• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 12 Қаңтар, 2023

Биылдың басым міндеттері белгіленді

Жүктелген барлық тапсырмалар мен бастамалар қоғам сұранысы мен ағымдағы сын-тегеуріндерге негізделген. Осы міндеттерді орындауға әрбір министрлік пен өңірдің қосатын үлесі аса маңызды. Үкіметте елдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, сонымен бірге халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар сараланды.

 

ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ ТҰРАҚТЫ ӨСІМГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың хабарлауынша, теріс сыртқы факторларға қарамастан, 2022 жылдың қоры­тындысында Қазақстан экономикасы 3,1% деңгейінде тұрақты өсімге қол жеткізді. Нақты сектордағы өсім 3,2%-ды, ал қызмет көрсету саласында 2,5%-ды құрады. Оң өсу қарқыны құрылыс (+9,4%), ауыл шаруашылығы (+9,1%), ақпарат және байланыс (+8%), сауда (+5%), көлік және қоймалау (+3,9%), өңдеу өнеркәсібі (+3,4%) салаларында тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7,8%-ды құрады. Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 15,4%-ға, ауыл шаруашылығында – 6,9%-ға, көлік және қоймалауда – 5,5%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте 5,6%-ға ұлғайды. 2022 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда тауар айналымы 33,4%-ға өсіп, $122,2 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 42,4%-ға өсіп, $77,6 млрд-қа жетті. Тауарлар импорты $44,6 млрд-қа тең (+20,1%). Жалпы, республиканың оң сауда балансы $33,1 млрд-ты құрады (+89,7%).

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев есептік кезеңде республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік бюджетке 15 трлн 668 млрд теңге сомасында кірістер түсті (жоспар 104,4%-ға орындалды), оның ішінде республикалық бюджетке 10,5 трлн теңге шамасында кірістер түсті (103%), жергілікті бюджеттердің кірістері 5,2 трлн теңгені (107,3%) құрады. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,6%-ға (18,5 трлн теңге), жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,4%-ға (10,8 трлн теңге) атқарылды.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Марат Қарабаевтың хабарлауынша, былтырдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 160-қа жуық инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Сонымен қатар транзиттік контейнерлік тасымалдар 6%-ға ұлғайтылды, оның көлемі жиырма фунттық баламада 1 млн 129 мың контейнерді құрады. 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, есептік кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 84,2 млн тоннаны құрады, оның ішінде Теңіз кен орнында 29,2 млн тонна, Қарашығанақ кен орнында 11,3 млн тонна, Қашағанда 12,7 млн тонна мұнай өндірілді. Мұнай экспорты – 64,3 млн тонна. 2022 жылы газ өндіру көлемі 53,3 млрд текше метр газды, тауарлық газ өндірісі 27,8 млрд текше метрді, ішкі тұтыну 19,3 млрд текше метрді, экспорт 4,6 млрд текше метрді құрады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев сала өнімінің көлемі 9,1%-ға ұлғайып, 9,3 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру 15%-ға, мал шаруашылығында – 0,9%-ға өсті. Аталған кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгеге жетті.

Премьер-министр атап өткендей, өткен жылдың нәтижесінде ел экономикасы қалыпты даму қарқынын сақтап отыр. Биыл барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бар күшін жұмылдыруы тиіс. Ең кемі 4% экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу керек. Сондықтан ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, экономиканы одан әрі әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған жұмыстарды жандандыру қажет. «Халықтың әл-ауқаты, ең алдымен, тұрақты өсімге байланысты», – деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар премьер инвес­тиция тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейту маңызды екенін, әр инвес­тормен жан-жақты жұмыс істеп, әр жобадан экономикалық нәтиже шығару керектігін айтты.

Ә.Смайылов бағаның өсуін ұстап тұру жұмыстары басты назарда болуы тиіс екенін нықтады. Инфляцияға ең алдымен, азық-түлік бағасының өсуі себепші болып отыр. «Біздің міндетіміз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол 9,5% шегінде болуы керек. Бұл – өте күрделі міндет. Сондықтан кез-келген проблеманың алдын алу шараларына баса мән беріп, жұмыла әрекет етуіміз қажет», – деді ол.

Бизнеске қатысты жаңа реттеу­шілік саясат түсінікті әрі әділ болуға тиіс. 2023 жылы тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру арқылы бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 3,8 млн адамға дейін арттыру қажет.

Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп қысқарту және барлығына тең мүмкіндіктер беру. Бұл кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы іске асырылуы тиіс.

Премьер-министр ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты. Тозығы жеткен электр, жылу және сумен жабдықтау желілерін азайту үшін түпкілікті шаралар қабылдап, «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету қажет.

Әлихан Смайылов биыл Үкімет алдында жаңа Салық кодексін дайындау міндеті тұрғанын атап өтті. Ол салық заңнамасын жеңілдетіп, өндіріс көлемі мен инвестицияларды ұлғайтуға, инновацияларды енгізуге, жұмыспен қамтуға ынталандыруы тиіс. Салықтық әкімшілендіру толығымен тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделуі керек. Премьер-министрдің айтуынша, алда тұрған тағы бір маңызды міндет – жаңа Бюджет кодексін әзірлеу. Қаржылық тәртіпті күшейтіп, бюджет жүйесінің ашықтығын кеңейту, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру көзделеді.

Сонымен қатар ол экономиканы цифрландыру жұмыстарын күшейту, ақпараттық жүйелердің бірыңғай платформаға интеграциялануын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді барынша электрондық форматқа көшіріп, оларды халыққа ұсыну процесін жеңілдету керектігіне назар аударды. Елімізде мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру жалғасады. Әкімшілік реформа шеңберінде саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арт­тырып, өкілеттіктерді орталық­сыздандыруға баса назар аударылады.

 

ШАРАСЫЗ ЖАҒДАЙДАҒЫ КӨМЕК: БАНКРОТТЫҚ

ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ НАУРЫЗ АЙЫНДА ҚОЛДАНЫСҚА ЕНЕДІ

Үкімет отырысында халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шараларды қарау барысында премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықтың шектен тыс кредит алуын азайту жұмыстары аясында «Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданғанын мәлімдеді. Оның аясында халықаралық тәжіри­бені ескере отырып, бірқатар тиісті рәсім қарастырылған. Атап өткенде, соттан тыс банкроттықты тек банк­тер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Бұл орайда борыш 5,5 млн теңгеден аспауы тиіс. Екінші рәсім – сот банкроттығы, оның мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігі көзделеді. Банкроттықтың салдары: 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа); банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдану мүмкіндігі; 3 жыл бойы қаржы жағдайының мониторингі.

Сонымен қатар осы мәселе бойынша қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады.

Премьер-министр атап өткендей, биылғы наурыз айынан бастап қолданысқа енетін «Қазақстан Республикасы аза­маттарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Сондай-ақ азаматтарды міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өткізу көзделіп отыр. Бұл орайда осы заң күшіне енгеннен кейін азаматтардың да жауапкершілігі артатын болады. «Алдағы уақытта жылдам қарыз алу үшін кредиттік тарихының дұрыс болуына азаматтардың өздері мүдделі болуы тиіс. Банкрот деп мойындау қарыздарды төлемей кету емес, тек шарасыз жағдайдағы көмек екенін әркім білуі керек», – деді премьер-министр.

Әлихан Смайылов тиісті заңға тәуелді актілердің бәрін жедел әзірлеп, қабылдауды, сондай-ақ онлайн-режимде қадағалап отыруға мүмкіндік беру үшін азаматтардың өтініш беру және оларды электрондық түрде өңдеу процесін автоматтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Одан бөлек, премьер-министр Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктермен бірге жеке тұлғаларға кредит берген кезінде қазіргі талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі қажет екенін айтып өтті. «Тұтынушылық кредит алудағы тәуекелдерді азайту және халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету үшін шаралар қабылдау қажет», – деді ол.

Оның қатарында халық арасында заң нормалары мен заңға тәуелді актілер бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу өзекті.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

361 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы