• Қаржы
  • 15 Желтоқсан, 2022

Қаржы нарығындағы ахуал және тағы да инфляция туралы

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қалтадағы пұлдың бәсі базардағы теңге бағамына байланысты болған бүгінгі күнде көзі қарақты жұрт доллар мен рубльдің текетіресін таңсәріден қадағалап, жаһандық инфляция жағдайына зер салуды үйреншікті әдетке айналдырған. Сол себепті біз де осы үрдіске ден қойып, қаржы нарығындағы ахуалға жіті назар аударып келеміз. Ғаламдық биржалар мен рейтингтік агенттіктердің сәт сайынғы хабарлары мылтықсыз майдан шебінен жеткен шұғыл мәліметтей әсер қалдырып отырған қазіргі мезетте көзіміз алдымен АҚШ Федералдық резервтер жүйесінің деректеріне ауады. Күні кешегі ақпарға сәйкес Американың бас қаржыгер-реттеушісі баға саясатын жұмсарта бастаған. Реттеуші негізгі мөлшерлемені 3,75-4 пайызға дейін тағы да көтергеніне қарамастан, АҚШ-та инфляцияның 7,7 пайызға дейін айтарлықтай баяулауы туралы айғақтың шығуы доллар индексі әлсіреуінің және АҚШ-тың қазынашылық облигациялары кірістілігінің төмендеу факторына айналған. «Қар бір жауса, терек екі жауады» дегендей, міне, сондықтан да бүгінге дейін еліміздің қаржы нарығындағы оптимистік көңіл-күй төмен болып, тәуекелді активтер екі ай қатарынан түзетілді, доллар индексі онжылдықта ең жылдам қарқынмен төмендеді.

Бұл жағдаят Қазақстанның қаржы нарығына және елдің инфляциялық ахуалына, сондай-ақ халықаралық резервтеріне де әсер етіп отыр. Ұлттық банктің инфляция жөніндегі болжамы бойынша үстіміздегі жылдың аяғында ол 20-21 пайыз ауқымында қалыптасады. Инфляция өз шыңына 2023 жылғы ақпанда жетуі әбден мүмкін. Бұл көрсеткіш бойынша бағалар жоғарылау жағына қарай қайта қаралды, мұның өзі анағұрлым жоғары инфляциялық күтулерге және көші-қон бойынша күтпеген өзгерістер аясында болған тауарлар мен қызметтер бағаларының неғұрлым жоғары мөлшерінен туындады. Инфляцияның болжамды динамикасы ағымдағы үдерістердің жедел серпіні және логистикалық тізбектердің бұзылуы аясында өндіріс шығындарының өсуіне орай есептелінді. Қысқа мерзімді келешектегі жоғары инфляциялық күтулер теңгенің ресей рубліне қатысты әлсіз айырбас бағамына да байланысты болып отыр. Инфляцияның құрамдас бөліктерінде азық-түлік тауарларына бағаның өсе түсуі күтілуде. Бұл өнімдерге бағаның бұрынғыдан да жоғары өсуі, сондай-ақ Украинадағы астық мәмілесі айналасындағы жағдайдың шиеленісуінен туындаған азық-түліктің әлемдік бағасының артуы 2022 жылы азық-түлік инфляциясының жеделдеуіне себепкер болды. Осылайша сыртқы инфляциялық жағдайдың жоғарылауы, сондай-ақ санкциялық қысым жағдайында логистика шығасыларының сақталуы ахуалында азық-түлік бағасының өсуі үстіміздегі жылы 25 пайыздан аспақ.

Нақ осы мәселе жөнінде осы дүйсенбіде Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысқан, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында баса айтылды. «Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр… Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар… Негізгі құжат – халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжатты қазіргі жағдайлармен сәйкестендірген жөн», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Инфляцияға себепкер болатын баға белгілеуді Президент келесі бір маңызды мәселе ретінде атап көрсетті. Сондай-ақ ол азық-түлік бағасын өсірмеу үшін басты бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне де тоқталды. «Азық-түліктің бағасы жыл мезгіліне қарай қатты өзгереді. Күзде су тегін нәрсе, көктемде шарықтап шыға келеді. Мұның шешімі біреу ғана – қойма инфрақұрылымын жасау керек. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Былтыр 83 мың тонна өнім сақтайтын қойма салу жоспарланғанымен, оның 64 мыңы ғана пайдалануға берілді немесе жоспар 77 пайызға орындалды. Биыл жұмыс біршама жандана түсті: 98 мың тонналық қойма салу жоспарланып, соның 87 мың тоннасы қазірдің өзінде іске қосылды. Дегенмен бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек. Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі елді өркендетудің басты шарты екенін түсіну қажет. Агроөнеркәсіп кешенін, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту Үкімет пен әкімдер үшін басты басымдық болуға тиіс», – деді Президент.

1463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы