• Спорт
  • 19 Қаңтар, 2023

Жас теннисшілер Делиде топжарды

Қазақстандықтар Айя Нұпбай мен Асылжан Арыстанбекова Үндістан астанасы Делиде өткен екінші санаттағы J200 DELHI жарысының жеңімпазы атанды.

Қазақстан теннис федерация­сынан мәлім еткендей, А.Нұпбай мен А.Арыстанбекова 18 жасқа дейінгі арасында еліміздегі ең табысты жұп болып саналады.

Олар финалда таилық дуэтті 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Өткен жылы қазақстандық жұп ITF Juniors сериясында жеті турнирде үздік шыққан болатын. Барлығы олар осымен 10 титулға қол жеткізді.

«Жыл басында жеңіске жет­­­кен маңызды. Қазіргі дең­гейіме ризамын, бұдан кейін де бабымда боламын деп ойлаймын. Асылжанға рахмет, додада қиын матчтар болды. Біз содан сәтімен шыға білдік», – деді А.Нұпбай.

Өз кезегінде А.Арыстанбекова да байрақты бәсекеде толағай жеткен жетістіктеріне қатысты өз пікірін білдірді. «Бұл – Айя екеуміздің оныншы титулымыз. Жаңа маусым басындағы табыс тың жетістіктерге жетелейді, күш береді. Федерация мен Team Kazakhstan академиясының барлық бапкерлеріне алғыс айтамыз», – деді А.Арыстан­бекова.

Ал кәсіпқой ересек теннис­шілерімізде байрақты бәсекеде табысты өнер көрсетті. Мәселен, еліміздің бірінші ракеткашысы Елена Рыбакина Австралияның Аделаида қаласында өткен WTA 500 турнирінде күміс жүлдемен күптелді. Ол бұл жарыста жұптық сында кортта бағын сынады. Қа­зақстандық теннисші ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге финалға дейін іркілмей өткен еді. Ақтық сында жерлесіміз бразилиялық Луиза Стефани – америкалық Тейлор Таунсендке қарсы бас жүлдені сарапқа салды. Қазақстандық-ресейлік жұп 5:7, 6:7 (3:7) есебімен есе жіберді. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта Рыбакина мен Павлюченкова 2 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Қарсыластары 6 эйс, 5 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.

АЙЖАН ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ

 

103 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы