- Қаржы
- 12 Қаңтар, 2023
Тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шара

Қазақстан теңге мен рубль бағамдарының өзара айырбасталымдылығы туралы Ресеймен келісімнің күшін жояды. Екі ел арасындағы бұл келісімге осыдан 28 жыл бұрын қол қойылған екен.
Анығырақ айтар болсақ, Ұлттық банк 6 қаңтарда Ресеймен Қазақстан арасындағы теңге мен рубль бағамдарының өзара айырбасталымдылығы мен тұрақтылығы туралы келісімді жою жөніндегі қаулысының жобасын ашық талқылау мақсатында жариялады. Бұл келісімге екі елдің үкіметі мен орталық банктері 1995 жылы қол қойған екен. Құжат тоғыз баптан тұрады. Оларда қазақстандық және ресейлік валюталардың өзара айырбасталымдылығы мен бағамдарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектесетін шаралар тізімі тіркелген. Мысалы, тараптар өтемпаз валюталық нарық құрып, Ресей мен Қазақстанның параллельді түрде жұмыс істейтін ішкі нарықтарын қамтамасыз етуге келіскен. Екі елдің орталық банктеріне ішкі валюталық нарықтардағы сұраныс пен ұсыныс негізінде, рубль мен теңгенің бір-біріне және долларға қатысты нарықтық бағамдарын тұрақты түрде қамтамасыз етіп отыру міндеттелді.
«Келісім өз маңыздылығын жоғалтты», делінген келісімнің күшін жою туралы қаулы жобасына түсіндірме жазбасында. Келісім енді өзекті емес, өйткені Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) аясындағы валюталар бағамдарының өзара айырбасталымдылығы мен тұрақтылығы мәселелерін реттейтін тиісті келісімдер мен басқа да құжаттарға қол қойылған. Сондай-ақ түсіндірме жазбада тараптардың нақ осы халықаралық келісім бойынша міндеттемелерін дер кезінде орындағандары атап көрсетілген. «Келісім [нақты осы кезеңде] жұмыс істемеді, яғни де-юре келісім күшінде болса да, де-факто оның нормалары ескірген. Сондықтан келісім де-юре күшін жойды», – деп түсініктеме береді Ұлттық банктің баспасөз қызметі Forbes.kz сайтына.
«Бұл – тарихи құжат. Іс жүзінде оның ешқандай да маңызы жоқ, өйткені ол басқа жағдайларда қабылданған еді, міндет екі валюта арасында қандай да бір айырбасталымдылықты қамтамасыз ету болатын. Қазір премьер-министр Смаиловтың басшылығымен заңдылықты тазарту барысында осы бір реликвияға да кезек келген», – деп түсініктеме береді Forbes.kz басылымы үшін экономист Алмас Чукин.
Үкіметтің қаулысы іске қосылғаннан кейін Сыртқы істер министрі Қазақстанның үкіметі келісімнің күшін жоюға ниетті екендігі туралы Ресей үкіметін хабардар етуі тиіс.
Қазақстан келісімнің тек Ресеймен ғана күшін жоймайды. «Ашық НҚА (нормативтік-құқықтық актілер)» порталында Қазақстанның Моңғолиямен (1992 жылы қол қойылған), Қырғызстанмен (1994 жылдан бері) және Беларусьпен (1994 жылдан бері) жасаған осындай келісімдердің күшін жою туралы қаулылардың жобалары жайғастырылған. Бұл ретте осындай бір келісімнің күшін жою арқылы Ресеймен экономикалық байланыс үзілді-кесілді әлсірейді деп те айта алмаймыз. Мәселен, өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 18,4 млрд долларды құраған, бұл былтырғы 9 айлық көрсеткіштен 5 пайызға жоғары. Қазақстанның Ресейге экспорты 15,1%-ға немесе 5,9 млрд долларға дейін өсті, ал Ресейден Қазақстанға импорт 0,8%-ға немесе 12,4 млрд долларға дейін артқан.
Алдыңғы жылы қаңтар-қыркүйекте Қазақстаннан Ресейге 640 тауар түрі апарылса, былтыр 9 айда ассортимент аясы кеңейіп, тауар түрі 1057-ге жеткен. Ресейге тауар тасымалдауда Қазақстан өңірлері ішінен – Алматы (1014 млн доллар), Астана (786,2 млн доллар) қалалары мен Павлодар (+36 пайыз), Ақтөбе (+48 пайыз), Түркістан облыстары (+19 пайыз) белсенді. Біз Ресейден негізінен жартылай фабрикаттарды (+22 пайыз), мұнай өнімдерін (+35 пайыз), бағалы метал кендерін (+20 пайыз) және бидайды (2 есе) көп импорттадық. Тиісінше, автомобиль және алтын сатып алу азайған.
Қазақстанда 5 халықаралық теміржол және 8 автомобиль транзит дәлізі жұмыс істейді. Оның ішінде 3 теміржол дәлізі мен 6 авто дәлізі РФ аумағы арқылы өтетін дәліздермен үйлестірілген. 2022 жылдың 10 айында РФ – Орталық Азия, РФ – Қытай, РФ – Иран және РФ – Ауғанстан бағытындағы тасымалдардың жалпы көлемі 8,9 млн тоннаны құрады.
Жалпы, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының нәтижесінде жалпы сомасы 23,3 млрд теңгеге ($50 млн) 7 өңіраралық және 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салу жағынан алғашқы бестікке кіреді. 2022 жылы 6 айдың қорытындысы бойынша Ресейден келген тікелей шетелдік инвестиция ағыны 30%-ға немесе 722 млн-нан 938 млн долларға дейін өсті.
Айта кету қажет, геосаяси шиеленістерге және жаһандық дағдарыстарға қарамастан, Қазақстанның ІЖӨ динамикасы жоғары. Мәселен, былтыр 11 айда экономиканың өсу қарқыны 2,7%-ды құрады. Қаңтар-қазан айларында сыртқы сауда айналымы 34%-ға өсіп, 111 млрд АҚШ долларын құраған. Экспорт 45%-ды, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 35%-ға дейін өсті. 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция 11,2 трлн теңгеге жетті, бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға көп.
2023-2027 жылдарға арналған еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2022 жылы экономикалық өсім 3%, 2023-2024 жылдары – 4%, 2025 жылы – 4,1%, 2026 жылы – 3,2%, 2027 жылы – 4,2% болады деп болжанып отыр.
Қорыта келгенде, Ресеймен экономикалық қарым-қатынастар одан әрі жалғасын табары анық, сондай-ақ соңғы кезеңдегі геосаяси жағдайдың шиеленісіп кетуінің салдары да оңай тиіп отырған жоқ. Дегенмен, пайдасынан зияны көбірек тиген ресейлік валютаның теңгені өзімен қоса санкциялық шектеулердің құрығына алу қаупінің сейілуі – құптарлық шара.
ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1529 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *