- Бизнес & Қоғам
- 12 Қаңтар, 2023
Отбасының цифрлық картасы іске қосылды

Елімізде қаңтардың бірінен мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін Отбасының цифрлық картасы іске қосылды.
Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған «Smart Data Ukimet» аналитикалық жүйесімен интеграцияланған. Онда табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуы, отбасы құрамы, кредиттің бар-жоғы және т.б. қажетті ақпарат қамтылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасына сәйкес, қазіргі күні мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Отбасының цифрлық картасында Қазақстанның 19,5 миллион азаматы немесе 6,3 миллион отбасы туралы ақпарат жинақталған. Қолда бар деректер негізінде экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй, денсаулық және білім жағдайларына қарай отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға және қадағалауға мүмкіндік беретін талдаулар жүргізіледі, ал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда отбасылық карта жәрдемақы немесе әлеуметтік төлемді проактивті түрде алуға мүмкіндік береді. Ол үшін отбасылық карта арқылы әлеуетті жәрдемақы алушыға SMS-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда қажетті төлем тағайындалып, тиісті қаражат банктік шотына аударылады.
Отбасының цифрлық картасы былтырғы 1 қыркүйектен бастап қанатқақты режимде іске қосылған болатын. Сынақ кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін барлығы 56,9 мың SMS-хабарлама жіберіліп, жауап берген 12,9 мың азаматқа қолдау шаралары көрсетілген. Қазіргі күні аталмыш картада жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызмет алу мүмкіндігі берілген. Атап айтқанда, жүктілікке және босануға, бала күтіміне байланысты, жұмысынан, асыраушысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлемдер; мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақылар, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, көпбалалы отбасыларға, Күміс немесе Алтын алқалармен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек.
Сондай-ақ азаматтарға Отбасының цифрлық картасы арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама жіберіледі.
Салалық ведомство баспасөзі қызметінің хабарлауынша, биыл әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтіледі. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. Ал 2025 жылы осы аталған үш сала бойынша мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылмақ.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1514 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *