• Өндіріс өрісі
  • 12 Қаңтар, 2023

Өңдеу – өмір қажеттілігі

Қостанай облысының тау-кен өндіру саласының бірқатар ірі кәсіпорындарында бір жыл ішінде өндіріс қарқыны төмендеген. Бұл үдерістің себебі талданып, нақты шешімдер қабылдануда.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарымен шығарылған өнім сомасы 2,3 трлн теңге көлемінде болады деп күтілуде. Тау-кен өнеркәсібінде өндірістің баяулауы тіркеліп, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі ірі кәсіпорнында өткен жылдың қорытындысы бойынша темір кені концентраттары өндірісі 44,1%-ға айтарлықтай азайған. Сала құрылымындағы кәсіпорынның үлесі шамамен 70%. «Өркен» ЖШС Лисаковск тау-кен кәсіпорнында да «АрселлорМиттал» темір кені концентратына қажеттіліктің төмендеуімен байланысты проблемалар бар. Сұраныстың төмендеуінің себебі – фосфордың жоғары болуына байланысты концентраттың төмен тұтынушылық қабілеті. Облыстың тау-кен өндіру саласындағы «Қостанай минералдары», «Вар­варинское», «Қазақстан алю­миниі», «Комаровские» сияқты кәсіпорындары тұрақты режимде жұмыс істейді. Жалпы, тау-кен өндіру саласының кәсіпорындары 800 млрд теңге сомасына өнім өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 28%-ға төмен.

Бұл мәселеге Қостанай облы­сының әкімі Құмар Ақсақалов назар аударып, ССКӨБ сынды компаниялар кенді экспорттаумен айналысып қана қоймай, оны қайта өңдеуді үйренуі қажеттігін атап айтты. «Біз 2022 жылдан бастап ССКӨБ-да темір кені концентраты өндірісінің, түйіршіктердің едәуір төмендегенін көріп отырмыз, Сондықтан кәсіпорын жағдайды теңестіру үшін барлық шараларды қабылдауы қажет, – деп атап өтті өңір басшысы. – Кенді қайта өңдеу жобасын қалай жүзеге асыру керектігін ойластыру қажет. Ондаған жылдар бойы біз кенді көрші елдерге шығарып келдік, елде темір жетіспесе де өзімізде қайта өңдеуге асықпадық. Ендігі жерде бұл жобаны қалай жүзеге асыру керектігін ойлауымыз керек. ERG және ССКӨБ басшылығы жақын арада осы жобаның даму пайымын ұсынуы тиіс».

Бұл мәселе «Өркен» ЖШС-іне де қатысты, онда да өндіріс көлемінің азаюына жол бермей, оны шешудің тиімді жолдарын қарастыру қажет.

Жалпы, биыл Қостанай облысында 12 млрд теңгеден астам сомаға 5 ірі жобаны іске асыру және мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қонқабаев мәлімдегендей, өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,4 трлн теңгеге өнім өндірілген. Өңдеу саласындағы өсім машина жасау, азық-түлік және металлургия өнеркәсібі өндірісін ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген. Өткен жылы жалпы сомасы 20 млрд теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 600 жұмыс орны құрылды. 2023 жылы 112 млрд теңгеден астам сомаға 5 инвестициялық жобаны іске асыру және мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

Биыл «Беларус» маркалы тракторлар өндірісі бойынша жобаны іске асыру аяқталмақ. Кәсіпорында техниканың осы түріндегі кабинаның өндірісі іске қосылады, бұл оқшаулау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба бойынша инвестициялар жылына 10 мың кабинадан тұратын 100 жұмыс орнын құрумен 83 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын өнеркәсіпті дамыту қорымен өнді­рістік цехты жарақтандыруға лизинг­тік қаржыландыру алу бойынша келіссөздер жүргізуде.

Биыл аяқталатын жобалар ішінде Қостанай облысының оңтүстігінде орналасқан қуаттылығы жылына 600 бірлік өнім шығаратын «Технопарк кз» ЖШС жобасы да бар. Қазірде құны 180 жұмыс орнын құрумен 2,9 млрд теңгені құрайтын жоба нысанының құрылысы жалғасуда.

Ал «Сарыарқаавтоөнеркәсіп» бойынша биыл жаңа Chevrolet Enix өндіру бойынша жобаны іске асыру жоспарланған. Жоба шамамен 23 млрд теңгені құрайды, жергілікті билік 400 жұмыс орнын құрып, жылына 30 мың бірлік авто өндіруге ниетті.

«Kamlitkz» индустриялық ЖШС аумағында құны 160 млрд теңгеден асатын екі ірі зауыт салынуда. Солардың бірі – жылына 45 мың тонна құйма өндіретін шойын құю зауыты биыл іске қосылады деп жоспарлануда. Жобаның құны 300 жұмыс орнын құрумен 78,2 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ алаңда жүк техникасына арналған басты жетекші көпірлер шығаратын зауыт құрылысы жүргізілуде. 82,5 млрд теңге көлемінде инвестиция бағытталған жаңа кәсіпорында 360 жұмыс орны ашылады делінуде.

Ағымдағы жылы тағы бір ірі жоба пайдалануға беріледі. Арқалықтағы «Торғай Инвест Групп» ЖШС құны 159 млн теңге болатын қуаттылығы жылына 50 мың дана конвейерлік роллерлер шығаруға кіріспек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

676 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы