• Өндіріс өрісі
  • 01 Желтоқсан, 2022

Уранға бай ел

Еліміздегі атом энергетикасының негізгі көзі саналатын уран өндірісі әлемде көшбасшылық танытып, барланған уран қоры жөнінен Қазақстан дүниежүзі бойынша Австралиядан кейінгі екінші орында тұр.

 Үстіміздегі жылғы қараша айы­ның 24-26 күндері аралығында Алматыдағы Қазақстан-Британ техни­калық университеті алаңы­нында «Қазатомөнеркәсіп» ұлт­тық атом компаниясы» акцио­нерлік қоғамының 25 жылдығына және осы кәсіпорынға еншілес «Жоғары технологиялар институты» жауапкершілік шектеулі серіктестігінің 20 жылды­ғына арналған «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» тақырыбында Х халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті.

Оған атом саласындағы жетекші кәсіпорындар мен компаниялардың бесжүзге жуық әлемнің әр түпкірінен ғалымдар мен мамандар, оның ішінде жүзге тартасы онлайн режимінде қатысты.

Аталған конференцияның мақсаты – халықаралық ғылыми қоғам­дас­тыққа, озық материалдарды, техника мен жабдықтарды әзірлеушілер мен өндірушілерге Қазақстанның және басқа да елдердің атом саласы кәсіпорын­дарын дамытудағы өзекті ғылыми-технологиялық міндеттерді талқылқылап, оларды шешу жолдарын қарастырды.

«Осы жылдар аралығында Қаз­атомөнеркәсіп Қазақстанның тек қана бейбіт атомды дамыту жөніндегі саясатын ұстана отырып, атом энергетикасын, білім беруді, ғылымды және өндірісті қауіпсіз дамыту саласын­дағы ынтымақтастықты әлемнің түрлі елдеріндегі серіктестермен бірге қолдап келеді. Конференцияда қам­тылатын мәселелердің кең ауқымы мен қатысушылардың жоғары деңгейі Қазақстан мен басқа елдер үшін стратегиялық маңызды сала ретінде әлемдік уран индустриясындағы маңызды оқиға екендігін», – атап өтті бас­қарма төрағасы Ержан Мұқанов. Қазіргі таңда ұлттық атом компаниясы бәсекелестік артықшылықтарды қамтамасыз ету мен саладағы ғылыми-техноло­гиялық көшбасшылыққа қол жет­кізу мақсатында өндірістік процеске озық технологияларды және инновациялық шешімдерді енгізе отырып, ғылыми әзірлемелерді белсенді жүргізіп келе жатқандығын айтуға болады. Конференцияда «Геология, геотехнология және тау-кен дайындау жұмыстары», «Уран өндіру және қайта өңдеу технологиясы», «Реакторға дейінгі ядролық-отын циклінің – конверсия, ядролық отын өндірісі технологиялары мен өзекті мәселелері», «Сирек жер металдарын және олардың негізіндегі жоғары технологиялық өнімдерді өндірудің ресурстары мен тиімді технологиялары», «Атом саласы кәсіпорындардың қауіпсіз жұмыс істеуі және техноген­дік қалдықтарды басқару», «Тұрақты даму мәселелері (ESG), атом сала­сының жұмыс істеуінің құқықтық, макроэкономикалық және білім беру аспектілері», «Цифрландыру, автоматтандыру және атом саласындағы роботтандыру» сияқты жеті негізгі сек­цияда атом саласының өзекті мәсе­лелері қаралды. Әсіресе, ғылыми-технологиялық және инновация­лық даму Қазатомөнеркәсіптің стратегиялық басымдықтарының бірі десек, оны іске асыруда және атом холдингі қызметінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарып отыр. Бұл кәсіпорын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлетіндігін айтсақ,осы негізде өткен жылдың қорытындысы бойынша атом холдингінің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласындағы жобаларды іске асыруға салған инвестиция сомасы 3,24 млрд теңгені құрап, компания зияткерлік меншік объектілеріне 15 қорғау құжаттарын алған. Сонымен қатар өз қызметкерлерін өнертабыстық ұсыныстар беру тетіктері арқылы инновациялық қызметке тартып қана қоймай, осының негізінде өткен жылы атом холдингінің қызметкерлері 2277 өнертапқыштық ұсыныс берген. Бұл өндірісте енгізілген өнертабыстық ұсыныстарды пайдалану жиынтығы 1,34 млрд теңгені құрады.

Конференцияның бірінші күні Қазатомөнеркәсіп Paul Scherrer Institute Швейцариядағы жаратылыстану және техникалық ғылымдар­дың көпсалалы федералды ғылыми-зерттеу институты және Қазақстан-Британ техникалық университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл құжаттар ғылыми-зерттеу жұмыстары, инновациялық технологиялар мен әзірлемелер трансферті және атом саласы үшін ғылыми кадрлар даярлау саласындағы бірлескен қызмет бағыттарын дамытуға арнал­ған. Қазатомөнеркәсіп осындай халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларды 2000 -шы жылдан бері екі жылда бір рет өткізіп келеді. Осы екі күндік іс-шараға Ресей, Франция, Канада, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Австралия, АҚШ, Украина, Өзбек­стан және Орталық Азияның басқа да елдерінен қатысқан атом саласы, сирек металл өнеркәсібі кә­сіпорындарының, ғылыми ұйым­дар мен компаниялардың ғалым­дары және жетекші мамандары уран мәсе­лесіне байланысты өз ойларын білдірді.

 Осыдан біраз бұрын аталған кәсіпорынның коммерциялық жұмыстар жөніндегі бас директоры Асқар Батырбаев Ресейде өткен «АТОМЭКСПО-2022» тақы­ры­бындағы халықаралық форум­ға қатысып, Қазақстан ураны эколо­гиялық тұрғыда таза технологиямен өндіріліп жатқанын атап өткен болатын. Уранға деген сұранысты одан әрі арттыруда, көптеген реактордың құрылысы жоспарланғанын ескерсек, компания соңғы 10 жылда ең ірі өндіруші болып есептеледі. Сонымен қатар ол, «Экологиялық тұрғыдан ең таза технология қолданып, жер­асты ұңғымасында шаю тәсілі іске асырылып жатқандығын және елдегі барланған уранның қоры туралы мәлімет келтіріп, қазірігі таңда Қазақстанға әлемдегі уранның 12 пайызы тиесілі.Бұл көрсеткіш бойынша ол әлемде екінші орында. Барланған уранның көлемі - 625 мың тонна, ал жалпы қор – шамамен 785 мың тоннадай. Бүгінгідей өндіріс қарқыны сақталса, бұл қор уран өндірісінің көлемін 2021 жылғы деңгейде 30 жыл бойы сақтап тұруға жетеді. Уранды электр энергиясын генерациялау үшін алатын энергетикалық компаниялардың сұранысы мен ұсынысын есепке алсақ, біз көбіне атом стансаларының иелері мен операторларына қарайлаймыз. Олардың жағдайы бірқалыпты болуы үшін жаңа кеніштерді дайындап, әзірлейміз», – деген болатын. Сонымен бірге елде жаңа уран кеніштері ашылуы үшін қандай алғышарттар керек екенін түсіндірді. «Біз жаңа кеніштерді сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімді негізге ала отырып ашамыз. Сондай-ақ «ҚазАтомӨнеркәсіп» өз акционерлеріне келісімшарт порт­фелінде міндетті түрде көрі­ніс табатындай қосымша құндылық бар екенін көрсе, жаңа кеніштер ашады. Яғни бізде уран өндірісінің көлемін арттыру туралы келісімшарт қарастырылғаннан кейін соның негізінде өнді­рісті азайтамыз немесе көбейтеміз», –деді ол. Сонымен, Сочидегі Сириус ғылым және өнер саябағын­да жаһандық атом өнеркәсібінің – ATOMEXPO-2022 халықаралық форумда ядролық технологиялар негізіндегі инновациялық дамудың өзекті мәселелері талқыланып, мемлекеттік органдардың, жаһандық атом өнеркәсібінің ірі жеткізушілері мен компанияларының, қоғамдық ұйымдардың және халықаралық сарапшылардың бас қосқан үлкен іс-шара екендігін айтуға болады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – уран, сирек металдар, атом электр станцияларына арналған ядролық отын импорты мен экспорты бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. 2009 жылдан бері Қазақстан табиғи уран өндіру жөніндегі әлемдік көшбасшы.
Ұлттық атом компаниясының активтері геологиялық барлау, уран өндіру, ядролық отын тізбегі өнімдерін өндіруден бастап, ғылым, әлеуметтік қамтамасыз ету және маман даярлауға дейінгі түпкі өнім өндіру тізбегіне қатысатын кәсіпорындар кешенін қамтиды. Компания 2021 жылы әлемдік бастапқы уран өндірудің жиынтық көлемінің шамамен 24%-ы мөлшеріндегі қатысу үлесіне парапар табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Бүгінде Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеруде. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар еліміздің аумағында орналасқан. Уран өндіру кезінде денсаулық сақтауды, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды бақылаудың озық практикалары мен құралдарына (ISO 45001 және ISO 14001 сертификатталған) ерекше назар аудара отырып, жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясын қолданады.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

871 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы