• Қаржы
  • 08 Желтоқсан, 2022

Еліміздің қор нарығы тарихындағы ең ірі IPO

«Астана» халықаралық қаржы орталығының AIX мен Қазақстан қор биржасында өткен еліміздің мұнай-газ саласындағы көшбасшы – «ҚазМұнайГаз» АҚ IPO-сы барысында ұлттық компанияның акцияларын сатып алуға инвесторлар тарапынан 129 мыңнан астам өтініш түскен. 2 желтоқсанда аяқталған компания құнды қағаздарына жазылу мен сатылым қорытындысы көрсеткендей, ҚМГ акцияларының биржаға бұл алғаш жария шығарылуы Қазақстанның қор нарығы тарихындағы ең ірі IPO болды.

7 желтоқсанда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «ҚазМұнай­Газ» ҰК» АҚ жариялаған акцияларды биржада бастапқы орналастыру қорытындысына сәйкес, ұлттық компанияның бағалы қағаздарына жазылу кезеңінде инвесторлардан 181 миллиард теңгеден астам жалпы сомаға 129 мың өтінім келіп түскен. Оларды сараптау нәтижесінде 153 миллиард теңгеден астам соманың көлемінде өтінімдерді қарастыру туралы шешім қабылданған. Айта кетейік, бұл жерде қаржы сомасындағы айырмашылық келіп түскен өтінімдерді сараптау барысында осыған дейін жариялан­ған мақсатқа сай акциялардың қомақты пакетінің жекелеген ірі инвесторлардың қолында шоғырлануына жол бермеу үшін бірқатар өтінім толық көлемде қарастырылмағанымен түсіндіріледі. Ал акцияларды сатып алуға қатысты Қазақстан Республикасы азаматтарынан түскен өтінімдер толығымен мақұлданған. Осылайша, аталмыш IPO барысында «Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаздың» 18 303 584 (он сегіз миллион үш жүз үш мың бес жүз сексен төрт) жай акциясын сатады, бұл ұлттық компанияның орналастырылған жай акциялары жалпы санының 3 пайызын құрады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас­пасөз қызметінің хабарламасында көрсетілгендей, инвесторлар өтінімдері төмендегідей бөлінген:

• Қазақстан азаматтарының өтінімдері – шамамен 74,6 млрд теңге (48,5%) сомасында;

• қазақстандық заңды тұлға­лардың өтінімдері – шамамен 72,7 млрд теңге (47,2%) сомасында;

• шетелдік жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері – шамамен 6,6 млрд теңге (4,3%) сомасында.

Қор мамандары атап өткендей, келіп түскен өтінімдерді қарас­тыру барысында бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының өтініш­теріне басымдық берілді. Қазақстандықтардың өтінімдері толықтай қарастырылып болғаннан кейін барып, өзге тұлғалардың өтінімдерін қарастыру туралы шешім қабылданды.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев еліміздің мұнай-газ саласының көшбасшысы – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сының IPO-сы барысында Қа­зақстан экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның ҚМГ IPO-сын өткізуге қатысты барлық тапсырмалары толығымен орындалғанын атап өтті. «Біріншіден, ҚМГ акцияларын сату кезінде Қазақстан азаматтарының өтінімдеріне басымдық берілді: қаржылық тұрғыдан келгенде, Қазақстан азаматтарының инвестициялар көлемі тартылған инвес­тициялардың жалпы көлемінің шамамен 50 пайызын құрады, ал келіп түскен өтінімдер саны бойынша өзге тұлғалардың өтінімдерін қоса алғанда олардың жалпы санынан едәуір асып түсті. Екіншіден, ұлттық компанияның сатылған акцияларының көлемі ҚМГ акциялары жалпы санының 5 пайызынан аспады. Көріп отырғанымыздай, келіп түскен өтінімдер саны және сатылым көлемінің қорытынды нәтижелері ҚМГ IPO-сын Қазақстанның қор нарығы тарихындағы ең ірі IPO санатына шығарды. Сонымен қатар бұл IPO қазақстандық бағалы қа­ғаздар нарығының жоғары перспективасын, сондай-ақ республика азаматтарының инвестициялық сауаты мен белсенділігі айтарлықтай артқанын көрсетті», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

«Самұрық-Қазына» басшысының айтуынша, бұл жекешелендірудің кешенді жоспарын одан әрі іске асыруға және қор қоржынындағы бірқатар компанияны IPO арқылы бәсекелестік ортаға шығаруға жақсы алғышарт болады.

KASE және AIX қор биржаларының тізіміне ену «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының даму тарихындағы жаңа кезеңді білдіреді. Қазақстанның қор нарығындағы ең ірі деп танылған ұлттық компанияның IPO-сын еліміздегі алғашқы «цифрлы» IPO деп те атауға болады. Өйткені акцияларды сатып алуға өтінімдердің 99%-ы онлайн берілген. «Инвесторлардың біздің компанияға деген қызығу­шылығына қуаныштымыз. Бұл «ҚазМұнайГаздың» Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің көш­басшысы ретіндегі орнын және инвесторлар қауымдастығының біздің компаниямыздың одан әрі өсуі мен даму мүмкіндігіне деген сенімін растайды. Біз жаңа акционерлерді қуана қарсы аламыз және олармен өз жетістігімізді бөлісуге асықпыз», – дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Баспасөз қызметінің хабарла­масында атап өтілгендей, 7 жел­тоқсанда барлық сатылатын акциялар қабылданған өтінімдерге (қабылданған көлемде) сәйкес бөлініп, тиісті инвесторлардың шоттарына түседі және олардың шотынан ҚМГ акциялары үшін төлеуге тиіс қаражат бірден алынады. Жазылу кезеңінде өтінім беруге үлгермеген адамдар ҚМГ акцияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (Astana International Exchange, AIX) мен Қазақстан қор биржасында (KASE) қайталама сауда-саттық басталғаннан кейін нарық талаптары бойынша осы жылғы 8 желтоқсаннан сатып ала алады.

 Айта кетейік, акцияларды сату үкіметтің «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысына және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акцияларын бәсекелес ортаға берудің кейбір мәселелері туралы» 2022 жылғы 5 қарашадағы №877 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Акцияларды иеліктен шығару туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ директорлар кеңесі қабылдаған түпкілікті шешім үкіметтің осы жылғы 5 желтоқсандағы №978 қаулысымен бекітілді.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

 

1828 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы