• Білім & Ғылым
  • 15 Желтоқсан, 2022

Инновациялық жобаларды іске асырудағы маңызды буын

Соңғы жылдары әлемде биологиялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліне бастады. Жаһандық коронавирус пандемиясы барлық салалардың даму бағыттарын қайта қарауды талап етуде. Осы ретте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «QazBioPharm» холдингінің ұйымдастыруымен «Ведомствоаралық ғылыми кластер – ғылымды қажетсінетін өнім жасаудың негізі» атты семинар өтті.

Шараға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Бердібек Сапарбаев, Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, Парламент Мәжілісі­нің әлеуметтік-мәдени даму комитеті­нің мүшесі Гүлдара Нұрымова, Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрхан Сәдуақасов, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студент-жастар қатысты.

Кездесуде «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, Президенттің тапсырмасы бойынша 2021 жылдың желтоқсан айында құрылған ұйымның қызметі туралы айтып берді. «QazBioPharm» алдында мемлекеттің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың өмірін сақтау және денсаулығын жақсарту жөніндегі ауқымды мақсаттар тұр. Эпидемиямен күресу үшін бірінші күннен бастап республикалық штаб құрылды. Оның жұмысы Мемлекет басшысының бақылауында болып, халыққа жақсы қолдау көрсетілді. Еліміздің ғалым­дары Сovid-19 ауруына қарсы вакцина әзірлеп шығарды. Бұл үлкен еңбек. Қазіргі мақсат – эпидемияны толығымен зерттеп, нәтиже шығару», – деді Бердібек Сапарбаев.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев өз баяндамасында жер-жаһанда биологиялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліне бастаған қазіргі уақытта университеттер мен ғылыми қауымдастық алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталды. «Биылғы мамыр айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық қатерлерге қарсы тұру мақсатында «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заңына қол қойды. Аталған заң осы саладағы ғылымды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл университеттегі ғылымның дамуына, жаңа ғылыми кадрлардың қалыптасуына ықпал етері сөзсіз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл бағытта ауқымды іс-шараларды іске асырып келеді. Білім ордасында жалпы бюджеті 7,7 миллиард теңгеден асатын 500-ге жуық ғылыми жоба іске асырылуда. Биология және биотехнология факультеті ҒЗИ-мен бірлесіп «Вирусология» және «Микробиология» бірлескен білім беру бағдарламаларын дайындауда. Біздің ғалымдар COVID-19-ға қарсы профилактикалық препараттарды әзірлеуге де белсенді қатысты. Университет базасында Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Мұнда тұмау және COVID-19 ауруларына қарсы биологиялық белсенді қоспа дайындалады. Сондай-ақ бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін қоспалар және қандағы қант деңгейін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын және иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі. ҚазҰУ ғалымдары 400-ден астам патент пен авторлық куәлік алды», – деді университет басшысы.

ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар, инновациялар мен заманауи зерттеулер ғасыры. Осы ретте Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова ел дамуын алға апаруда, жаһандық бәсекеде өзгелермен иық тіресе ілгері ұмтылуда ғылымның алар орнына тоқталып өтті. «Ғылымды және инновациялық жобаларды дамыту еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі бағытының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, отандық ғылымның басым­­дықтары халықаралық талап­­тарға сәйкес және тұтастай алғанда, жалпыұлттық мүдделермен айқын­далуы тиіс», – деді депутат.

Семинар спикерлері биологиялық қауіпсіздік саласы бойынша ғылымды дамыту, ғылыми кластер құру, иннова­циялық жобаларды коммерцияландыру және т.б. мәселелер бойынша өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

 

 

11136 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы