• Қаржы
  • 19 Қаңтар, 2023

Сарапшылар болжамында сақтық сарын басым

Исатай ҚАМБАРОВ,
журналист-сарапшы
e-mail: isakambar@list.ru

Сарапшылардың жаңа болжамында сақтық сарын басымдау. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы­ның (ҚҚҚ) талдау орталығы қаржы нарығындағы ойыншылар арасында жүргізген кезекті сауалнама қорытындысында осылай деп жариялады.
Нарық ойыншыларының пікіріне қаңтардағы алғашқы екі сауда сессиясында мұнай бағасының күрт төмендеуі әсер етсе керек (бір баррельге 85,9 АҚШ долларынан 77,8 долларға дейін). Сарапшылардың пайымынша, алдағы жылы Brent маркасындағы мұнайдың бір баррелінің бағасы 86,3 долларды құрамақ. Ал бір ай бұрынғы болжамдарында олар келесі жылы мұнайдың бір баррелі 91,4 долларға бағаланады деген болатын. ҚҚҚ сарапшылары мұнайдың арзандауын АҚШ пен Қытай тарапынан шикізатқа деген сұраныстың төмендеу мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылық көңіл-күймен түсіндіріп отыр.
Есесіне, сарапшы қауым, бір жылдан кейін еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,7%-ды құрайды деп, өздерінің бұған дейінгі болжамын біршама жақсарт­қан (өткен айда – 2,8% болатын). Бұған, сірә, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ деңгейі 3,1%-ды құрағаны әсер етсе керек. Сарапшылар бұл пайымды КҚК құбыры бойындағы және Қашаған мен Қарашығанақтағы жөндеу жұмыстары өз мәресіне жетіп, еліміздің шикізат эспортының ауқымы арта түседі деген көзқарастан туындаған пікір деп түсіндіреді. Осы ретте соңғы алты ай көлемінде қаржы нарығы сарапшыларының инфляцияға қатысты болжамдары бірінші рет төмендей түскенін айта кету керек. ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан сарапшылар 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляция қарқыны 13,5% деңгейінде бәсеңси түседі деп күтеді (бір ай бұрынғы 14,3% болатын). Бұған, әрине, шикізат пен азық-түліктің әлемдік бағасының біртіндеп төмендеуі және пайыздық мөлшерлемелерді жоғары көтеру саясаты әсер еткен секілді.
Сарапшы қауымның базалық мөлшерлеме туралы пікір, көзқарасы екіге бөлінген деуге келеді: 52%-ы базалық мөлшерлеме өзгермейді деген болжам айтса, қалғандары – мөлшерлеме 17,0%-ға дейін көтеріледі деп күткен. Айта кетейік, 13 қаңтардағы отырысында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдырғанын мәлім етті. Бұл ретте ресми мәлімет дәйектерін де ескерген абзал, әрине. Атап айтқанда, наурыздан бастап жылдық инфляция төмендеуі мүмкін. Осы ретте Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов: «Ұлттық банк тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүргізеді. Базалық мөлшерлемені төмендетуді бастау үшін инфляция мен инфляциялық күтулер төмендеуінің тұрақты тенденциясына қол жеткізуіміз қажет. Жаңа шоктар болмаған жағдайда, жетістіктерге жеткенде базалық мөлшерлемені төмендетуге кіресе аламыз», – деді елордада өткен брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Инфляцияның өсуіне қатысты халықаралық сарапшылар пікірі де алаңдатарлықтай. Мәселен, тұтынушылық оптимизм индексін өлшеумен айналысатын Nielsen Қазақстан компаниясы сарапшыларының айтуынша, 2022 жылы қазақстандық тұтынушыларды алаңдатқан негізгі мәселенің бірі – күнделікті сұраныстағы тауарлардың (FMCG) еселеп қымбаттауы болса керек.
Зерттеу компаниясы жүргізген сауалнамаға қатысқан отандық тұтынушылардың 69%-ы, қазіргі таңда еліміз «экономикалық дағдарысты бастан кешуде» деген пікір айтқан. Бұл тұрғыда Nielsen Қазақстан компаниясының коммерциялық директоры Мадина Сейсенғалиева: «Әрине, мұндай ұстаным отандастарымыздың тұтынушылық оптимизміне әсер етпей қоймайды, бүгінде қазақстандықтардың тұтыну нарығындағы қимыл-әрекетінде бірқатар өзіндік өзгерістерді байқауға болады. Мысалға, FMCG нарығы бойынша айтар болсақ, қазір тұтынушы қауым, көп жағдайда, промоакцияларды іздеуге мән бере бастаған. Қажетсіз шығындардан аулақ болып, арзан баға ұсынатын дүкендер мен мейлінше арзан брендтерді іздей бастаған, былайша айтқанда, отандық тұтынушылар қазір төмен баға сегменттеріне қарай ығысуда. Қазір қазақстандық сатып алушылардың 80%-дайы сауда жасамас бұрын керек заттардың тізімін жасағанды жөн көреді», – дейді. 
Сарапшының айтуынша, 2016 жылы дүкендердегі бағаларды салыстыруға қазақстандықтардың 38%-ы мән берген болса, 2022 жылы бұған тұтынушылардың 49%-ы  көңіл бөлген. 
Айта кету керек, сарапшы қауымның ұлттық валюта бағамына қатысты болжамы өткен аймен салыстырғанда аз да болса жақсара түскен: бір жылдан кейін АҚШ доллары 491,8 теңгеге бағалануы ықтимал (өткен айдағы болжам 497,1 теңге болатын). Мұндай болжамға, ең алдымен, ішкі факторлар, мысалы, базалық мөлшерлеменің жоғары болуы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюта түсімдерін міндетті түрде саудаға шығаруы, Ұлттық қор трансферттерінің конвертациясы деген сияқты (2022 жылы сауда ауқымының 31%-ын құраған) мәселелер әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ олар соңғы кездері анық байқалған рубльдің әлсіреуі әлі де жалғасуда дегенді баса айтады. Қаржы нарығы ойыншыларының пікірінше, USD/RUB жұбының бағамы 76,8 рубль деңгейінде қалыптаспақ (ағымдағы деңгей 68,7 рубль шамасында).

10161 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы