• Агроинновация
  • 08 Желтоқсан, 2022

АГРАРЛЫҚ ЖЫЛДЫҢ АЙШЫҚТЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Еуропа жұртында «сарыала балапанды күзде, қызыл қырманды қыста санайды» деген қанатты сөз бар. Мұндағы балапан сөзі қазаққа түсінікті. Ал, атасы бөлек бюргердің қырман дегені жыл ішінде жерден өніп, қамбаға түскен астықты, төлден өрбіген қорадағы төрт түлікті білдіреді.

Дунайдан Рейнге дейінгі кең байтақ өңірді қоңыр күз­дің қытымыр қысқа ұласар тұсында асықпай аралап өтсеңіз, ұлтарақтай жердің өзін қыздың жиған жүгіндей мұқият өңдеп, заманауи ретке келтірген үркердей фермер шаруашылықтарында қызып жатқан тойға тап болар едіңіз. Қазіргі тілмен айтқанда «кәсіби мерекеге» келетін үшбу салтанаттың түп-төркіні Еділ-Жайық түркілерінің «сабантойына» жуық­тайды.

Осынау үрдіске орай жуырда еліміздің ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің биылғы жыл ішіндегі жұмыс қорытындылары шығарылып, қалың көпшілікке ұсынылды. Бұл ретте қол жеткен нәтижелердің көңіл көншітетінін атап өтуге тиіспіз. Әр нәрсенің кеңдігі мен кемдігі салыстыру арқылы білінетіндіктен, көрсеткіштің көбісі өткен жылдың жетістіктерімен салғастырылды. Мәселен, биыл агроөнеркәсіп кешеніндегі орташа өнімділік өткен жылғыға қарағанда 11 пайызға өсті. Бұған мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті. Үстіміздегі жылы егін салу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 220 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Шаруалар 27 мың тонна арзан дизельдік отын алды, жыл басынан бері агроөнеркәсіп кешенінде құны 132 миллиард теңгені құрайтын 180 инвестициялық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін жобалар құны 237 миллиард теңгеге жетеді. Енді жиналған егінге тоқталайық. Биыл соңғы 10 жылда болмаған ең жоғары өнім алынып, 23 миллион тоннаға жуық дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға артық. Бидайдың жалпы түсімі 30 пайызға өсті. Көкөніс дақылдарынан мол өнім алынды.

Биыл Мемлекет басшысы жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан 5 миллион гектар жерді қайтару туралы тапсырма бергенін жазған болатынбыз. Аграршылар сол міндеттің үдесіне жетті. Келер жылы да осыншама жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Қазынаға оралып, мемлекет мұқтажына алынған жер есебінен ауылдардың шекарасын кеңейту арқылы жайылым тапшылығы мәселесі шешілуде.

Үкімет алға қойған міндеттерге сәйкес саланы қайта құрылымдау жүргізілуде, атап айтқанда ветеринария саласында реформа жүзеге асырылуда. Бұл ретте 21 нормативтік-құқықтық актінің, оның ішінде бір кодекс пен бес заң жобасы алдын ала әзірленді. Аталған құжаттардың мақсаты орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен тапсырмаларды бөлу, мал дәрігерінің мәртебесін белгілеу мен оның жүктемесін айқындау, еңбекақыны көтеру болып табылады. Әлеуметтік қолдау шаралары осы қатардан табылады. Жыл соңында бұл жобаларды заң шығарушы билікке енгізу жоспарлануда.

Халық қалаулыларының назарына ұсынылып отырған мәселелердің бірқатары қазірдің өзінде қолға алына бастады.  Айталық, биыл ветеринарлардың жалақысы 50 пайызға өсті. 2023 жылы ол тағы 35-50 пайызға артады. Сонымен қатар мал дәрігерлері екі айлық емделуге арналған жәрдемақы алады. Келесі қадам – ветеринарияны цифрлық форматқа көшіру. Қазір елімізде эпизоотиялық жағдай тұрақты, соңғы екі жылда малдың инфекциялық аурулары бойынша қолайсыз тармақтар саны 42 пайызға азайды.

Бүгінгі ақпарат ғасырында білімсіз, ғылымсыз күн жоқ. Сондықтан да жыл сайын аграрлық ғылымды қолдауға 8-9 миллиард теңге бөлінеді. Еліміздің үш аграрлық университетінде мамандарды даярлау халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілуде. Оқу бағдарламаларын әзірлеуге ауыл шаруашылығы мамандары және жұмыс берушілер қатысады. Агрошаруашылық мамандықта­ры бойынша мемлекеттік білім гранттарының саны 36 пайызға, ал ветеринарияға қатысты  стипендиялар 12 пайызға өсті. Ауылдық квота да 30-дан 35 пайызға дейін артты. Ғылыми-тәжірибелік бірлестіктерде селекцияны және тұқым шаруашылығын дамыту жоспары жасалды. Агротехниканы қолдану, қызылша шаруашылығын, қант өнеркәсібін қолдау күшейтілді. Тұқымның сапасын қадағалап, сертификаттайтын арнайы орган құрылуда. Сонымен қатар келесі жылы өсім­діктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға қосылу жоспарланған. Қазір тұқым егу сапасын қадағалайтын ІТ жүйесі жасалып жатыр. Соның арқасында селекциялық және тұқымдық база нығайып, импортқа тәуелді болмаймыз. Тағы бір тілге тиек етілетін мәселе агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тетігін жетілдіру болы табылады.  Құрамына мемлекеттік органдар, қоғам, агробизнес өкілдері мен парламент депутаттары кіретін жұмыс тобы  құрылып, қаражат бөлудің ең ұтымды нұсқасы әзірленді. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты тұста­ры болғандықтан субсидиялардың тиімсіз 10 түрі алынып тасталды. Қазір субсидиялау бағдарламасына бақылау күшейтіліп, бөгесін болған кедергілер жойылды.  Мамандар субсидияларды беру тәсілдерін цифрлық платформаға көшіріп жатыр. Осы жолмен ол мемлекеттік базаға қосылған соң уағдаластықтардың барлығы  ашық болады. Сөйтіп, субсидия бөлу кезінде жемқорлыққа жол берілмейді. Бір айта кетерлігі, фермерлер үшін бұл платформа тегін болмақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, ауылды дамытуға қатысты шаралардың нәтижесінде жалпы ішкі өнім 8 пайызға артқан. Бұл 8 триллион теңге соманы құрайды. Өндіріс көлемі де өсті. Мәселен, өсімдік шаруашылығы 13 пайызға, мал шаруашылығы 1 пайызға, азық-түлік өнімдерін өндіру 3,5 пайызға артып, 2,4 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция 7 пайызға, азық-түлік өндірісіне 21 пайызға көбейді. 8 айда ауыл  шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3,3 миллиард долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 44 пайызға артық. Аграрлық өнімдер 63 елге экспортталуда, сыртқа шығарылатын өңделген азық-түлік тауарларының көлемі 43 пайызды құрайды. Әзербайжанға өнім экспорты 3,7 есеге, Еуроодақ елдеріне 2,3 есеге, Қытайға 2,2 есеге, Ауғанстанға 1,8 есеге артып отыр. Бұл қазіргі ахуалда ауыз толтырып айтатын жетістік.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

573 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы