• Қаржы
  • 12 Қаңтар, 2023

Төлем теңгерімі профицитпен түзілді

Жетпісбай Бекболатұлы,

әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

«Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» деп Абай атамыз айтқандай, тауды үңгіп, тасты үгіткен замана желі табиғатқа иелік етіп қана қоймай, адамзат қоғамын да түбегейлі өзгертетіні бесенеден белгілі. Кезінде жүйрік баптап, сәйгүлік мінген жұрттың бір-бірімен алмасатын жорғасы мен дорбасының орнын бүгінде ғаламтор арқылы әп-сәтте қалтадан қалтаға, елден елге ауысатын қаржы-қаражат басқан. Айналыстағы ақша есепті сүйетіндіктен, бар мен жоқты безбендеп, төлем теңгерімін түгендеп отыру – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Осы арқылы елдің әлемдік саудаға, халықаралық экономикалық қатынастарға қатысу дәрежесін межелеуге болады. Енді осыған келейік.

Күні кеше қош айтысқан барыс жылының қорытындылары жаман емес. Жуырда ғана қаржы қозғалысының былтырғы 9 айдағы есеп-қисабын ұсынған Ұлттық банк төлем теңгерімінің ағымдағы шоты 8 млрд АҚШ доллары көлемінде профицитпен қалыптасқанын жария етті. Бұл – көңіл қуантарлық көрсеткіш. Құзырлы мекеменің мәлімдеуінше, профициттің өсуі тауар экспортының импорттан асып түсетін өсу қарқынымен қамтамасыз етілген. Сауда экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,4 пайыз өсіп, 64,2 млрд АҚШ долларына жеткен. Тауар экспорты тұрақты сыртқы сұраныспен және шикізатқа, атап айтқанда мұнайға әлемдік бағаның жоғары деңгейімен қамтамасыз етілген. Сондықтан мұнай экспорты мен газ конденсаты 63,4 пайыз өсіп, 36,4 млрд АҚШ долларын құраған. Өз кезегінде тауар импорты 17,5 пайызға өсіп, 35 млрд долларға жеткен. Тікелей шетелдік инвесторлардың кірістері де есепті кезеңде 19,9 пайызға немесе 3,3 млрд АҚШ долларына өсіп, 19,7 млрд долларды құраған. Тауар экспортының өсуі шетелдік инвесторларға тиесілі кіріс төлемдерінің ұлғаюымен қатар жүретіндіктен, қаржы шотында 7,8 млрд АҚШ доллары көлеміндегі оң сальдоның қалыптасуы сыртқы активтердің ұлғаюын және резиденттердің сыртқы міндеттемелерінің төмендеуін білдіріп отыр. Резервтік активтер 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 32,6 млрд АҚШ долларына бағаланды, бұл тауарлар мен қызметтердің қазақстандық импортының 7 айдағы қаржыландыру қажеттілігін қамтиды. Болжам бойынша 2022 жылғы төлем теңгерімінің ағымдағы шоты 6,4 млрд АҚШ долларына парапар болмақ. Оның құрамдас бөліктері мынадай. Тауар экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 40 пайызға жуық өсіп, 84,4 млрд долларды құрайды. Бұл ретте экспорттың жалпы көлемінің 55,3 пайызы көмірсутекті шикізаттарға қатысты болып, ол 15,6 млрд АҚШ долларына өседі, сөйтіп, жалпы сома 46,7 млрд долларға жетеді.

Тау-кен өнеркәсібінде шетелдік инвесторлар­дың жоғары шоғырлануына байланысты шикізат бағасының өсуі тікелей шетелдік инвесторларға тиесілі төлемдердің ұлғаюына әкеліп соқтырды. Бұл ретте тұрақты сұраныс импорттың 2022 жылы 17,6 пайыздан 48,9 млрд долларға дейін одан әрі өсуін ынталандырды. Орта мерзімді келешекте ағымдағы операциялар шотының профициті 2023 жылы 1,9 млрд долларға, 2024 жылы 1,2 млрд долларға және 2025 жылы 0,6 млрд долларға дейін қысқарады деп күтілуде. Осы орайда бұдан бұрынғы болжамдардың бірқатары қайта қаралғанын айта кету керек. Мәселен, өткен тамыз-қыркүйек айларында ағымдағы шоттың профициті 2022 жылы 7 млрд долларға, ал 2023 жылы 7,5 млрд долларға дейін ұлғаяды деп болжанды. Кейіннен болжамдар профицитті 2022 жылы 6,4 млрд долларға және 2023 жылы 1,9 млрд долларға дейін төмендету бойынша қайта қаралды. Болжамдарды қайта қарау төлем теңгерімінің әдіснамасы бойынша тауарлар импортын бағалауға айтарлықтай түзетулер енгізумен, сондай-ақ 2022 жылғы үшінші тоқсандағы импорттың өсу серпінімен байланысты болды. Бұл ресми сауда статистикасында көрсетілмеген электрондық коммерция тауарларына қатысты. Өткен жылдың 9 айында төлем теңгеріміндегі тауар импортын жиынтық есептеу 1,1 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде төлем теңгерімінде түзету ретінде ескерілген 0,7 млрд АҚШ доллары автокөліктердің «сұр» импортына және 0,4 млрд доллары электрондық коммерция үлесіне тиесілі. Ресми статистикаға сәйкес, есепті кезеңде тауар импорты 16 пайызға өсіп, 34,6 млрд долларды құраған, бұл күткендегіден 1,2 млрд долларға көп. Осыған байланысты төлем теңгерімі бойынша тауарлардың күтілетін импорты 2022 жылы 48,9 млрд АҚШ долларына дейін және 2023 жылы 51,3 млрд АҚШ долларына дейін қайта қаралды.

Алдын ала жасалған болжамға сәйкес үстіміздегі жылы күтілетін импорт айтарлықтай болып, 2016 жылғы деңгейден екі есе асып, өзінің рекордтық деңгейіне жетеді. Сонымен бірге, 2024 және 2025 жылдары импорттық тауарлардың одан әрі өсуі тиісінше 54,1 млрд және 54,6 млрд АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Тауар экспортына келсек, мұнай бағасының базалық сценариі бойынша 2023 жылы тауар экспорты 84,9 млрд АҚШ долларын құрап, 2022 жылғы деңгейде сақталмақ. Бұл ретте мұнай экспорты өндіру көлемінің күтілетін ұлғаюына байланысты 2023 жылы 0,4 млрд долларға өсіп, 47,1 млрд долларға жетеді. Осылайша, экспорттың жалпы көлеміндегі мұнай үлесі 50 пайыздан астам басымдыққа ие болуды жалғастырады.

10305 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы