• Аймақ тынысы
  • 12 Қаңтар, 2023

Түркістан төңірегіндегі тыңғылықты істер

Түркістан өңірінде өндіріс орындарын ашуға басымдық беріледі. Осы орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам және Түлкібас аудандарында іс-сапармен болып, жұмыс орындарын арттыру бағытындағы жобалармен танысты, жергілікті азаматтармен кәсіпкерлікті дамыту бағытында пікір алмасты.

Орталықтан келетін бюджет қаражатына емес, кәсіпкерлік пен зауыт-фабрикалардан түсетін табысқа сенім артқан жөн. Осы ретте облыста өндіріс орындарын ашуға басымдық беріледі. «Елді кәсіпкерлікке баулу, жаңа кәсіпорындар ашу мәселесін назарда ұстаңыздар. Бұл негізгі индикаторлардың бірі болады. Басшылардың жұмыс нәтижесі осы саладағы жұмыстармен де есептеледі», – деді облыс әкімі Сайрам ауданында өткен жиын барысында.

Облыс әкімі «CaPable Group мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жөргектер және сулықтар шығаратын өндіріс орнында болды. Бүгінде аталған кәсіпорын жылына 100 млн дана, тәулігіне 85-90 мың дана тауар шығаруға қауқарлы. 60 адам жұмыспен қамтылған.

Одан кейін Дархан Сатыбалды «Медикал Центр Манкент» кли­никасы мен «BELLA TRADE» жи­һаз фабрикасының жұмы­сы­мен танысты. 100 орынға арналған медициналық мекемеде 38 адам жұмыспен қамтылған. Ал жиһаз зауытында 120-ға жуық адам жұмыс істейді.

Бүгінде Сайрам ауданында агросала және мал шаруашы­лығы өте қарқынды дамып отыр. Солардың бірі – «NUR AGRO» шаруа қожалығы. Қазіргі таңда мұнда 35 адам жұмыспен қам­тылған.

 

 

3,6 гектар аумақта орналасқан шаруа қожалығында қияр мен қызанақ егіледі. Кәсіпкер бұл жобаны жүзеге асыру үшін өз қаражатын жұмсаған және «Аграрлық несие корпорациясынан» да қомақты қолдау несиесін алған.

Сайрам ауданындағы «Қайып ата» ЖШС 2016 жылдың тамыз айында құрылған. Кәсіпорын ет шаруашылығымен айналысады. 40 адам жұмыспен қамтылған. «Қайып ата» ЖШС-і етті Қазақстанға ғана емес, шет мемлекеттерге де экспорттап келеді.

Аталған кәсіпорындардың жұ­мысымен танысқан Дархан Сатыбалды өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар күшейетінін жеткізді. Жауапты басқармалар мен аудан басшылығына инвестиция тарту, индустриалды аймақтарды дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

 

МЫҢ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИТЫН

ЗАУЫТ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

 

Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында бір мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын «Састобе» инновациялық кешені» ЖШС-нің инженерлік жүйесінің құрылысы басталып кетті. Зауытты су, газ және электрмен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Түлкібас ауданында болып, өндіріс алыбының құрылыс алаңын аралады.

Аталған зауыт жеке инвестор қаражаты есебінен салынбақ. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды аталған жобаға қолдау көрсетуді, жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды. Отандық өнімнің түрін арттырып, дайын шикізатты өндеу ісін және дайын тауар шығару өндірісін дамыту мәселесі де маңызды екенін атап өтті. Аталған аумақта индустриалды аймақ салу мәселесіне тоқталды.

Жоба 2024 жылдың жаз мез­гілінде аяқталады деп күтіліп отыр. Іске қосылған соң зауытта жылына 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид (ПВХ) және 1 млн. тонна цемент өндірілмек. Жобаның жалпы құны – 122 млрд. 850 млн. теңге. 2008 жылы іске қосылған зауытта 200-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Мұнда әк тас өндіріліп жатыр.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды аудан басшысына инвесторлармен жұмысты күшейту, өндіріс орындарын көбейту жөнінде тапсырмалар берді. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған инфрақұрылым тарту мәселесін назарда ұстауды, бұл салаға облыс тарапынан да тұрақты қолдау болатынын жеткізді.

 

МАМАНДАР «ШАРДАРА» СУ ҚОЙМАСЫНА

ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ КӨТЕРДІ

 

Сырдария өзенінің жоғарғы ағысының артуынан «Шардара» су қоймасына тасталған су мөлшері көбеюде. Соңғы күндері су қоймасына орташа есеппен 1500 м3/сек не тәулігіне 42 млн текше метр су келіп, қойманың төменгі ағысына 1011 м3/сек су босатылуда. Бұл су қоймасының мерзімінен бұрын толуына әкеп соғып, көктем­гі тасқын су апаттық жағдайдың болу тәуекелділігін арттырады. Су шаруашылығы саласының мамандары стратегиялық маңызы бар «Шардара» су қоймасындағы қауіпке Үкімет назарын ауда­руы қажеттігін айтып, дабыл қақты. Кезек күттірмейтін мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты тал­қыланды. Оған «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы Маханбет Жазықбаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Күлән Қожамқұлова, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазбек Бедебаев қатысты. Облыс әкімі маңызды мәселеге қатысты сараптау жүргізуді тапсырды.

Сырдария өзенінің бойында орналасқан «Шардара» су қоймасы жарты ғасырдан асам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Су қойманың жалпы көлемі – 5200 млн текше метр құрайды. Су қоймада қазіргі таңда 4 млн текше метр астам су бар. Көксарай су реттегішіндегі су көлемі де артқан. «Шардара» су қоймасында апаттық жағдай орын алған жағдайда су қойманың төменгі бөлігіндегі 34 мың халқы бар 22 елді мекенді су басу қаупі бар.

Осыған байланысты «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының басшылығы бірнеше ұсыныс көтерді. Сала мамандары Түркіс­тан облысында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіп-қатерлерінің алдын алу үшін, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне наурыз айына дейін «Шардара» су қоймасының толуын 70%-дан (3 600 млн текше метр) асырмау және «Көксарай» су қоймасын 1600 млн текше метрден асырмау жөн деп санайды. Қауіптің алдын алу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан мәселені мемлекетаралық келіссөздер арқылы шешуге ықпал жасаудың маңыздылығы айтылды. Су шаруашылығы саласының мамандары су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апаттық жағдайдың алдын алу жөнінде Үкімет деңгейінде штаб құрудың маңыздылығын көтерді. Аталған мәселелер бойынша Үкімет пен тиісті министрлікке хат жолданды.

Басқосуда су астында қалған Мақтарал ауданындағы жағдай айтылды. Мәселен, екі-үш жыл бұрын жарылған Сардоба су қоймасына 900 млн текше метр су жиналса, «Шардара» су қоймасының көлемі одан 5-6 есе үлкен. Сондықтан шұ­ғыл түрде Шардара ауданындағы «Шардара» су қоймасының жанынан апатты су қашыртқы салынуы қажет.

 

СЕРВИСТІК МОДЕЛЬДІ ІСКЕ АСЫРУ ФОРУМЫ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан хал­қына жолдауында полицияның сервистік моделіне көшу бойынша тапсыр­масына сәйкес, өткен жылы Түркіс­тан облысы әкімдігінің жанынан ведомствоаралық топ құрылып, жұмысын бастады. Мақсат – қо­ғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу. Осы орайда таяуда Түркістан шаһарында «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі сервистік модельді іске асыру» тақырыбында ауқымды форум өтті. Шараға облыс басшысы Дархан Сатыбалды, ІІМ Б.Бейсенов атын­дағы Қарағанды академиясының ғылыми қызметкері Сағынған Молбасин, Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, Түркістан қаласының зиялы қауымы және қоғам белсенділері, жеке құрам мен ішкі істер органдарының ардагерлері, БАҚ өкілдері мен тұрғындар қатысты. Форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Дархан Сатыбалды: «Жиынның негізгі бағдары – халықтың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету. Өздеріңізге белгілі, мемлекет дамуы үшін елге тұрақтылық пен тыныштық керек. Полиция бұл жазалаушы емес, халықтың жанашыры болғаны жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан сервистік модельдің мақсаты да осы. Өңірде құқық қорғау органдарына қолдау жоғары деңгейде. Бұл жұмыстарды құқық қорғау қызметкерлері ғана емес, бәріміз бірлесе атқаруымыз қажет», – деп атап өтті.

Алғаш рет ұйымдастырылған форумның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының сервистік модельді енгізу тапсырмасы мен министр Марат Ахметжановтың нұсқауымен жүргізіліп жатқан жұмыстарды саралау, алдағы күнге жоспар құру, халықпен кері байланыс жасау. Жиын барысында сервистік модельді іске асыру бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген тәртіп сақшылары, полицейлерге көмектескен қоғам белсенділері мен еріктілер марапатталды. «Ішкі істер министрі «сервистік модель» жобасы аясында әрбір полиция органы жанынан сервистік орталықтар салынуы қажет екенін айтқан болатын. Сол себептен келесі жылды қала, аудандағы полицейлер жылы деп бекітіп, жеке құрамға демеу болу мәселесіне мән беретін боламыз. Полиция ғимараттарын жаңартып, жаңа талапқа сай құрал-жабдықтармен және сервистік орталықтармен қамтамасыз етеміз», – деді облыстың бас полицейі.

Түркістан қаласы – сервистік модель аясында пилоттық жоба ре­тінде таңдалған аймақтардың бірі. Қазіргі таңда өңірде бағдарламаның төртінші кезеңі іске асырылуда. Сондықтан «жұртқа жақын» полиция қағидаты бойынша жұмыстар жалғасып, жандана бермек.

 

712 ЕЛДІ МЕКЕН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛҒАН

 

Түркістан облысында инже­нерлік инфрақұрылымды жақсарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы салаға 34,8 млрд. теңгеге 110 нысанның құрылысы жоспарланған.

Бүгінгі таңда Түркістан об­лысындағы 712 елді мекен (85,7%) немесе 1971,7 мың адам (95%) таза ауыз сумен қамтамасыз етіл­ген. Биыл ауыз су бойынша 55 ны­санның құрылысына бюджеттен 19,2 млрд. теңге бөлініп, оның 11-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 719 елді мекен (86,5%) немесе 1 979,3 мың тұрғын (95,6%) ауыз сумен қам­тылатын болады. 2025 жылға дейін елді мекендерді сумен 100 пайыз қамту жоспарланған.

«2021 жылы электрмен жаб­дық­тау бойынша 19 жоба жүзеге асырылып, 32 мың тұрғыны бар 40 елді мекен қамтылды. Биыл электрмен қамтамасыз ету бойынша 42 нысанның құрылысына 13,6 млрд теңге қаралды. Жыл қорытындысымен 12 нысан аяқталып, 8,7 мың тұрғынды сапалы және тұрақты электр қуатымен қамту жоспарлануда. Ал қалған 30 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың 265 елді мекендегі 341,5 мың тұрғынды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», – деді Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.

Қазіргі таңда өңірдегі 457 елді мекен (54,9%) немесе 1 374 мың тұрғын (67,2%) орталық­тан­дырылған табиғи газбен қам­тылған. 2022 жылы 75 нысан­ның құрылысына 24,4 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 10 елді мекенді немесе 32 198 тұрғынды қамтитын 8 нысанның құрылысы аяқталады. Қалған 67 нысан келесі жылға өтпелі. Биылғы жыл қорытындысымен 467 елді мекенді (56,2%) немесе 1561 мың халықты (75,2%) табиғи газға қосуға мүмкін болады. Жалпы, алдағы 3 жылда қосымша 259 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейін 722 елді мекенге (86,8%) немесе 2 003 мың халыққа (96,5%) жеткізу көзделуде.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жылу мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Түркістан облысында 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 626 көпқабатты тұрғын үй және 2561 бюджеттік мекеме жылумен қамтылуда. Облыста 7 аудан, қалаларда 20 ор­талықтандырылған жылу қазан­дықтары және 1 жылу электр орталығы бар Жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 265,8 шақырым (магистралды – 84,7 шқ., ішкі орам – 181,1 шқ.). Тозығы жеткені – 88,6 шақырым 33,3%. Облыс көлеміне жалпы көмір отынының қажеттілігі 907,6 мың тонна болса, тасымалданғаны – 807,2 мың тонна немесе 90%.

Облыстағы автомобиль жол­дарының ұзындығы 17 488 ша­қырымды құрайды. Қазіргі таңда жергілікті маңызы бар жолдардың 87%-ы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде. Ал 2025 жылға дейін жоспар сапалы жол­дардың көлемін 95%-ға жеткізу межеленген.

Былтыр ғана облыста 120 қо­ғамдық көлік жаңартылды, Түр­кістан қаласында тасымалдаушылар есебінен 28 жаңа автобус сатып алынды. Түркістан қаласының әуежайы 1 халықаралық (Ыстамбул) және 7 ішкі рейстерге (Астана, Алматы, Ақтау, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Орал) қызмет көрсетеді. Ал жақында ғана «Түркістан-Кувейт» халықаралық рейсі ашылды. Қазіргі таңда басқа бағыттар бойынша тікелей рейстерді ашу жұмыстары жалғасып жатыр.

НҰРЛАН ҚҰМАР

271 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы