• Отандық өнім
  • 22 Желтоқсан, 2022

Мемлекет қолдауының маңызы бөлек

Өнімді өндіріс орындары неғұрлым көбейсе, еліміздің бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға, импортты алмастырып, экспортты кеңейтуге деген мүмкіндіктері де соғұрлым арта түспек. Оған қоса халықтың әл-ауқаты жақсарып, жұмыспен қамту мәселесі де біршама шешімін табады. Сондықтан бизнес жүргізуге қатысты бастамаларды қолдау – мемлекеттің игі парызы.

Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін жаңа ынталандыру шараларын қабылдау, негізсіз талаптар мен тексерулердің күшін жою, салық рәсімдерін жеңілдету бағытында мемлекеттік қолдау тетіктері тұрақты түрде жетілдіріліп келеді. Қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық қолдау шараларымен қатар, жалпы іскерлік ортада қолайлы жағдайлар айқын сезіледі.

Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Даму» қоры арқылы соңғы 25 жылда жалпы сомасы 10,3 трлн теңгеден асатын 180 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетті. 2022 жылы мақсатты түрде жүргізілген мемлекет­тік қолдау шараларының арқасында Қазақстан экономикасының түрлі секторларында көптеген өндірістер іске қосылды.

Primeminister.kz сайтының шолуы бойынша, биыл «Оңтүстік» Шымкент индустриялық аймағында «QazAlPack» ЖШС алюминий банкалар мен сусындарға арналған қақ­пақ түрлерін шығаратын Орталық Азиядағы жалғыз зауыт жұмысын бас­тады. Оның қуаттылығы жылына 750 млн жиынтық өнімді құрайды. Өндіріс желісінің жылдамдығы секундына 50 банка немесе минутына 3000 қақпақ шығаруға мүмкіндігі бар. Жоба АҚШ-тың ең озық қондырғыларымен жабдықталған.

Ақтөбедегі керамикалық гранит пен керамика тақтай және басқа да құрылыс материалдарын шығаратын тағы бір жаңа зауыт («Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС) ауданы 15 га алаңда орналасқан. Бұған дейін компания Шымкентте осы тектес кәсіпорынды іске қосқан болатын. Қазір мемлекеттің қолдауымен жабдықтар сатып алынып, екінші зауыттың құрылысы аяқталды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 5 млн шаршы метр тақтай шығаруға жетеді. Еуропалық сапа стандарттарына сай келетін тауар ішкі нарыққа жеткізіліп, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне де экспортталады. Алдын ала бағалаулар бойынша, зауыт өнімдері Қазақстанның керамикалық тақтайға деген қажеттілігін толықтай қамтиды. Сонымен қатар мұнда 180-нен астам адам жұмысқа орналасқан.

Ал «Грант-Ют» ЖШС Алматыда аяқ киім өндірісін жолға қойды. Кәсіпорын бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерінің көмегімен жұмыс істеп тұрған фабриканың аумағын жаңғыртып, кеңейтті. Қазіргі уақыт­та компания жыл сайын табиғи шикізаттан 120 мың жұпқа дейін сапалы әрі жайлы аяқ киім шығарады. Өнім толықтай дерлік еліміздің ішкі нарығына жіберіледі.

Сондай-ақ 2022 жыл қарсаңын­да Қостанай облысында «BEEF EXPORT Group» ЖШС жаңа ет өңдеу комбинатының құрылысы аяқтал­ды. Ол халал нормалары бойынша және халықаралық экостандартқа сәйкес ет өнімдерін өндіруге бағыт­талған. Кәсіпорын тәулігіне 23 900 кг ет өнімдерін өндіреді, сондай-ақ мамандандырылған жүк машина­ларының көмегімен оны тұтыну­шыларға – ірі сауда желілеріне, қоғамдық тамақтандыру орындарына, базарларға жеткізеді.

Шығыс Қазақстан облысында қуаттылығы жылына 200 мың тоннаға дейін жететін «Altyn Shyghys» ЖШС өсімдік майын шығаратын зауыт ашылды. Кәсіпорын Болгария, Түркия, Германия, Нидерланд және Украина елдерінен әкелінген заманауи қондырғыларымен жабдықталған, өндіріс қалдықсыз жұмыс істейді және толықтай автоматтандырылатын болады. Зауыт өнімдері Қытайға, Иранға, Өзбекстанға және басқа елдерге экспортталады деп күтілуде.

Сонымен қатар Ұлытау облысында «Қазтехфильтр» ЖШС жоғары еуропалық стандарттар бойынша ауа сүзгіштерінің элементтерін өндіруді жолға қойды. Компания автомобильдер мен тоңазытқыш қондырғыларына арналған ауа фильтрлерінің түрлерін, сондай-ақ 2ТЭ116 тепловоздарына арналған май фильтрлерін шығарады.

Биыл «Қазмұнайхим» ЖШС «Павлодар» АЭА аумағында жоғары технологиялық заманауи жабдық­тармен жарақтандырылған мұнай өңдеу мен мұнай өндіруге арналған қоспалар мен реагенттер шығаратын зауытты пайдалануға берді. Компания су тазартатын реагенттерді де шығарады. Қазақстандағы мұнай-химия өнімдерін жасап шығаратын толық циклды алғашқы өндірістің қуаты – жылына 30 мың тонна реагенттер мен қоспалар. Бұрын рес­публиканың мұнай-газ саласына арналған химиялық реагенттердің 95%-ы шетелден әкелінетін. Аталған зауыттың іске қосылуы Павлодар облысын ғана емес, сондай-ақ басқа да мұнай өңдеу зауыттары бар өңірлерді реагенттермен 60%-ға қамтамасыз етуге және өнімді ТМД, Еуропалық одақ, Таяу Шығыс және АҚШ елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.

Қазақстан құс өсірушілер одағы­ның деректері бойынша респуб­ликаның құс етіне жыл сайынғы қажеттілігі – шамамен 300 мың тонна. Осы орайда 2022 жылы Алматы облысында ашылған бройлер етін өндіру және қайта өңдеу бойынша толық циклды құс кешені («Прима Құс» ЖШС) жылына 35 мың тонна өнімді құрайтын қуаттылыққа ие.

Сол сияқты жаңа жобалар он­дығына Алматыдағы «QUWATT» ЖШС-нің электр жабдықтары мен құрамдас бөлшектерін (дизельді генераторлар, электр тарату қалқан­дары мен шкафтар, маңдайшалар, трансформаторлық қосалқы станциялар және т.б.) шығаратын кәсіпорын және Абай облысындағы «Қазполиграф» ЖШС буып-түю материалдарының кең спектрін шығаратын ірі өндіріс кіреді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1025 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы