- Үкімет: келелі міндеттер көшінде
- 22 Желтоқсан, 2022
Әр істің байыбына терең бойлау қажет

Қыркүйекте әкімдер есеп бергенде, өңірлер жылыту маусымына сақадай сай секілді көрінді. Алайда күн суытқанда орын алған бірнеше апат нақты жағдайды ешбір есепсіз ашып берді. Енді елдегі энергетикалық объектілер мен жылу желілерінің жай-күйі жаппай тексеріліп жатыр. Ағымдағы ахуал үкімет отырысында баяндалды. Бұдан басқа, үкімет мүшелері геологиялық саланы дамытудың төртжылдық жобалы тұжырымдамасын қарап, ондағы негізгі бастамаларды айқындады.
19 ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАЙЫ МҮЛДЕ НАШАР
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың хабарлауынша, ведомство 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізді. Сөйтіп, қызыл аймаққа 19, сары аймаққа 11 жылу электр орталығы кірген, 7-еуі жасыл аймаққа іліккен. Жылу электр орталықтарын тәуекел аймақтары бойынша анықтау кезінде жабдықтың тозуы, технологиялық бұзушылықтар саны, пайдалану мерзімі (республика бойынша орташа пайдалану мерзімі – 61 жыл) және кадрлардың жетіспеушілігі сынды 4 өлшемшарт ескерілді.
Қызыл аймақтағы жылу электр орталықтары үшін келесі күзгі-қысқы кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында 2023 жылы іске асыру мерзімімен негізгі жабдыққа күрделі жөндеу, реконструкциялау, жаңғыртуды (98 қазандық, 54 турбина) жүргізу көлемі айқындалды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың мәліметінше, бүгінгі күні қалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 12,1 мың шақырымды құрайды, оның 6,7 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, орташа тозу деңгейі – 55%. 2015 жылдан 2022 жылға дейін «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары аясында бюджеттік кредит және субсидиялау тетіктері арқылы 295 млрд теңге бөлінді, 3 546 шақырым желілер салынды және реконструкцияланды.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі ЖЭО-1-дің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтауда ыстық сумен жабдықтауды қалпына келтіру, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды тұрғындарын жылумен жабдықтау және Теміртаудағы ЖЭО-2-нің жұмысы, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы ахуал және қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Премьер-министр қыркүйек айында өңірлердің әкімдері жылу беру маусымына дайынбыз, ешқандай проблема жоқ деп баяндағанын еске салды. Бірақ күн суытқанда бірнеше төтенше жағдай орын алды. «2 айдың ішінде 2 бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды. Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін белсенді шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды», – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, тексерулер басталды, өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді.
Премьер-министр бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмегенін атап көрсетті. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ. «Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді», – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы тоқталып өткендей, қалалар кеңейіп, құрылыс секторы қарқынды дамуда. Абоненттердің саны да артты. Мұның барлығы, қолданыстағы жылу резервтерінің сарқылуына алып келді. Мұндай жағдай Астана, Алматы, Павлодар Ақтауда тіркелді.
Сонымен қатар аудандардың дұрыс жоспарланбауы, тұрғын үйлер мен жылу желілерін бейберекет салуы суық түсе апатты жағдайларға соқтырып жатыр. Қала ішінде ауаны ластайтын автономды қазандықтар салынуда.
Сондай-ақ желілер мен жылу орталықтарына және қазандықтарға сапасыз қызмет көрсетіледі. Тұтынушылардың қарыздары және газдандыруда қиындықтар бар. Жаңадан жылу орталықтарын салу жұмыстары созылып кетті. Бұған мысал ретінде, елордадағы 3-ші жылу орталығының құрылысын айтуға болады.
Осыған орай, премьер-министр электр станцияларын тексеруді 2023 жылдың 1-ші тоқсанында аяқтауды тапсырды. «Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км! Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді», – деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, премьер-министр жылу желілерін реконструкциялау бойынша қажетті құжаттарды әзірлеу жұмыстарын бірінші жартыжылдықта аяқтауды, тиісті жұмыстарды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттер бөлу мәселесін пысықтауды, сондай-ақ 2 апта ішінде мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту тәсілдерін қарастыруды тапсырды.
ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАР ҚАЛАЙ БАРЛАНУДА?
Үкімет отырысында күн тәртібіндегі басты мәселеден кейін геологиялық саланы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, тұжырымдаманың негізгі мақсаты – пайдалы қазбаларды барлауға инвестиция тарту үшін жағдай жасау. Сонымен қатар саланың негізгі проблемаларын шешу үшін келесі төрт бағыт: жер қойнауын геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру және минералдық-шикізат базасын толықтыру; геология саласын цифрландыру және ақпараттандыру; ғылыми-зерттеу және кадрлық қамтамасыз ету; инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, тұжырымдама шеңберінде жер қойнауын пайдалану саласында лицензиялар алу жөніндегі рәсімдерді барынша жеңілдету, инвесторлар мен уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы бизнес-процесті автоматтандыру, қатты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге лицензиялар беру процесінің «ашықтығын» қамтамасыз ету қарастырылып отыр.
Әрі қарай осы тақырып бойынша энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдап болған премьер-министр Қазақстан минералдық-шикізаттық ресурстардың саны мен түрі жағынан әлемде жетекші орындардың қатарында екенін, алайда соңғы жылдары пайдалы қазбалардың көптеген түрі бойынша жаңа қорларды ашу жұмыстары мардымсыз жүріп жатқанын айтты. Мысалы, таяу онжылдықта Шығыс Қазақстанда Орлов, Малеев, Тишинское және Риддер-Сокольное сияқты ірі металл кен орындары игерілетін болады.
«Өнеркәсіптік шикізатқа сұраныстың өсуі жаңа кен орындарын іздеп-тауып, минералдық-шикізат базасын кешенді дамытуды талап етеді. Осыған байланысты геологиялық барлау саласына инвестициялар тарту үшін тиісті жағдай жасау қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету мақсатында ұлттық геологиялық қызмет құрылды, Kaznedra ақпараттық платформасы пилоттық режимде жұмыс істеп тұр және жер қойнауын пайдалану саласында нормативтік-құқықтық база түбегейлі өзгерді. Бұл жер қойнауы мен геологиялық ақпараттың барынша қолжетімді болуына, кен орнын ашқан компаниялардың оны әрі қарай игеру үшін құқықтарын қорғауды күшейтуге және барлық процедураны айтарлықтай жылдамдатуға мүмкіндік берді. «Қаралып отырған тұжырымдама жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа шаралар ескеріле отырып, әзірленді. Онда саланы цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру сияқты саланы дамытудың басым бағыттары көрініс тапқан», – деді премьер.
Ұсынылған тұжырымдама бойынша дауыс беру рәсімі өткізілгеннен кейін Әлихан Смайылов экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оған енгізілген бастамалардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

720 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *