• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 05 Қаңтар, 2023

Президент тапсырмалары: Биыл нендей жаңалықтар болады?

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан өзгерістер мен бастамалар биыл қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға игі әсерін тигізеді.

2023 жылғы маңызды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер топтамасын ұсынған primeminister.kz редакциясының хабарлауынша, биылғы 1 қаңтардан бастап республикада ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.

Үкімет дәрігерлердің, мұғалім­дердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өндірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін Халық­тың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруды жалғастырады.

Сондай-ақ 2023 жылы республика өңірлерінде шағын несиелеуге қолжетімділікті кеңейту есебінен ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту жөніндегі жоба белсенді іске асырыла бастайды.

Осы жылы 4,4 млн адамның барлық зейнетақы және жәрдемақы түрлерінің мөлшері артады. Бұл мақсаттарға республикалық бюджетте 4,6 трлн теңге қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін (158,7 мың теңгеден 189,8 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды.  Базалық зейнетақы мөлшері жыл сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуын, сондай-ақ оны ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54%-дан 60%-ға дейін ұлғайтуды ескере отырып өсті.

Жәрдемақылардың мөлшері де өзгерді. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуына байланысты мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін төлемдер өсті.

Жұмыс істейтіндермен қатар, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленетін бала тууға мемлекеттік қолдау мөлшері өсті, енді ол: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңгені (2022 жылы – 120 840 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңгені (2022 жылы – 200 340 теңге) құрайды.

Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды және олардың отбасыларын қолдау үшін оларға кәмелетке толғанға дейін арнайы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды.

Жаңа жылда көпбалалы отба­сыларға арналған жәрдемақы­лардың мөлшері АЕК мөлшеріне өсті және келесідей: 4 баласы бар отбасыларға – 55 304 теңге (бұрын 50 976 теңге), 5 балаға – 69 138 теңге (бұрын 63 728 теңге), 6 балаға – 82 973 теңге (бұрын 76 479 теңге), 7 балаға – 96 807 теңге (бұрын 89 231 теңге), 8 және одан кейінгі әр балаға 13 800 теңге (бұрын 12 720 теңге) төленеді.

Тағы бір жаңашылдықтың бірі ретінде «Отбасының цифрлық картасын» бөліп қарауға болады. Соның арқасында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі қызметтер проактивті форматта көрсетіледі, яғни азаматтарға тиісті мекемелерге жүгіну қажет болмайды.

Биыл «Цифрлық нотариат» жобасы шеңберінде сенімхаттарды онлайн режимде ресімдеу мүм­кіндігі пайда болды. Бұл қызмет азаматтарға нотариусқа бармай-ақ интернет арқылы электрондық-цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен сенімхаттарды ресімдеуге көмектеседі.

Биыл «Цифрлық нотариат» жобасы шеңберінде сенімхаттарды онлайн режимде ресімдеу мүм­кіндігі пайда болды. Бұл қызмет азаматтарға нотариусқа бармай-ақ интернет арқылы электрондық-цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен сенімхаттарды ресімдеуге көмектеседі.

2023 жылы «E-Salyq Azamat» және екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы жолаушылар кедендік декларациясын беру мүмкіндігі іске асырылады. Бұл жеке пайдалануға арналған тауарларды декларациялау рәсімдерін жеңілдету арқылы жеке тұлғалардың уақытын үнемдеп, ақшалай шығындарын азайтуға септігін тигізеді.

1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. Ақшалай қаражат 21-ден 35 жасқа дейінгі өз ісін бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен, оның ішінде тауарлар өндірумен немесе сатумен, жұмыстарды орындаумен және қызметтер көрсетумен, жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндірумен және т. б. айналысатын азамат­тарға конкурстық негізде бері­летін болады.

2023 жылғы қаңтардан бастап рес­публикада мемлекеттік реттеушілік актілерін тұрақты негізде қайта қарауды қамтамасыз ететін механизм – кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімі іске қосылады. Егер тізілімде қандай да бір талаптар болмаса, не олар бойынша қайта қарау мерзімі бұзылса, онда бизнес субъек­тілері оларды бұзғаны үшін әкім­шілік жауапкершіліктен босатылады.

1 қаңтардан бастап ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер жойылды. Осылайша, тексерулер мен жаза қолданудан бұзушылықтардың алдын алуға көшу жүзеге асырылады. Сондай-ақ жылдың басынан ұсыну механизмдерін автоматтандыру қамтамасыз етілмеген есеп беруді бизнестен талап етуге тыйым салынды. Шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін аралап, тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий бір жылға ұзартылды.

2023 жылы көлік медицинасын енгізу жұмыстары жалғасады. Шалғай ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендер кеңінен қолданылады, бұл 1,5 млн ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар медициналық пойыздар есебінен 300 мыңнан астам ауыл тұрғынына тиісті қызмет көрсету жос­парлануда. Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырыла бастайды.

2023 жылы орташа жалақыны дәрігерлерге – 30%-ға 531 мың тең­геге дейін, орта медицина қызмет­керлеріне – 20%-ға 250 мың теңгеге дейін көтеру қарастырылған.

Жалпы, елімізде қабылданып жатқан барлық шаралардың нәти­жесінде сұранысқа ие дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісі ұлғаяды, ал оларды тіркеу, сараптамадан өткізу және баға белгілеу анағұрлым ашық болады.

Биыл жаңа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылады, оның аясында 842 мың оқушы орнына есептелген қажетті жабдықтармен толықтай жабдықталған 400-ге жуық мектеп салу жоспарлануда.

Сондай-ақ ауылда медициналық қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша да белсенді жұмыс жүргізіледі. Оның аясында 2026 жылға дейін 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарын салу, реконструкциялау және жабдықтау, қолданыстағы 12 аурухананы жаңғырту және жаңа 20 көпбейінді аудандық аурухана ашу жоспарлануда.

Еліміздің жоғары оқу орындары шәкірттерінің стипендияларын арттыру бойынша жұмыс жалғасады. Биыл студенттердің стипендиялары 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 2020 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 15%-ға өседі. Бұдан басқа, мемлекеттік білім беру гранттарының санын 10%-ға ұлғайту жоспарланған.

Зерттеу экожүйесін қалыптастыру және инновациялық технологияларды дамыту шеңберінде отандық жоғары оқу орындарын зерттеу жоғары оқу орындарына трансформациялау процесі жалғасады.

Бірінші жартыжылдықта мемле­кеттік тапсырыс шеңберінде 5500 орындық 9 студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұған қоса, жатақханаларды қайта жөндеу және салу ісі МЖӘ тетігі бойынша жүзеге асырылады.

Ғалымдарды ынталандыру және көтермелеу үшін 2000 АЕК мөлше­рінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын табыстау практикасы жалғасады. Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалым­дарды мемлекеттік ғылыми стипен­диялармен және сыйлықтармен көтер­мелейді.

Республиканың жаңа өңірлерінде ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға да ерекше назар аударылатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Жезқазғанда техникалық университет ашу және Қонаев қаласында инновациялық орталығы бар акаде­миялық қалашық құру мәселелері пысықталатын болады.

Қазақстандық жоғары білім беруді интернационалдандыру бойынша жұмыстар одан әрі жүргізіледі. Биыл отандық жоғары оқу орындарының бірінің базасында британдық Heriot-Watt University және түріктің Hacettepe University филиалдарын ашуды қарау жоспарланған.

Республикада жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға мүмкіндік беретін «ашық аспан» саясаты одан әрі іске асырылып, әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынас­тарын ашу жалғасады.

Ал автомобиль көлігі секторында халықаралық тасымалдарға арналған ершікті автотартқыштар бастапқы рет тіркелгені үшін алымнан босатылады.

Көлікті цифрландыру саласында «Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі» өнеркәсіптік пайдалануға енгізіледі, ол тауар-көлік жөнелтпе құжаттары мен жол-сапар қағаздарын электрондық форматқа ауыстырады.

Сыбайлас жемқорлықты болдырмау және ашықтықты қамтамасыз ету үшін өңірлердің барлық цифрлық камералары мен «Сергек» АӨК интеграциялау жолымен цифрлық көліктік бақылауға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылады.

2023 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу көзделген. Өңірлерде 1 500 апатты және тозығы жеткен үйді бұзу бойынша жергілікті жөндеу бағдарламалары қабылданады.

Бұдан басқа, халықты сумен жабдықтау қызметтерімен қамтуды 97%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда сарқынды суларды тазарту деңгейі 80%-ға дейін, ал жылу мен суды есепке алудың үйге ортақ құралдарымен қамтамасыз ету деңгейі 83%-ға дейін ұлғайтылуы тиіс.

2023 жылы 11,8 мың км автожолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді, оның ішінде 4 мың км – құрылыс және реконструкциялау, 3,2 мың км – күрделі және орташа жөндеу, 4,5 мың км –  жергілікті жолдарды жөндеу көзделген.

Наурыз айында жеке тұлғаны банкрот деп тану мүмкіндігі қарас­тырылған жаңа заң күшіне енеді. Онда азаматтардың борыштық жүктемесін төмендету, борыштар бойынша төлемдерді ынталандыру (банкроттықтан кейінгі бірқатар шектеулер), борышкерлерді өнімді экономикалық қызметке қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі нормалар белгіленген.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

190 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы