• Өндіріс өрісі
  • 05 Қаңтар, 2023

БОЛАШАҚТЫҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСТЕРІ

Әлемдік саясат сахнасына адамзаттың тарихи драмасының түйткілі мол түйінді көрінісін шығарып, күрмеуін шешуді келешек еншісіне қалдырған барыс жылы да желдей есіп, көз алдымыздан желіп өте шықты. Жылнамамыздың тағы бір парағы аударылды. Осы ретте ұлы Абай сөйлеткен А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасының бас кейіпкері «Келер күн отыр екен не дайындап?» дегендей, өз-өзімізге сауал тастарымыз анық.

Қалың елдің қабырғасын қайыстырған Еуропадағы қақтығыстардың түп-төркініне үңілген сарапшылар халықаралық байланыстар, соның ішінде эко­номикалық қарым-қатынастар түбірінен өзгеретінін атап өтуде. Бұл ретте әр ел етегін қымтап, өз күшіне иек артуы керек. Бұл ретте де данышпан ойшылдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген парасатты пайымына жүгінуге мәжбүрміз.

  Өткен жылы еліміздің экспорттық тауарларының бағасы қысқа күнде қырық құбылғаны, мұның өзі экономика мен әлеуметтік салаға салқынын тигізгені мәлім. Желтоқсанның соңғы жұмыс аптасында болған Үкімет отырысында бұл жөнінде баса айтылып, аяқ басқалы тұрған қоян жылы да оңай болмайтыны атап көрсетілді. Дегенмен, қолымыздағы статистика деректері мен келешекке жасалған болжамдарға назар аударсақ, көңіл демдеуге болатынын байқаймыз. Өйткені, еңбек пен ақылға, қажыр-қайратқа сүйенген, жоқты бар етіп, аздан да, көптен де үнемдеген жағдайда қытымыр қоян жылынан да қысылмай өтуге қажетті ресурстар жеткілікті. Сондықтан да қол жеткенге тоқмейілсімеу, алдағы кезеңде бағындырар биіктердің атын атап, түсін түстеу керек. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы кемінде 4 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізу міндеті қойылып отыр. Бұл үшін ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, ағымдағы сын-қатерлерді ескере отырып, инфляция деңгейін төмендету, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту сияқты кезек күттірмейтін шараларды қолға алу қажет. Бұған қажетті алғышарттардың басым бөлігі жасалғанын атап өтуге тиіспіз. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында экономика өсімі 2,7 пайызды құрады. Сыртқы сауда айналымы 34 пайызға өсіп, 111 млрд долларға жетті. Экономикамыздың аса маңызды салалары, даму драйверлері саналатын агроөнеркәсіптік кешен мен мұнай-газ индустриясы межеден шыға білді. Айталық, өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 8,5 пайызға өсіп, 8,8 трлн теңгені құрады. Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру екі есеге – 110 млрд теңгеден 220 млрд теңгеге дейін өсіп, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру үшін «Жасыл даму» АҚ есебінен 40 млрд теңге бөлінді, 1068 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 188 комбайн және 880 трактор сатып алынды. Мұның арқасында соңғы 10 жылдағы ең жоғары астық шығымдылығының біріне қол жетті. Гектарына орташа өнімділікпен 14,2 центнерден алынды, бункерлік салмақта 22,8 млн тонна астық жиналды, бұл бұрнағы 2021 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық. Жиналған астық сапасы жоғары болды. Саланы мемлекеттік қолдаудың арқасында 214 млрд теңгені құрайтын 227 инвестициялық жоба іске қосылды, 5,2 млн га ауыл шаруашылығының жері мемлекет меншігіне қайтарылды, Ал, биыл тағы 5 млн га жерді қайтару жоспарлануда.

Сонымен қатар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2024 жылға дейінгі жоспары мен қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Өткен жылғы мол астықты шашпай-төкпей жинап алып, діттеген жерге жеткізуде теміржол көлігінің көмегі көп болды. Теміржолдар арқылы 11 айда 8,8 млн тонна астық тасымалданды. Бұл 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Қазір еліміздің астық тасымалдаушыларына арналған техникалық парк 10,5 мыңнан асады. Оның ішінде тасымалдау қызметін ұсынатын «Астық Транс» компаниясына 4750 вагон тиесілі. Жылжымалы құрамның бұл мөлшері жүк жөнелтушілердің қазіргі сұранысын толық көлемде қамтамасыз етуге қауқарлы. Осы орайда «Астық Транс» компаниясы еліміздің ішкі нарығындағы астық тасымалдау қызметін 98 пайызға қамтып келе жатқанын атап өткен абзал. Вагондарды тартып, тазалау үшін «Қазақстан темір жолы» корпорациясының 130-ға жуық маневрлі локомотиві мен жекеменшіктегі 767 локомотив жұмылдырылған. Аталған нарық толығымен ырықтандырылып, бә­секелестік ортаға берілгенін атап өткен орынды.

Мұнай-газ индустриясына келсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 84 млн тонна деңгейін жетті. Жыл қорытындысы бойынша мұнай экспорты 64,8 млн тонна деңгейінде күтілуде. Биылғы жылға арналған мұнай өндіру жоспары 90,5 млн тоннаны, экспорт бойынша 71 млн тоннаны құрайды. Жыл қорытындысы бойынша 18 млн тонна мұнай өңделмек, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға артық. Мұнай өнімдерін өндіру 13,7 млн тонна немесе 2021 жылмен салыстырғанда 108,3 пайыз деңгейінде күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылы шетелдік әріптестермен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың кешенді жоспары әзірленбек. Көмір­сутек шикізатын экспорттауға ар­налған дәліздерді әртараптандыру жоспары бойынша Новороссийск, Усть-Луга порттарына тасымал көле­мін, Атырау-Самара бағдарының қуатын арттыру және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту, оның шеңберінде теміржол жолдарын жаңғыртуды жүзеге асыру және теміржол вагон-цистерналары­ның тауар паркін кеңейту, сондай-ақ Ақтау теңіз сауда портындағы мұнай құю айлақтарын қайт құру және жаңғырту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қазақстан-Қытай мұнай құбырының кей учаскелерін кеңейтіп, Қытай Халық Республикасына мұнай экспортын ұлғайту көзделуде. Каспий құбыр консорциумының қазақстандық учаскесінде кедергілер жойылған соң өткізу қабілеті жылына 53,7 млн тоннадан 72,5 млн тоннаға дейін артуға тиіс. Битум өндірісі 300 мың тоннаға ұлғайтылып, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 9 млн тоннаға дейін кеңейту жұмысы басталады, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесіндегі өнімсіз делдалдарды жою қолға алынады. Мұнымен қатар өткен жылы көлік, ауыл шаруашылығы салалары, сондай-ақ қарапайым халық үшін аса маңызды мұнай өнімдерінің өндірісі ұлғайғаны жағымды жаңалық болды. Атап айтқанда, бензин өндірісі 5 млн тоннаны, дизель отыны 5,2 млн тоннаны, авиакеросин 0,67 млн тоннаны және мазут 2,84 млн тоннаны құрады. Мұнымен қатар 0,94 млн тонна битум өндірілді. Сондай-ақ АИ-80, 92-93 және жазғы дизель отынын бөлшек сау­дада өткізуге арналған шекті бағалар мемлекет тарапынан реттелді. Автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салу тәртібі ұзартылып, транзиттік көлік үшін дизель отынына сараланған баға қойылды. Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алудың ақпараттық жүйесінің базасында мұнай өнімдерін сатуды бақылау модулі іске қосылды.

Үстіміздегі жылы жамиғатқа жағымды жаңалықтың бір парасы қолға алынатын бірқатар әлеуметтік жобаларға қатысты. Зейнетақы мен жәрдемақыны және ең төменгі жалақыны арттыру, ең төменгі күнкөріс деңгейін өсіру, «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобаларын жүзе­ге асыру, сондай-ақ шағын қалалар мен ауылдарда интернет сапасын жоғарылату сияқты оң өзгерістер мен бастамалар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға игі әсерін тигізетін болады. Осы мақсатпен дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өн­дірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін «Халық табысын арттырудың» 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру жалғастырылады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, ұлттық экономика драйверлерінің болашаққа сенімді қадамы көңілге үміт ұялатып отыр. Сондай-ақ халықты жан-жақты әлеу­меттік қолдау да еліміздегі әлеумет үйлесімі мен тұрақтылыққа кепіл боларына сенім мол. Болашақ белестерінің бедерлері белгілі, ендеше іске сәт, іскер әлеумет, жаңашыл қауым!

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

181 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы