• Атамекен
  • 05 Қаңтар, 2023

Қанатқақты жоба қалай іске асырылуда?

Жаңа жыл қарсаңында еліміздің қаржы министрлігі мен  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында тауарларға ілеспе құжатты ресімдеу жөніндегі міндеттемелерді түбегейлі қайта қарау көзделгендігі айтылды. Бұл биылғы жылдың  бірінші наурызына дейін іске асырылатын болады. Осылайша, мемлекеттік орган мен ұлттық палата кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ниетті екендігін білдіріп, аталған шара еліміздегі бизнесті жүргізуді жеңілдетеді.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі жыл бойы тауарға ілеспе құжатты енгізуге қарсылық білдіріп келді. Біздің позиция – бизнестің жұмысындағы әкімшілік кедергі­лерді барынша жою. Бүгін, жаңа жылдың қарсаңында бизнес пікірі еленді. Бірлескен меморандумға қол қойылды. Бұл құжат келер жылы тауарға ілеспе құжатты рәсімдеуді түбегейлі қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл шара ТЖҚ және виртуалды қоймамен жұмыс істейтін есепшілер, шағын және орта бизнес өкілдері үшін жақсы жаңалық», – деді «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлік палатасының төр­ағасы Райымбек Баталов.

Ол сонымен қатар бизнес­мен­дердің көпшілігі тауарға ілеспе құжатты алып тастауды қол­дай­тынын жеткізді.

Тауарға ілеспе құжатты рәсім­деу бойынша қанатқақты жоба 2020 жылы мемлекеттік кірістер комитетінің бастамасымен ен­гізілген. Құжат Еуразиялық эко­но­мика­лық одақтың кедендік ау­мағына әкелінген тауардың айналымын қадағалап, елдегі көлеңкелі экономиканы төмендетуі керек еді. Алайда жобаның нәтижесі ТЖҚ бойынша процестер жолға қойылмағанын көрсетті. Құжатты рәсімдеу бойынша ақпарат­тық жүйе тұрақсыз жұмыс істейді. Әлі де техникалық ақаулар бар. Техникалық мәселелерді пысықтау жөнінде кәсіпкерлер­ді ұйымдастырушылық және сер­вистік қолдау жағы ақсап отыр­ғандығын жеткізді сала мамандары. Бұл ретте мемлекеттік кірістер тарапынан ақпараттық жүйені әрбір модификациялау, пысықтау, жаңарту шаралары бизнеске қосымша шығын келтіретіндігін және өзінің бизнес-процестерін үздіксіз іске асыру үшін қосымша штатты, атап айтқанда  есепшілерді жалдауды талап етеді екен. Осылайша, тауарларға ілеспе құжатты енгізу салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етіл­мей, фискалдық әкімшілендіру­де қиындықтар туғызып, соның салдарынан кәсіпкерлік қызметті шек­теп,бизнес пен мемлекеттің негіз­сіз шығындарына әкелетіндігі турасында  айтылды шара барысында. Ал ұлттық палата төрағасы аталған мәселені үкіметпен бірлесе наурызға дейін шешеміз деп отыр.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

10310 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы