• Аймақ тынысы
  • 12 Қаңтар, 2023

Өнеркәсіп дамуында не өзгеріс бар?

Өнеркәсіп – пайдалы қазбалар мен басқа да табиғи шикізатты өндіруден бастап, өңдеуге машықтанған әрі халыққа арнап алуан түрлі тауарлар шығаратын кәсіпорындардың қызметі жолға қойылған ұлттық экономиканың маңызды бөлігі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегі бойынша 2022 жылдың қаңтар-қараша аралығында өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2021 жылдағы кезеңмен салыстырғанда 101,4%-ға жетті. Бұл өсім өңдеу (4,2%), металлургия (3,9%), машина жасау (8,9%) жеңіл өнеркәсіп (6,9%), сондай-ақ түсті металл кендерін өндіру саласындағы (5,9%) өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен байқалып отыр. Сонымен бірге тау-кен өнеркәсібіндегі көрсеткіш 0,9%-ға төмендеген.

Салалық басқармалардың жұмысы қорытындыланып, алдағы жоба-жос­парлары таныстырылған жиында жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустрия­сы, түсті және қара металлургия, көмір және химия өнеркәсібі, машина жасау, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жай-күйі баяндалды. Әрбір бағытты дамыту бойынша өз ұсыныстарын айтып, биылғы жылға көзделген негізгі мақсаттарға тоқталған индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов: «Өнеркәсіптің әрбір саласының ел экономикасындағы маңызы ерекше. Кәсіпорындарымыз ішкі, сыртқы нарықта белсенді дамып, ел азаматтарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтуда. Соған сай өз тарапымыздан қолдау көрсетіп, саланың жаңа деңгейге көтерілуіне септігімізді тигізуіміз керек», – деп атап өтті.

Автомобиль, арнайы техника және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау басқармасының басшысы Руслан Хисамутдиновтың айтуынша, 2021 жылы ЖІӨ-дегі автоөнеркәсіп секторының үлесі 0,5 пайызды құраса, 2027 жылы бұл көрсеткішті 6,9 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Алдағы уақытта жаңа жобаларды жүзеге асыра отырып, нарықтағы отандық авто үлесін 77 пайызға арттыру көзделген.

Ал арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар басқар­масының басшысы Алмат Досқа­лиевтің хабарлауынша, аймақтардың тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар жаңашылдықтар енгізілуде. Соның ішінде АЭА қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жол картасы әзірленгені, ол дамудың бас­ты стратегиялық құжатқа айналып, барлық мүдделі тараптарды нақты міндеттерді шешуге жүйелендіретіні айтылды. Технологиялық күрде­лілігіне, жобаны іске асырудың әлеу­меттік-экономикалық тиімділігіне қарай инвестициялық преференцияларды ұсынуда сараланған тәсіл қолданылады. Сондай-ақ аралас режимдегі аумақ енгізілмек.

Өткен жылы өнеркәсіпке цифр­лық технологияларды енгізуге байланысты ынталандырудың тың тетіктерін қолданған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъек­тілерінің еңбек өнімділігін арт­тыруға септігін тигізетін іс-шара­ларды кеңінен жүргізуде. Өнер­кәсіпке мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну қағидаларына сәйкес, шығындарды өтеу Индустрия 4.0 технологияларын енгізуге және автоматтандырылған басқару жүйелерін әзірлеуге немесе қолданысқа енгізуге (оның ішін­де лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға) беріледі. Осылайша, қазір 6 өнер­кәсіптік кәсіпорын IT-ше­шімдерге жұмсалған шығын­дардың орнын толтыра алды.

Сонымен қатар министрлік сатып алынатын жабдық құнының 50% (750 млн теңгеден аспайтын) мөлшеріне дейін технологиялық жабдықты жаңғыртуға арналған өнеркәсіптік грантты ұсыну ар­қылы өндіріс орындарын қол­дауды жалғастырып келеді. Биыл осы грантты ұсынуға респуб­ликалық бюджеттен 1,6 млрд теңге қарастырылған.

Биыл ИИДМ өнеркәсіпті қол­даудың қосымша шаралары ретінде бірқатар іс-шараларды: халық­аралық тау-кен металлургия конгресін, шетелдік делегат­тардың қатысуымен Қазақстан машина жасаушыларының XI форумын өткізбек. Astana Mining&Metallurgy – тау-кен индус­­трия­сындағы ауқым­ды іс-шаралардың бірі саналады. Жыл сайын ұйымдастырылатын жиын сала­аралық инвестициялық байланысты кеңейтуге, жаңа келісім­шарттар жасауға және заманауи сын-қатерлерге бірлескен ше­шімдерді әзірлеуге әсерін тигізіп келеді. Ал Қазақстан машина жа­сау­шылар форумында автокөлік өндірісінен бөлек, еліміздің өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиясы қалыптастырылып, салалық кәсіпорындарды арзан бағадағы шикізатпен қамтамасыз етудің және жергілікті қамтуды дамыту­дың жаңа тетіктері қарасты­рылады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

 

542 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы