• Руханият
  • 19 Қаңтар, 2023

Ана – мәңгі асыл бейне

Алматы облысына қарасты Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» музейінде «Әйел мұраларын сақтау, зерттеудің Түркі әлеміндегі маңыздылығы» атты тақырыпта тәжірибе алмасу семинары өтті.

Алматы облысы музейлер бір­лестігі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасы ұйымдастырған шараға елімізге танымал ғалым­дар, өнер жұлдыздары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Археология, этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерт­теу орталығының жетекшісі Тәттігүл Қартай жүргізген бас­қосудың ашылу салтанатында «Анаға құрмет» музейінің директоры Аршагүл Серікқызы түркі елдерінің тарихы мен мәдениетінде әйелдердің алатын орнын атап өтті. «Қазақ қыздарының тарихта даналығымен, ерлігімен, талантымен әлемге әйгілі болған­дары көп. Сондай асыл анала­рымызға қатысты мәдени, тарихи мұраларды сақтау, өскелең ұрпаққа үлгі ету біздің борышымыз. Бұл шара бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ардақты аналардың тәлімі мен тәрбиесін, үлгі-өнегесін жастарымыздың бойына сіңіру, оларға деген құрметін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр», – деді ол.

Алматы облыстық музейлер бірлестігінің басшысы Әнуар Үмбеталиев әйелдермен байланысты тарихи-мәдени мұраларды сақтау, жүйелеу, жариялау ісінде музейлердің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Эрджиэс университетінің түркі елдері департаментінің бастығы, халықаралық «Түркі дүниесі әйелдерін зерттеу» ғылыми-академиялық журналының бас редакторы Жұлдыз Сахи тарихи дәуірлерде әйелдердің қоғамдағы орны, әлеуметтік өзгерістердегі нәзік жандылардың қоғамдағы ықпалы туралы өз ойын ортаға салды. Қазақтың қасиет қонған қара шанақ домбырасын қолынан тастамай, көнеден жеткен күмбір үнді көпшіліктің құлағына сынадай сіңіріп келе жатқан жыршы, жырау, әнші-термеші Әбіш Әділбеков қазақ әйелдеріне қатыс­ты жүрекжарды лебізін айтып, жыр­дан шашу шашты.

Қазіргі таңда дүниежүзінде 100 мыңнан астам мұражай бар деп есептелсе, ал анаға арнал­ған алғашқы музей Қазақстанда ашылғанының өзі біз үшін үлкен мақтаныш. Аналарға арналған «Анаға құрмет» музейі бұдан тоғыз жыл бұрын, яғни 2014 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданында бой көтерді. Аталмыш музейді негізін 2014 жылы Шпекбаевтар әулеті іргесін қалаған. Екі жылдан соң Алматы облысы М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің филиалы етіп өткізіп берді. Міне, содан бері музей Алматы облысына тиесілі. Аталмыш музейде әрдайым көптеген шаралар өтіп жатады. Соның бірі – «Дала аруы» атты мерекелік шараны атап өтуге болады. Бұл шараның тойлануы тегіннен-тегін емес. Мәселен, бұдан он бір жыл бұрын тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев 8 наурыз халықаралық әйелдер күнінде қазақстандық аналардың өз мерекесі болуы тиістігін, оны күз мезгілінде атап өту жарасымды болатындығы жөнінде ұсыныс білдірген болатын. Көп ұзамай, Үкімет қаулысымен Президенттің 1998 жылғы «Кәсіби мерекелер және өзге де мейрамдар туралы» Жарлығына өзгерту енгізі­ліп, қыркүйек айының үшінші жексенбісі Аналар күні болып белгіленді.

«Анаға құрмет» музейінің ұйымдастыруымен дәстүрге айналып, жылда өтетін мерекелік жиын­ның негізгі мақсаты – ақ жаулықты аналарға алғыс айту, қазақ қоғамындағы нәзік жанды­лардың орны, ұлы дала тарихында орны бөлек дана аналарды, батыр қыздарды еске алу, оларды ел арасында кеңінен насихаттау. «Бұл мерекені біз биыл үшінші рет ұйымдастырып отырмыз. Алғаш біз қазақстандық Аналар күнін 2019 жылы «Даланың дана арулары» деген атаумен халықаралық фестиваль деңгейінде атап өттік. Сол жылы менің авторлығыммен «Даланың дана арулары» атты кітабым қалың оқырманға жол тартты. Осы уақытта аналарға арнап «Анамның ақ жаулығы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Өкінішке қарай, соңғы екі жылда әлемде қалыптасқан пандемиялық жағдай аналар мерекесін өз дең­гейінде өткізуімізге мүмкіндік бермей отыр. Десек те, біздің музей ана атауымен тікелей байланысты болғандықтан бұл күнді аттап өте алмасымыз анық. Былтыр ғана біз Аналар күні мерекесінің он жылдығына орай дәстүрлі халықаралық «Даланың дана арулары» фестивалі аясында «Аналарды құрметтеңдер, адамдар» атты салтанатты шара өткіздік», – деді музей директоры Аршагүл Тойбаева.

Ана – ардақты есім. Дүниеде ұлы жаратушыны қоспағанда ана­ның мейірімінен асатын ештеңе жоқ. Сон­дық­тан ананың орны әрқашан бір бөлек. Ана – дүниедегі ең ардақты жан, әлемдегі барша ізгілік пен мейірімнің, парасат пен тағылымның көрсеткіші. Қара жерді тең басып жүрген әрбір перзент анаға ерекше құрмет жасауға міндетті және ар алдындағы парызым деп түсінуі шарт.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

176 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы