- Білім & Ғылым
- 15 Желтоқсан, 2022
Ғылым, білім және тәжірибе интеграциясы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университеті мәртебесін алғаннан кейін Тарих факультетінің «Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану» кафедрасы 2022-2023 оқу жылында «Зерттеу университетінің» индикаторларын оқу үрдісіне қосты.
Тәжірибе мен білім беру процесін интеграциялау, университеттік білім берудің перспективалы моделін қалыптастыру және академиялық көшбасшылықты қамтамасыз ету сияқты индикаторлар биылғы оқу жылында басты назарда болады.
Осы мақсат аясында Қазақстан Республикасы Президентінің архивімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан дуалды білім беру жобасы іске қосылды. Дуалды білім беру аясында студенттер теориялық білімді университетте, практикалық дағдыларды Президент архивінде, яғни тікелей жұмыс орнында алады. Кафедраның «Архивтану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету», «Сандық архивтану және құжаттану» білім беру бағдарламаларының бакалавриат, магистратура және докторантура сатылары бойынша білім алушылары тәжірибелік дағдыларды болашақ жұмыс орындарында меңгереді. Сонымен қатар, Президент архивінің қызметкерлері жұмыс беруші әріптестер ретінде кафедра штатына тартылған.
Кафедра оқу үрдісіне жұмыс берушілер ретінде «Алматы қаласының мемлекеттік архиві», «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалар архиві», «ҚР ОМ ғылыми-техникалық құжаттама архиві», «Астана қаласының мемлекеттік архиві», «ҚР Ұлттық кітапханасы», «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» сияқты мекемелермен әріптестік байланыста жұмыс жасайды.
Кафедра бүгінде заманауи білім беру нарығында сұранысқа ие баламалы оқыту форматтарын белсенді түрде қолданып отыр. Шетелдік оқытушылар мен зерттеушілердің үлесін ұлғайту мақсатында Волкан Ипек (Түркия), Музеин Карабаг (Түркия), Виктор Деннингхаус (Германия), Наталья Яшина (Ресей) сияқты жетекші ғалымдар кафедра мамандықтары бойынша білім алушыларға дәрістер оқып жатыр.
Тарих мамандығының магистратура сатысындағы Ла-Сапиенца университетімен (Италия), Архивтану және құжаттану мамандығында Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен қос дипломды бағдарламалар бар. Оксфорд университетімен, Невада университетімен, Адам Мицкевич атындағы Познань университетімен, Мария Склодовская-Кюри университетімен, Жапонияның Токио университетімен кафедраның «Ынтымақтастық туралы меморандумдары» бар.
Мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі – жастарды сапалы білім алу мүмкіндіктерімен қамтамасыз ету екендігін назарда ұстаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті дамыған елдердің прогрессивті тәжірибесіне сүйене отырып, маман дайындаудың сапасын жетілдіру мақсатына белсенді жұмыс жасап отыр.
Рыскелді МЫРЗАБЕКОВА,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
«Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану»
кафедрасының меңгерушісі,
т.ғ.к., профессор
11217 рет
көрсетілді0
пікір