• Энергетика
  • 15 Желтоқсан, 2022

Alageum Electric: Дәуірмен дәлелденген сапа

Электромашина жасау саласында елдік қана емес, әлемдік брендке айналған жетекші компания Alageum Electric 25 жылдығын атап өтті. «Таңсәрі» ұғымын ұран еткен кәсіпорын өндірістік қуатын, өнімінің сын-сапасын көтере отырып, жаңа белестерді бағындыруда.

Трансформаторлық жабдықтарды, жиынтық трансфор­маторлық қосалқы станцияларды және оларға жиынтық­тауыштарды жасау жөніндегі ең көне одақтас электромеханикалық зауыттардың бірі – Кентау трансформатор зауыты 1959 жылы құрылды.

Кейіннен ТМД-дағы трансформаторлар мен электротехникалық бұйымдардың ірі өндірушісі атанған Alageum Electric компаниясының іргетасы 1997 жылы осы Кентау трансформатор зауытында қаланған еді. Ширек ғасырлық тарихында зауыт сан түрлі сынақтардан өтіп, күрделі қиындықтарды еңсерді. Кәсіпорын нарықтық жағдайда да электротехникалық саланың флагманы болып қала алатынын көр­сетті. Банкроттықтан шығып, тауар өндіруді 200 есеге арттырды, ал компаниялар тобы бойынша өндіріс 1000 есе өсті. Сол кезде Кентау зауытында 10 аталым ғана болса, бүгінде елімізде бұрын өндірілмеген, экспорттық сұранысқа ие 400-ден астам тауар шығады. Электротехника өнімдерін жобалаумен, өндірумен және монтаждаумен айналысатын компанияның жабдықтары стратегиялық маңызды нысандарда қолданылады. Қазірде Alageum ел өңірлерінде 40 кеңсе мен 14 зауыт ашып, экономика адымына айрықша үлес қосып келеді.

Alageum Electric құрамындағы тағы бір кәсіпорын – Орал трансформатор зауыты 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Зауыт өнімін халықаралық нарыққа ұсынып келеді. Оның өндірістік қуаты 13 мың трансформаторға жетеді және өнімнің 95%-ы экспортталады. Сол сияқты Ақтау трансформатор зауыты Қазақстандағы бетон трансформатор қосалқы станцияларының жалғыз өндірушісі болып табылады. Зауыттың негізгі өнімі – электр қалқан жабдығы. Кәсіпорын 2018 жылы Маңғыстаудың индустрияландыру картасы аясында жобаланып, іске қосылған. Сол жылы Шымкент қаласында жұмысын бастаған Asia Trafo – Орталық Азиядағы трансформатор жабдықтарын шығаратын ең ірі зауыт. Жобалық қуаты жылына 12 000 МВА-дан асатын зауыт­тың негізгі өнімі – қуаты 500 МВА жететін күштік май трансформаторлары, автотрансформаторлар және реакторлар. Alageum Electric құрамына сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде оннан астам монтаждау басқармалары бар «Электромонтаж» АҚ кіреді. Онда ыстық мырыштауды ұсынатын, тіректер, кабель сөрелері мен перфорацияланған қораптар шығаратын Электромонтаж бұйымдары зауыты жұмыс істейді. Ал былтыр іске қосылған Петропавл электротехникалық зауытының қуаттылығы жылына 13 мың бірлікке дейін жетеді.

«Қызметкерлердің тиімді басқаруы мен тәжірибесінің арқасында Alageum Electric зауыттары үздіксіз жұмыс істеп, жаңа қуаттарға шығуды жал­ғастырды. Компанияда ғылымды қажетсінетін өндірістің дамуын, ұтымдылықты және инновацияларға деген ұмтылысты ескере отырып, өзін-өзі дамыту арқылы қоғамға пайда әкелуге негізделген корпоративтік құндылықтар енгізілді. Сонымен бірге өндірістік процестерді үнемі жақсартып отыру, басқаруды оңтай­ландыру, қызметкерлер өмірінің барлық аспектілері бойынша жұмыс істеу мақсат етілді», – дейді Кентау трансформатор зауыты директорлар кеңесінің төрағасы Серғазы Күнтуаров.

Холдинг қосалқы станциялар құ­рылысы, электротехникалық жаб­дықтар мен электр желілерін мон­таж­дау жобаларын қоса алғанда, ел экономикасында елеулі маңызға ие 300-ден астам жобаларды іске асырды. Уақыт талабына сай Alageum Electric энергияны үнемдейтін технологияларды енгізуде. Мысалы, Asia Trafo кәсіпорнының кеңсесі 2020 жылы өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында «Жасыл кеңсе-2020» байқауында жеңімпаз деп танылды. Сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік аясында Alageum Electric соңғы 10 жылда демеушілік пен қайырымдылық­қа 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Кентауда зауыт базасында политехникалық колледж жұмыс істейді, ол кадрларды даярлаудың ұйымдастырушылық мәселелерін шешу үшін базалық кәсіпорынмен ынтымақтастықтың үлгісі бола алады. Оқу орны дуальды білім беруді белсенді қолданады.

«25 жылдық мерейтойымызды біз ТМД және Таяу Шығыс елдеріне өнім экспорттаумен өз саламыздағы жетекші позиция­да қарсы алып отырмыз. Адами капиталға белсенді инвестиция салуға басымдық бере отырып, Alageum Electric кәсіпорындарды салу және іске қосу, жоғары қуатты элек­тро­техникалық жабдықтар өнді­рісін кеңейту бойынша жаңа мақсаттар қояды. Бізде жергілікті және экспорттық нарықтарда үлкен перспективалар бар. Әлем бойынша тұтынушыларды электр машина жасау саласындағы инновациялық және тиімді шешімдермен қамтамасыз ету – негізгі миссиямыз», – деп атап өте­ді холдингтің негізін қалаушы және акционері Сайдолла Қожабаев.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы