• Білім & Ғылым
  • 12 Қаңтар, 2023

Білім сапасына зор маңыз беріледі

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Іс-шараға премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Президент әкімшілігі және Парламент өкілдері, ЖОО ректорлары, ҒЗИ мен министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты.

Министр Саясат Нұрбек 2022 жылды қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдар­ламасы аясында 2023 жылға арнал­ған міндеттерді таныстырды.

«Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды тұғырнамасы аясында жоғары білім саласын дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Біріншіден, студенттердің стипендиясын 2025 жылға дейін 2 есеге арттыру жоспарланған. Екіншіден, барлық студенттердің әлемдік цифрлық кітапханаларды тегін пайдалануын қамтамасыз ету. Үшіншіден, студенттік жатақ­ханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу. 2023 жылы ЖОО басшыларымен бірлесіп осы міндеттерді іске асыру бойынша жұмыстар басталады және жалғастырылады», – деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ, министр өз сөзін­де министрліктің даму стратегиясына негіз болған жоғары білім берудің басым міндеттерін атап өтті. «Жоғары білімнің қолжетімдігі үшін гранттарды 2025 жылға дейін жыл сайын 5000-ға ұлғайту көзделген. Шәкіртақы мөлшері бойынша да осындай динамика болады. Еңбек нарығы қазірдің өзінде сұранысқа ие болу үшін тек бір саладағы білімнің жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Ол үшін кадрларды даярлау­да пәнаралық тәсіл принципі көбірек қолданылуда. Студенттер контингентінің жыл сайын ұлғаюы жоғары оқу орындары арасында бәсекелестікті арттырады және білім беру бағдарламаларының алуан түрлілігіне әкеледі. Еңбек және білім нарығын үндестіру үшін біз жоғары оқу орындарының ОПҚ арасында форсайт-сессия және өңірлік нарықты талдау негізінде кәсіптердің өңірлік карталарын әзірлеу бойынша жұмысты бастадық», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Баяндамада жоғары оқу орын­дарының сапасын қамтама­сыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, қабылданған шешімдер үшін аккредиттеу органдары­ның жауапкершілігі күшейтілді. Бұдан былай сапасыз ЖОО-ларды аккредиттеген аккредиттеу органдары тізімнен шыға­рылатын болады. Бұдан басқа, министрлік педагогикалық білім беруді аккредиттеудің маман­дандырылған стандартын бекіту­ге бастама жасады. Бұл стандарт жоғары оқу орындарында мұға­лімдерді даярлау сапасын қамтамасыз етуде басшылыққа алынады.

Өз сөзінде Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жаңадан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң әзірленетінін, ол ғылым саласындағы жаңа бағытқа көшуге негіз болатынын және сол арқы­лы ғылым мен технологияның тың моделін енгізу қамтамасыз етілетінін атап өтті.

Сонымен қатар ведомство басшысы министрліктің ма­ңызды бағыттарының бірі – тіл саясаты бойынша 2022 жылды қорытындылады. Министрдің айтуынша, ЖОО мен ТжКБ үшін қазақ тіліндегі 20 атаудағы оқулық шығарылды. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай 63 іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, Үкімет қаулысымен «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгілері бекітілді. «Сайлауалды тұғырнама аясында Мемлекет басшысы тілге байланысты кемсітудің кез келген түріне табанды түрде қарсы тұра отырып, мемлекеттік тілді одан әрі дамыту мен іс жүзінде қолдануды ынталандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Тіл саясатын жүзеге асырудың 2023-2028 жылдарға арналған Тұжырымдама жобасы әзірленеді», – деді Саясат Нұрбек.

Сөз соңында министр Мемлекет басшысының сайлау алдын­дағы платформа шеңберінде көзделген барлық тапсырмалары білім беруді дамыту және ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында, сондай-ақ министрліктің алдағы кезеңге арналған даму жоспарында қамтылғанын атап өтті.

Алқа отырысының қоры­тындысы бойынша премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов ғылым, жоғары білім беру және тіл саясатын дамыту саласында бірқатар нақты тапсырмалар берді.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

 

10405 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы