• Білім & Ғылым
  • 08 Желтоқсан, 2022

ОҢТҮСТІК – ИГІ ІСТЕР ОРТАСЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының өзекті мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Өңір басшысы балабақшалардың талапқа сай болуын қатаң қадағалау, тиімді қаржыландырылуын бақылау қажет екенін ерекше тілге тиек етті.

БАЛАБАҚШАЛАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ  ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАНАДЫ

Арнайы мониторинг барысы көптеген балабақшалардың бала санына сай мемлекеттік тапсырыс алып отырғанымен, тексеру нәтижесінде сол бөлін­ген қаржыға сай бала жоқ екені анықталған. Екінші­ден, бірқатар балабақшалар санитарлық және басқа да талаптарға сай емес. Тексеру қорытындысы облыс әкі­міне баяндалды.

«Жағдайы жасалмаған ғима­рат­тарда өскен бала не көреді? Қандай тәрбие алады? Ол тәрбие мен білім алатын орын ғой. Егер де балабақша иелерінің өзі осындай жағдайға жеткізіп отырса, олар балалардың жағдайын ойлап отыр дей алмаймыз. Біз осыған тосқауыл қоюымыз керек. Қажет болса, құқық қорғау органдары кемшіліктерді анықтап, заң аясында шара көруі тиіс», – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға осы саладағы олқы­лықтарды жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.

2021 жылдың қараша-жел­тоқсан айларында облыс әкімі аппараты мен басқармалары және Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы­мен ар­найы жұмысшы топ құры­лып, 17 аудан, қалалардағы мем­лекеттік тапсырыс берілген 1393 балабақ­шаға (154 214 балаға) мони­то­ринг жұмысы жүргізілген. Оның 268-і – мемлекеттік, 1012-сі – же­ке­мен­шік. Жүргізілген мони­торинг барысында өрескел заң бұзушылықтар анықталған.

Мәселен, Төлеби ауданы бойынша 6 жекеменшік бала­бақшада 80%-ы балалар тек құжат жүзінде ғана тіркелген, ата-ана өтініштерінің 90% бірдей қолжазбамен толтырылған. Барлық аудан, қалалардағы жекеменшік балабақшаларда бұзушылықтар біркелкі. Атап айтқанда, балабақ­ша ғимаратымен жатын және ойын бөлмелерінің санитарлық талаптарға сәйкес келмеуі; құжат­та көрсетілген төсек орындармен нақты төсек орындарының сәйкес келмеуі; басқа облыс­тар мен қалалардың балаларын тіркеуі; жолдамада көрсетілген ата-аналар мүлдем басқа адамдар болуы; көптеген жекеменшік балабақшаларда – 40, 50%-ға дейін, кейбір балабақшаларда тізімдегі балалардың 80%-ның жоқтығы анықталды. Жылу жүйелері қалыпты жағдайдан төмен, қауіпсіздік шаралары сақталмай ирандық пешпен жылытылатындары бар. Автокөлік гаражын бала­бақшаның қосымша корпусына айналдыру дерегі де тіркелген. Балабақшада киім шешінетін орын 1 балаға кемінде 0,7 шаршы метр, ойын бөлмесі 1 балаға кемінде 2 шаршы метр болуы тиіс. Бұл талаптар көп жерде орындалмаған.

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, 2021 жылғы желтоқсан және 2022 жылғы қаңтар, наурыз айларында мониторинг нәти­жесінде 1-6 жас аралығындағы 155 810 баланың нақты 152 845-сі балабақшада бар екені анықталды. 2965 бала қысқартылған. Бұрын­ғы кемшіліктерді қайталамау мақсатында мемлекеттік тапсырыс қаражатын «SmartNation Balabaqsha» порталында қаулыда көрсетілген тарифтеумен реттеп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту қарастырылды. Бұған қосымша осы портал арқылы баланың балабақшаға келіп-кетуі QR арқылы растаудың пилоттық жобасы енгізілуде.

3-6 жастағы балаларға мемлекеттік тапсырыс алып отырған балабақшалар тізбесі нақтыланады. Балабақшалар министрлік бекіткен жаңа талаптарға сай болуы қажет. Қағи­даға сәйкес балалар үшін жайлы жағдайларды қамтамасыз еткен балабақшаларға ғана мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қауіпсіздік талаптары бұрынғыдан да күшейген. Қоршаулар, резервтік, үздіксіз электрмен жабдықтау жүйелері, бейнебақылау, дабыл түймесі болуы қажет.

Мәжілісте облыстық прокуратура мен өзге де құзырлы органдар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және басқа да мекеме басшылары мен өкілдерінің пікірлері, ұсыныстары тыңдалды.

Облыс әкімі тарапынан бала­бақшаларға бөлінген қаржыны өз мақсатында әділ жұмсау, балабақша иелерінің жауапкершілігін арттыру, балаларға жайлы жағдай жасау, жалақы қарызы мәселесінің алдын алу, қаржыны қадағалау жөнінде тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді. Заңсыздықты анықтап, тиісті шара қолдану үшін барлық жауапты сала өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылады.

АГРОСЕКТОРДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген бастаған ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Тамабек Әбілхайыр, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев және аталған министрліктердің өкілдері мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағанбетов шаруа қожалықтары төрағаларымен бас қосты.

Кездесу барысында аталған саладағы өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Тарқатып айтсақ, аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көкейінде жүрген ағын су, жайылым жердің аздығы, мемлекеттен жеңілдетілген несие алу, жаңа жұмыс орындарын ашу, әр округтен көкөніс қоймаларын салу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, субсидия мен тыңайтқыш мәселесі айтылды.

Жауапты министрлік, комитет өкілдері және Парламент депутаты шаруалар көтерген әрбір мәселе назарға алынатынын, тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізіп, сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар Ержан Құдайберген бүгінгі таңда Парламент қабырғасында ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету бойынша қабылданғалы жатқан заң жобаларымен бөлісті.

ШАРДАРАДА ТІГІН ЦЕХЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды халықтың әлеуметтік осал топтары және жас­тар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы олардың әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша тиісті мекемелерге тапсырма берген болатын. Бұл бағытта көршілес елмен тәжірибе алмасу жұмыстары да жүріп жатыр. Осы тапсырмаға сәйкес, Шардара ауданында пилоттық жоба ретінде әлеуметтік осал топтағы, аз қамтамасыз етiлген отбасыларды, көпбалалы отбасыларды, 29 жасқа дейiнгi жастарды және 55-тен асқан зейнет жасына дейінгі адамдарды кәсіби оқытып, жұмыспен қамту мақсатында Алатау батыр ауылдық округiнен «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 50 адамды жұмыспен қамтитын тігін цехын ашты.

Өндіріс орнының ашылу салтанатына арнайы барған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай цехтың жұмысымен танысып, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ өндіріс басшылығына алғыс хат тапсырды. «Шебер» тігін цехының басшысы Омар Әсенұлы өз қолдауын білдірген аудан басшысына алғысын айтып, өндіріс орнына 200-ден астам адамды жұмысқа тартуға ниетті екенін атап өтті.

Алдағы уақытта цехты кеңейтіп, құрылысын салуға 200 млн. теңге және цехтың құрал-жабдықтарын қамтамасыз етуге 150 млн. теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Сондай-ақ 2023 жылы тігін цехының негiзiнде тігін кластерін ұйымдастыру көзделіп отыр. Оған қоса «Ауыл аманаты» бағдарла­масы аясында 2,5 пайыздық шағын несиемен және 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарды беру арқылы 190 адамды жұмыспен қамту межеленген.

Бұдан бөлек, Жаушықұм ауылдық округінен құс өсіру бағытында аз қамтамасыз етiлген отбасыларды, көпбалалы отбасыларды, 29 жасқа дейінгі жас­тарды және елу бес жастан асқан зейнет жасына дейiнгi 55 адамды кәсіби оқытып, жұмыспен қамту жоспарланған.

«Өндіріс орны аяқ киім, киім-кешек және тапсырысқа сәйкес кез келген тауарды тігумен айналысады. Қазақстан бойынша көптеген облыстарды арнайы әскери киім-кешекпен қамтып отырмыз. Бізге Түркия елінен тәжірибелі мамандар келіп, тәжірибе алмасуда. Қазір жұмыспен қамтылып жатқан жаңа тігіншілерді оқытып, тәжірибелі маманға айналуына да ықпал жа­сау­дамыз. Алдағы уақытта Шардара ауданының бірнеше жерінен цех ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Омар Әсенұлы.

Сонымен қатар бүгінде Шардара ауданында 5 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындар 420 адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, зауыттар жылына 5 600 тонна балық өнімдерін өңдеп, 5,5 млрд. теңгенің өнімін экспорттайды.

Сондай-ақ, балық өндірісі бойынша сырттан тасымалданатын шикізатқа тәуелділікті азайту, өнімділікті артыру мақсатында биыл құны 380 млн. теңгені құ­райтын 5 жоба жүзеге асқан. 2023 жылы жылына 1 700 тонна балық өнімдерін өндіретін 13 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жоба құны – 1 млрд 710 млн. теңге.

«Биылғы 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 12 млрд. 196,6 млн. теңгеге жетті. Ал өңірге тартылған инвестиция көлемі 18 млрд. 178,8 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 26,1%-ға өсіп отыр. Сондай-ақ, Шардара ауданында есепті кезеңде 56 млрд 828 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді», – деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Инфрақұрылыммен жаб­дықтау бойынша аудандағы 25 елді мекеннің 10-ы және Шардара қаласының 3 шағын ауданы, яғни аудан тұр­ғындарының 55,4%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2023 жылы тұрғындарын табиғи газбен толық қамту жоспарланып отыр.

Автомобиль жолдары саласында биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, Шардара қаласындағы 21,2 шақырымды құрайтын 29 көшеге орта жөндеу және тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі жыл соңына дейін 76,9%-ға жетпек.

САЙРАМДАҒЫ СЕРПІНДІ ДАМУ

Сайрам ауданының агро­өнеркәсіп саласында биылғы жылдые 10 айында 108 млрд теңгеден астам өнім өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артқан. Биыл «Ауыл шар­уашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған» «АLTYN KÚZ – 2022» салтанатты мерекесінде Сайрам ауданы агроөнеркәсіп кешенін даму көрсеткіштерін орындау бойынша облыста көш бастаған болатын.

«Жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 10 айда 202 млрд теңгеге жетті. Жалпы өнімнің 53%-ы – ауыл шаруашылығы саласына тиесілі болса, 24%-ы – өнеркәсіп саласының, ал 5,8%-ы – құрылыс саласының үлесінде. «Бір жерден бір жылда екі рет өнім алу» жобасы биыл 306,2 гектарға жетті. Өңдеу өнеркәсібі саласында 41 млрд теңгенің өнімі шығарылып, облыс бойынша аудан 2-орында», – деді аудан басшысы Ұласбек Сәдібеков.

Аудан экономикасына жыл басынан 32,9 млрд теңгеге инвес­тиция тартылған. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша облыс көлемінде аудан 3-орында тұр. Инфрақұрылым бойынша, табиғи газбен қамту көрсеткіші 73,8%-ға жеткен. 2023 жылы аудан халқын газбен қамтамасыз ету көрсеткішін 88%-ға, ал 2024 жылы 100%-ға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі 1 298,1 шақырым автокөлік жолдардың 59,9%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Қазіргі таңда 12 ішкі көше орташа жөндеуден өтіп, аудандық маңызы бар 4 автомобиль жолында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Нәтижесінде, жыл соңында пайдаланымдағы жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 61,6%-ға жеткізілмек.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

11517 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы