• Өндіріс өрісі
  • 08 Желтоқсан, 2022

БАРШАҒА ӘЙГІЛІ БАЛҚАШ МЫСЫ

1938 жылдың 24 қарашасы еліміздің металлургия саласындағы айшықты оқиға – алғашқы қара мыс алынған күн ретінде есте қалады. Осы маңызды сәттен Балқаш мыс балқыту зауытының үлкен тарихы басталды.

1928 жылы ленинградтық геолог Михаил Русаков бастаған экспедиция нәтижесінде Қоңырат шоқыларында қуатты кен қоры бар екені расталды. Бір жылдан кейін кешенді экспедиция Қоңыратты жан-жақты барлауды бастады және оның нәтижелері кен орнын кеніштегі мыс қоры бойынша елдегі алғашқы орындардың біріне айналдырды.

Осы жаңалықтан Балқаш көлінің жағасында мыс алыбының кезең-кезеңімен құрылысы басталды. Ал бірнеше жылдан кейін, 1938 жылғы 24 қарашаға қараған түні инженер Бакурадзенің ауысымы құрамында 96% таза металл бар 45 тонна алғашқы балқаш мысын алды. Уақыт өте келе Балқаш тау-кен металлургия комбинаты әлемге әйгілі болды. 1967 жылы өнім Лондон түсті металдар биржасында сапа стандарты ретінде танылды. Сонымен қатар кәсіпорында кен өндіруден бастап соңғы өнім – катодты мысқа дейін өндірістің толық циклы енгізілді.

Бір қызығы, Балқаш мыс балқыту зауытының бүкіл өмірінде барлығы қанша мыс өндірілгенін ешкім есептемеген. Дегенмен, оның көлемі Балқаш-Берлин-Балқаш пойызының екі жаққа созылып жатқан тауарлық құрамына сыятындай ауқымға жетуі мүмкін екендігі туралы мәлімет­тер бар. Сондай-ақ зауыт пайдала­нуға берілген сәттен бастап мыс электролизі цехының жұмысы есепке алынуда. Осылайша, 1952 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін цехта 12 млн 983 мың 981 тонна катодты мыс өндірілді.

Осы цехтың іске қосылуымен жергілікті металлургтер катодты мыс өндірісін жан-жақты игере бастады. Жалпы, Балқаш металлургия тарихында бірнеше маңызды кезеңдерді атап өтуге болады. Мысалы, 1985 жылы ПВ-1 балқыту агрегаты салынды. 1997-1998 жылдары тағы бір айрықша жаңалық – қымбат металдар цехы салынып, іске қосылды. Сол секілді, 1999-2003 жылдары мырыш зауытының құрылысы жүріп, іске қосылды. Ал 2004 жылы ПВ-2 балқыту агрегаты қондырылды. 2008 жылы күкірт ангидридінен күкірт қышқылын өндіру цехы пайдалануға берілсе, бір жылдан кейін Балқаш және Жезқазған қалаларын қамтитын металлургиялық кешен құрылды. 2010 жылы Балқаш металлургтері шығаратын құйма күміс «Good Delivery» («сенімді жеткізу») халықаралық мәртебесіне ие болды, ол тамаша сападағы стандартты құймалар, қымбат бағалы металдың жоғары сынамасы және беделді аккредиттелген өндірушінің таңбасымен берілді. 2012 жылы металлургиялық кешен базасында «Қазақмыс» құрылымындағы жеке бизнес-бірлік ретінде «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС өз қызметін бастады. Бөлімше құрамына Балқаш мыс балқыту зауыты, Жезқазған мыс балқыту зауыты, «Қазқат» зауыты, мыс және эмаль құбырларын өндіру цехы және оттегі өндіру кәсіпорны кіргізілді.

Осылайша, 84 жыл бойы Бал­қаш металлургтері еңбек вахтасын қалтқысыз атқарып келеді. Осы жылдар ішінде БМЗ гүлдеу де, тоқырау да кезеңдерін бастан өткерді. Әсіресе, өнеркәсіптің жалпы құлдырауы әсер еткен 90-шы жылдар мыс алыбы мен жалпы комбинат үшін өте қиын кезең болды. Бірақ Балқаш металлургтері барлық сынақтарға төтеп беріп, бірегей өндіріс пен кәсіпорынның өзін сақтай алды. Мыңдаған металлургтер ұжымы ерен еңбектің, мамандық пен кә­сіпорынға адалдықтың арқасында тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділікке қол жеткізді. Осы жылдар ішінде Балқаш мыс балқыту зауытының «отты лавасы» арқылы бүкіл Қазақстанның зауыты мен металлургия саласының қалыптасуы мен дамуында маңызды рөл атқарған тамаша жұмысшылар, инженер­лік-техникалық қызметкерлер мен басшылардың тұтас бір тобы өтті. Олардың еңбегі мен терең білімінің арқасында балқаш мысы әлемдік нарықта даңққа ие болды. Ондаған жылдар өткен соң Балқаштың мыс ағыны мен мыс балқыту зауыты құрғамай, «Қазақмыс» пен Қазақстанның ең көне кәсіпорны болып қалды. Өндіріс ошағы қазіргі уақытта да тұрақты жұмыс істеп, қуатты қарқынын бәсеңдетпей келеді. Бүгінде де онда күн сайын экономиканың дамуына үлес қосатын жоғары санатты мамандар мен топ-менеджерлер жұмыс істейді. Өндірістік көрсеткіштерді арттырудағы жалпы жетістіктерімен қоса, металлургтер өндірістегі қауіпсіз еңбек туралы да ұмытпайды. Еңбек қауіпсіздігі, жұмыс орнындағы тәртіптің жоғары стандарттарына бейілділік сақталғанда ғана металлургтер өз еңбегінің нәтижелерінен қанағат алады, бұл өз кезегінде барлық өсу жобаларының сапалы дамуын қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда «Қазақмыс Смэлтинг» Балқаш мыс балқыту зауыты – Қарағанды облысының тұрақты жұмыс істейтін, негізгі қала құраушы кәсіпорны болып қалуда және онда шығарылатын мыс, күміс және алтын Қазақстан экономикасының, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің экспорттық секторында берік орын ала бермек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

659 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы