- Бизнес & Қоғам
- 12 Қаңтар, 2023
Ұлтқа төнген қауіп

Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сәйкес, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға артып, әлемде шамамен 300 миллионға жуық нашақор тіркелген. Ал есірткіні қолдану салдарынан жыл сайын 500 мыңнан астам адам өмірден өтеді екен. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде есірткіге тәуелді жүз мыңнан аса адам есепте тұрған көрінеді. Осы ретте Мемлекет басшысы өткен жылғы халыққа арналған Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы – болашақ ұрпақтың келешегіне қауіп төндіретінін атап өткен болатын.
Сонымен аталған ұйым 2013-2016 жылдар аралығында Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда психобелсенді заттардың көбірек тәркіленгені туралы жазған. Пандемия басталған жылдары нарықта есірткі көлемі азайып, нашақорлардың есірткі жеткізушілерге деген сенімі төмендеген десе де,қазіргі күні елімізде есірткіге тәуелділік пен оның заңсыз айналымы ұлтқа төнген басты қауіп екендігін айтып отыр мамандар. Қазақстан есірткі өлімі жағынан әлемде 34-ші орында тұрған көрнеді. Ішкі істер министрлігі бір жылда синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты 1400-ден аса қылмыс тіркелгендігін,оның ішінде 142 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленіп, 17 есірткі зертханасы жойылғандығы туралы ақпарат берген еді өткен жылдың аяғында. Құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына қатысты жүзге жуық қылмыстық құқық бұзушылықты анықтап, алдынғы жылы Астана қаласы мен Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарында 25 келіден астам дайын есірткі және оларды жасауға арналған 3,5 тонна прекурсор тіркелгендігін әрі заңсыз айналыммен 42 тонна әртүрлі прекурсорлар анықталғандығы жөнінде ақпар берген болатын. Ал Республикалық психикалық денсаулық сақтау орталығының директоры Николай Негай, 2016-2020 жылдар аралығында жаңа психобелсенді заттарға тәуелді адамдар саны 60 есе ұлғайғанын айтқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған Жолдауында «Мен синтетикалық есірткі мәселесіне ерекше назар аударғым келеді. Өкінішке қарай, адам психикасына әсер ететін заттар тез таралып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Қазақстанда есірткіге тәуелді жүз мыңнан аса адам есепте тұр. Оның ішінде балалар да бар. Бұл – біз білетін мәлімет қана. Осы ретте Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап етемін. Біз бүкіл қоғам болып бұл кеселге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз», – деген еді. Өткен жылы республика бойынша есірткі қылмысына қатысты үш мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған. Оның жартысынан көбі, яғни 60%-ы есірткіні сатумен айналысқан. Осыған байланысты республика бойынша нашақорлыққа қарсы 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора – 2022» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілді. Аталған шара аясында он үш мың тоннаға жуық есірткі тәркіленіп,оның ішінде героин –33 кг, апиын – 68 кг, синтетика – 507 кг, гашиш – 705 кг, марихуана – анаша дейміз, 4 тоннадай, қалғаны канабис секілді өсімдік түрлері анықталып, есірткімен айналысатын 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 белсенді қатысушысы жауапқа тартылды. Олар есірткіге қатысты 13 ауыр қылмыс жасаған. «Жыл басынан бері есірткі жарнамалайтын 2 мыңға жуық сайт бұғатталды. Әрине, біз халыққа шектеу қоя алмаймыз. Төлемді тоқтата алмаймыз. Сондықтан Қазақстанда ең танымал онлайн-платформалар мен төлем жүйелері меншік иелерінің өкілдіктері мен кеңселерін кеңейту құзыретті органдардан теңдестірілген шешім әзірлеуді талап етеді. Тек осылай ғана олардың қызметін біздің заңнамаға сүйене отырып реттей аламыз», – деді брифинг барысында ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Бақытжан Әмірханов. Департамент басшысы «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасына Ұлттық ұлан күштері мен құралдары және техникалары, «Бүркіт» жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарындағы арнайы бөлімшелердің жауынгерлері жұмылдырылғанын атап өтті. Тікұшақ техникасы, жоғары өтімді автокөлік, сонымен қатар алғаш рет ұшқышсыз ұшатын аппараттар пайдаланылған. Жыл сайын 10-15 тонна аралығында есірткі тәркіленіп, 50-дей ірі плантация жойылады. Мұның бәрі есірткі бизнесінің осы түрінің жоғары ұйымдастырылғанын көрсетіп отырғандығының белгісі. Өткен жылдың тамыз-қыркүйек айлары аралығында ІІМ Ұлттық ұлан және ҰҚК қызметкерлері Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағында тікұшақтардың көмегімен әуеден барлау жұмыстарын жүргізіліп, нәтижесінше, есірткі егудің 19 фактісі анықталғандығына тоқталды. Сонымен қатар ол бірлескен операцияның нәтижелерін егжей-тегжейлі таныстырды. «Әуе көліктерімен 20 рет ұшуы кезінде марихуана сақтаудың 2 фактісі, есірткі егудің 19 фактісі анықталды. Жалпы салмағы 5,5 тонна болатын 10 мыңнан астам қарасора бұталары жойылды. Абай облысының Үржар ауданында қаскүнемдер есірткі егуге тырысқан. 105 кг дайын өнім және 2 мыңға жуық өсірілген қарасора бұталары тәркіленді. 13 адамның 8-і бұрын осыған ұқсас қылмыстары үшін сотталған. Олар - Қызылорда облысының тумалары. Яғни, есірткі сатушылар егіс орындарын ауыстырып отыруға тырысады. «Шу қарасорасының» таралуы да солай. Жамбыл облысында жабайы қарасора жалпы ауданы шамамен 148 мың гектар жерде өсірілген», – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Б. Әмірханов. «Қарасора – 2022» жедел алдын алу шарасы аясында ол жыл сайын алқапта қылмыскерлерді аңду және ұстау бойынша іс-шараларды өткізу үшін жол талғамайтын көліктермен және арнайы техникамен жабдықталған «Дельта алқабының» арнайы жасағының қызметкерлері жұмылдырылғанын да атап өтті. Мәселен, Маңғыстау облысы мен Астана қаласында ұсталған адамдардан осы қарасора сортының 250 кг тәркіленіп, аталған жүкті логистикалық компания жеткізгені анықталған. Қазақстанда «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру» жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Ол құжатқа сәйкес, жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысы күшеюі керек. Үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер де аталған жол картасын жүзеге асыруға атсалыса алады. Есірткіге тәуелділіктен өзге,есірткі саудасының көлемі әлемде заңсыз қару-жарақ, мұнай саудасының айналымынан кем түспейтің болып отыр. Бұл көлеңкелі бизнес түріне жататындықтан, оның тауар айналымы жайлы нақты, анық дерек жоқ. Кейбір деректерде әлемдік есірткі саудасының көлемі 800 миллиард АҚШ доллары екені айтылса, тағы бір деректерде бір триллион АҚШ долларына дейін жететіні жазылады. Уақыт өткен сайын жаңа технологияның, коммуникация түрлерінің өркендеуін есірткі саудасымен айналысатын трансұлттық қылмыстық ұйымдар да өз пайдасына жаратып, қылмыстардың көлемін, ондағы тауар айналымының дамуын, интернет арқылы маркетинг жолдармен іске асырылып отырғаның айтуға болады. Ал елімізде есірткімен күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін ескерсек, мемлекет басшысының тапсырмасымен есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілуде. Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін оның ішінде графити-суреттер мен QR кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді. Сонымен қоса, «www.polisia.kz» сайты арқылы еліміздің әр өңірінде күнделікті есірткі сатумен, оны тасымалдаумен, тұтынумен айналысқан тұлғалардың ұсталып жатқанын, онымен күрес жұмыстары туралы ақпаратпен танысуға болады. Интернет технологиялардың дамуына және синтетикалық есірткіге сұранысы есірткі саудасын түрлендіре түскен. Осыған орай, Ішкі істер органдары интернет желісіндегі құқыққа қайшы контентті бұғаттау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістіктің мониторингін жүргізуді қолға алған. Мәселен, 2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген толықтыруларға сәйкес, есірткі психотроптық заттарды жеткізу мақсатында заңсыз өткізу туралы 297-бап электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы деген тармақ қосылды. Бұл қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Сонымен қатар осы заңдағы тағы екі бапқа толықтырулар енгізілді. Онда электронды ресурстар арқылы есірткі қолдануға көндіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бекітілді. Ал олардың көмегімен есірткі өндірісінде пайдаланылатын заттардың айналымы үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Бұл қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған.Қазақстан есірткі саудасымен күресте көршілес Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей сияқты мемлекеттермен және халықаралық қауымдастықпен тізе қосып әрекет етіп жатыр. Өйткені есірткі саудасын тоқтату немесе азайтуға бір ғана мемлекеттің әлеуеті жетпейтіні анық. Қазіргі күні ең өзекті мәселелердің бірі жастардың есірткіге тәуелділігі. Алматы қаласы наркология орталығының мамандары, осы дертке шалдыққан жастардың жиіліп кеткендігін, 13-15 жастағы боз балалардың есірткі туралы ересектерден естіп,оған деген қызығушылық танытып өздерін соған бой алдыратындығын және олардың нашақорлықтың соңы ауыр дертке алып келетін жағдайды түсінбейтіндігін айтуда. Кез келген есірткі түрі адам денсаулығы мен психикасын бұзады. Жасөспірімдер өтпелі кезеңде болғандықтан ата-аналары олардың немен әуестенетіндігіне, достарының кім екендігіне, жолдастарының арасында есірткі мен алкогольдік ішімдікті қолданатындардың бар-жоқтығына көңіл бөліп, мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару қажет. Оларға нақты мысал келтіріп, нашақорлық қаупін жете түсіндірген жөн. Қазір табиғи есірткіден гөрі мас қылатын жасанды препараттардың айналымы артуда. Келтірілген мәліметтерге қарағанда есірткі тұтынушы адам бір жылда кем дегенде бес адамды осы әрекетке тартып, ауруын жұқтырады екен. Есірткіге тәуелділердің 27%-ын 12-16 жастағылар құраса, 42%-ынан астамы 17-26 жас арасындағылар көрінеді. Әлемді жайлаған осы дерт тамырын кеңге жайып, бұл жұқпалы аурудың біздің елден де айналып өтпей өз уын шарпып отырғандығын ескеру керек. Негізінен, есірткіні қолданушылардың басым бөлігі мектеп қабырғасындағы жасөспірімдер. Әр нәрсеге еліктегіш жас жеткіншектер бір рет қолдансам ештеңе етпес деп жүріп, оған қалай тәуелді болып қалғанын сезбей қалады. Міне, есірткіге тәуелді болу деген осы.
Жаңа жылдың алғашқы аптасында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен арнайы операциясы кезіңде Алматы облысынан ірі есірткі зертханасы анықталып, жойылды, деп хабарлайды Polisia.kz. Ақпараттық медиа порталдың жазуынша арнайы операцияны сәтті жүзеге асу үшін прокуратура органдарының келісімі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілген. 7-ші қаңтарда ІІМ және ҰҚК күштері ауқымды синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойды деген күдікпен ер адамды ұстаған. Анықталған есірткі зертханасын тінту барысында 30 келі «мефедрон» психотроптық заты мен есірткі өндіруге арналған бір тоннадан астам химиялық реактивтер табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта синтетикалық есірткі өндірісіне қажетті жабдықтарды жеткізу арналары және басқа да сыбайластарды анықтау бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Аталмыш фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 297 бабының 3 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталатындығын атап өтті құқық қорғау органының өкілдері.
ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

1564 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *