• Қаржы
  • 22 Желтоқсан, 2022

СЫРТҚЫ НАРЫҚТАРДАҒЫ БҮГІНГІ ҮРДІС, БОЛАШАҚҚА БОЛЖАМ

Әлем экономикасының тынысын тарылтып, шегірен былғарыдай қусырған коронавирус індетінің іле-шала шығыс Еуропадағы ұрыс қимылдарына ұласуы ғаламдық қаржы нарығындағы тәуекел-факторлар ықпалын арттырып, фискалдық әрекеттердің адымын аштырмады. Оның үстіне АҚШ доллары бойынша жаһандық индекс төмендеп кеткен соң бұл тұспалды белгісіздіктің белең алуының ишарасына балаған сарапшылар ұстараның жүзіндей құбылып тұратын Dow Jones, Fitch пен Standard&Poor’s рейтингтерін қас қақпай қадағалады.

Ал, атынан ат үркетін алпауыттар мен үріп ішіп, шайқап төгіп жүрген инвесторлар инфляция мен мөлшерлемелердің шарық­тау шегін шыдамсыздана күтті. Сөйтіп, АҚШ қаржы нарығындағы ағымдағы жоғары мөлшерлемелер ақша-кредит саясатының қатаңдауы нәтижесінде долларлық активтерге жоғары кіріс беріп, сұраныс өскен соң көңілі жәй тапқан қалталы қауым алдағы 2023 жыл жағымды динамика кезеңі болуы мүмкін деген байламға келді.

Сонымен, әлемдік экономиканың баяулау сценарийі мен рецессия­ның басталуы кезінде Сент-Луис Федералдық резервтер банкінің басшысы Джеймс Буллардтың мөлшерлемелерді кемінде 5-7 пайызға дейін көтеру туралы түсіндірмесі аясында US Dollar Index (DXY) индексінің небәрі 0,4 пайызға нығайғаны өткен қараша айының соңына қарай АҚШ доллары позицияларының одан әрі әлсіреуіне ықпал етті. Жалпы алғанда әлемдік валюта нарығында АҚШ Федералдық резервтер жүйесінің ақша-кредит саясатын күшейтуді кейінге қалдыруына қатысты сыбыс пен Қытайдағы ковид шектеулерінің жеңілдеуі жөніндегі ұшбу хабарлар аясында оң тәуекел-сентимент басым болды. Нәтижесінде желтоқсан айының қорытындысы бойынша DXY доллар индексі 2010 жылдан бергі ең жылдам қарқынмен 5 пайызға әлсіреп, ал дамушы нарықтар валюталарының индексі 3 пайызға нығайды. Осыған орай тәуекел-сентименттің жақсаруы негізгі қор индекстерінің динамикасына оң әсер етіп, ай қорытындысы бойынша акциялардың жаһандық MSCI World индексі 6,8 пайызға ұлғайды, бұл көрсеткіш соңғы екі ай бойы өсіп келеді. Валюта бағамының бәсіресі саналатын мұнай нарығындағы серпін түрлі бағытта болды. Айталық, Қытайдағы Zero Covid саясатын ықтимал жеңілдету белгілерінің бұқаралық ақпарат құралдарында сөз болғаны, сондай-ақ ОПЕК+ ұйымының шикізат өндіруді 500 мың баррельге көтеруді қарастыру туралы хабарының ауыздан-ауызға тарап кеткені, алайда әлдебір себеппен ресми тұлғалардың бұл жаңалықтарды теріске шығарғаны және Ресей мұнайы бағасының шегін бұрын көзделгеннен жоғары деңгейде белгілеудің талқыланғаны нарықтағы құбылмалыққа әкелді. Бірақ кейіннен «Үлкен жетілік» – G7 елдері, Австралия және Еуроодақ Ресейден келетін мұнай бағасының шегін 60 АҚШ доллары деңгейінде келісіп, бұл шешім күшіне 5 желтоқсанда енді, осы күннен бастап Ресей мұнайын Еуроодаққа теңіз жолымен экспорттауға тыйым салынды. Сөйтіп, мұнай құны бір айда бір баррель үшін 85,43 АҚШ долларына дейін 9,9 пайызға төмендеді және бір баррель үшін 80 АҚШ долларынан кем түсіп, желтоқсанның басында теріс динамикасын жалғастырды.

Мұнай бағасының Қазақстанға тиімді бағытта өзгеруі Ұлттық қорға түсетін қаржы көлемін арттырып, активтердің өсуіне ықпал еткен фактор болды. Алдын ала деректер бойынша Қордың валюталық активтерінің көлемі 3,27 млрд АҚШ долларына ұлғайып, қараша айының соңында 55,7 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 153 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында активтер 70 млн АҚШ доллары сомасына сатылды. Бірақ қаражаттың негізгі бөлігі қорға аударылған теңгелік түсімдер есебінен бөлінді. Ұлттық қор активтері өсуінің негізгі себебі жоғарыда сөз болған, ағымдағы жылдың тамыз және қыркүйек айларындағы құлдыраудан кейінгі қараша айында акциялардың әлемдік нарықтарда қалпына келуінде жатыр. Бұл ретте қаржы нарықтарындағы құбылмалылыққа байланысты Қор активтерінің құны жылдан жылға ауытқуы және жекелеген кезеңдерде теріс болуы мүмкін екендігін еске саламыз. Тағы бір құнды активіміз – алтын бағасына келсек, бағалы металдың қымбаттауы АҚШ-тағы инфляция бойынша деректердің шығуына және мемлекеттік облигациялар кірістілігінің төмендеуіне, сондай-ақ АҚШ долларының әлсіреуіне байланысты болды. Баға өсуі аясында Ұлттық банк халықаралық резервтерді әртараптандыру мақсатымен алтын үлесін қысқарту үшін оны тұрақты валютаға сатты. Алдын ала деректер бойынша қарашада алтын-валюта резервтері 945 млн АҚШ долларына артып, 33,9 млрд АҚШ долларын құрады. World Gold Council ұйымының соңғы рейтингіне сәйкес Қазақстан резервтер құрамындағы алтын қоры бойынша әлемде 16-шы орында тұр. Оған қоса, Қазақстан резервтер құрамындағы алтын үлесі бойынша ең жоғары 10 елдің қатарына кіреді. Қазақстаннан басқа, 82 пайызбен Венесуэла, 70 пайызбен Португалия, 66 пайызбен АҚШ және 65 пайызбен Германия сияқты елдер резервтер құрамындағы алтын үлесі бойынша көшбасшыларға жатады. Бұл ретте Қазақстан резервтерінің құрамындағы алтынның үлесі Ресейге, Ұлыбританияға, Үндістанға, Швейцарияға, Жапонияға және Қытайға қарағанда айтарлықтай жоғары. Бірақ Қазақстан алтын-валюта активтерін әртараптандыру мен теңдестіруді арттыру үшін резервтер құрамындағы алтын үлесін біртіндеп төмендету саясатын жалғастырмақ ниетте.

Алдымыздағы 2023 жыл АҚШ долларының ықтимал нығаюы мен мұнай бағасының шектелуіне орай дамушы нарықтардың валюталарына әбден қолайлы болуы мүмкін. Бұл ретте Ресей мұнайын сатып алу бағасы бойынша шектің түрлі салдарлары бар екенін айтуымыз керек. Бір жағынан, баға бойынша дисконт енгізу мұнай нарығына кері әсерін тигізуі, екінші жағынан өндірісті қысқарту жөніндегі Ресей шаралары бағаны арттыруға ықпал етуі ғажап емес. Bloomberg болжамында 2023 жылғы бірінші тоқсан соңында бағаның бір баррель үшін 78 доллардан 92 долларға дейін өсетіні айтылған, бұл біз үшін Жаңа жыл алдындағы жағымды болжам болып отыр.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

 

1421 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы