуразия аймағының ертеңі сынға түсетін тағдырлы да тарихи кезеңдер тұр. Бұл үшін әлемде қалыптасып отырған жағдайларға байланысты мемлекет пен қоғам алдындағы белестер белгіленіп, азаматтық қауымдастыққа жүктелер жаңа міндеттер нақтылануы тиіс. Бұл орайда сыртқы ықпалдар әсеріне және жаһандық сын-қатерлерге жол бермей, даму қарқынын сақтау, әрі қарай өсуге қажетті жағдай жасау, саяси тұғырнамаларды тіктеп, экономикалық ілгерілеу қадамдарын алға ұластыру қажет етіледі. Тынымсыз ізденіп, ұдайы ілгері ұмтылу дәуір дәргейінен туындайтындықтан, бөгесіндер мен іркілістерге қарамастан, бағдарды берік ұстанған жөн.
Ең маңыздысы – әр азаматтың игілігі, елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Ал, мақсаты биік рухани ұстанымдар ел іргесін бекітпек. Осы ретте сайлауалды бағдарламасын таныстыру барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ортаға тастаған «Бәріміз халық алдында жауаптымыз. Бұл – біздің бірегей мүмкіндігіміз. Түбегейлі өзгерістер мен батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Енді басқа мүмкіндік болмайды. Біз елімізді дамытудың және ілгерілетудің даңғыл жолына шығарып, Әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз», деген пайымды пікірдің ақиқаттығын өмір шындығы әйгілеп отырғандығын атап өткеніміз абзал. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көріп жатқан жұртшылық пікірлері куә. Мәселен, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Жібек Камали облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ойын былай түйіндейді: «Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі Қоғам» атты Жолдауында нақты реформалар бағдарын анықтап берді. Бұл – ел тарихындағы ұлы өзгерістер бастауы. Қазіргі жағдайға назар салсақ, саяси тұрғыдан да, экономикалық өсу жағынан да біршама өзгеріс бар. Бұл сол алға басатын жаңа қадамның алғышарты деп білемін. Мемлекет басшысының да сайлауға қатысты міндеттеген заңнамалары сол жаңа лепке ұштасып отыр. Жалпы, Президент тарапынан жасалған қадамдардың бәрі – халық игілігі үшін. Биылғы Жолдауда Қазақстан халқының әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту үшін қабылдануы керек нақты шаралар атап көрсетілді. Депутат ретінде халық тұрмысымен етене жақын жандардың бірімін. Ел экономикасының дамуы қашанда қарапайым тұрғындардың әл-ауқатының өсуінен көрінеді. Ал, тұрғындардың әлеуеті ең әуелі олардың табыс көлемінің артуына байланысты екені анық. Жолдау жүктеген міндетке сай алдағы уақытта бұл мәселе де біржақты болуы тиіс. Қысқасы, сайлаудан күтеріміз – заманауи үдеріс».
Сондай-ақ Қарқаралы ауданы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығына қарасты конфессияаралық қатынастар мәселелерін талдау-зерттеу секторының меңгерушісі Амантай Хасеновтың пікірі назар аударуға тұрарлық. «Елдің бүкіл жауапкершілігін бір кісінің қолына берген дұрыс. Әрі әлемдегі геосаяси ахуалды назарға алатын болсақ, тұрақтылық негізгі мақсат болуы қажет. Ал, еліміздегі тұрақтылық Президенттің 7 жылдық өкілеттігінде жатыр. Мәселен, Президентті бір рет сайлау тәжірибесі Израиль, Мексика елдерінде бар. Демек Президентті бір рет сайлаудың тиімділігі жоғары, ол республиканың даму стратегиясына оң әсерін тигізеді. Бұл – елдің демократиялық жаңаруының символы. Бұл – суперпрезиденттік басқару жүйесінен түбегейлі арылуға жол ашатын саяси үрдіс... Бұл сайлаудың бір ерекшелігі жариялылығында, әрі президенттікке үміткерлердің қарасы да қалың болуы заңдылық. Елімізде білімді, көзі ашық, ұлтжанды азаматтар бар. Мәселе билік басына ұмтылуда емес, саяси салмақта. Президент өкілеттігінің мерзімін ұзартып, бір-ақ рет қана сайлануды ұсынуының астарында өткен тарих пен келер болашақ алдындағы зор жауапкершілік жатыр» //ortalyq.kz/.
Додалы дүбір мәреге жеткеннен бері дуалы ауыз саясаткерлер, ғылым және өнер тарландары өз ойларын ортаға салуда. Солардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Абдуалиев El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісімен болған әңгімесінде «жаңа Қазақстанның ұстанымына қарай әділетті сайлау өтті. Жаңа реформалар бойынша өткен дауыс беру уақытында әрбір азамат өзіне артылған жауапкершілікті сезіне білді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бергендердің 80 пайыздан астамы елдің болашағына үлкен үмітпен қарайтын жандар. Бұл арқылы Президенттің сайлауалды жасаған бағдарламасымен танысып білгендер, енгізілер өзгерістерге оң қарайтындарын жеткізді деуге болады», деп атап өтті. Ал, Аманат партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов болса «болашағымыз әрқайсымызға байланысты және біз осы артылған сенімнің үдесінен шығуымыз керек», деген пікірде //kaz.elorda.info/.
Енді осы ойларды таратып айтсақ, оның түйіні еліміздің басты құндылығы болып табылатын адами әлеуетке қатысты екендігін байқаймыз. Сондықтан да президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беруге баса назар аударып отыр. Бұл орайда қордаланып қалған әлеуметтік түйткілдерді тарқатуға баса назар аударылады. Мәселен, ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылданды. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Зейнетақы жүйесі де қайта жаңғыртылады. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Сондай-ақ әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылмақ. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясы әзірленіп, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізіледі. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы беру мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді. Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ. 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын-ала жасалады. Жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жас жұмысқа орналастырылады. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл, сондықтан да көп болып кірісер тірліктің ең бастысы экономикалық даму серпінін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл орайда шағын және орта кәсіпорындардың дамуына серпін берген маңызды. Осы арқылы жұмыс орындарын көбейтіп, халықтың еңбекпен барынша қамтылуына қол жеткізу арқылы жоғарыда баяндалған межелерді бағындыруға болады. Таяу болашақта тындырылар толайым тірліктің жан-жақты ойластырылған жоба-жоспарын жасап, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстану қажет, тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылу керек. Міне, сонда ғана ұлт көшінің іркіліссіз ілгерілеуіне жол аша аламыз.
ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

703 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *