• Бизнес & Қоғам
  • 19 Қаңтар, 2023

Бизнес түйіндері бірлесе шешіледі

Петропавлдағы фанера комбинаты ірі өнеркәсіп нысаны ретінде халық арасында кең таныла бастады. Дегенмен, шикізат үшін қайың ормандарын кесу өңір тұрғындарының алаңдаушылығын туғызатыны түсінікті. Бұл ретте жергілікті ағашты пайдаланып қана қоймай, орман алқаптарын қалпына келтіруді  де жауапты міндет деп қабылдау қажет.

«Солтүстік фанера комбинаты» ЖШС – ылғалға жоғары төзімді үлкен форматты фанера шығаратын заманауи кәсіпорын. Инвесторлар бірнеше жыл бұрын құбыр зауыты аумағында қараусыз қалып, тозығы жеткен ғимаратты қалпына келтірді. Сөйтіп, пандемия кезінде ашылған зауыттың өндірістік қуаты жылына 20 мың текше метрден астам ламинатталған фанера шығаруға қауқарлы жабдықпен қамтылды. Бүгінде фанера жасау процесі үздіксіз жүргізіліп, екі ауысымда 250 адам жұмыс істеуде. Шикізат ретінде Ресей мен Қазақстаннан 100% қайың қабығы қолданылады. Экологиялық таза өнім Еуропалық стан­дарттарға сәйкес келеді, яғни Поль­шаға, Литваға және басқа елдерге жіберуге мүмкіндік бар. Дайын өнім негізінен экспортқа бағытталғанымен, жергілікті кәсіпкерлермен де ынты­мақтастық орнаған.

Фанера жасау процесі тым күрделі емес, дегенмен ұзақ. Біріншіден, жабдықта қабық бөренелерден кесіліп, оларды жұқа ағаш жапырақтарына айналдырады. Содан кейін олар жоғары температурада кептіріледі, желімделеді және алдымен қарапайым, содан кейін ыстық преспен басылады. Фанера өндіру процесінде көптеген қалдықтар пайда болады. Олар энергияны өндіру үшін жағылады. Жабдықтар сатып алу арқылы өндірістің ұлғаюмен қалдықтар да көбейді. Компания қазір өндірісті кеңейтіп, пайда болған қалдықтардан ағаш жоңқасынан ламинатталып жасалған тақтай (ЛДСП) өндіруге бет алған. Кәсіпорын бас­шылығы жеке өндірісті кеңейтіп, 300-ге жуық адамды жұмыспен қамту мақсатында облысқа қомақты инвестиция бағыттап отыр. Жаңа өнім өндіретін зауыт салуға аумақ та сатып алынып, жер жұмыстары басталған. Алайда шикізаттың жетіспеушілігі зауыт жұмысын тежеп отыр. «Солтүстік фанера комбинаты» ЖШС-нің негізгі проблемасы – шикізат тапшылығы. Соның салдарынан зауыт толық қуатында жұмыс істей алмайды.

Фанера жасаудың негізгі және жалғыз шикізаты – қайың бол­ғандықтан, солтүстік­қазақ­стан­дық­тар комбинат ашыларда ормандарды сақтау мәселесіне алаңдады. Комбинат басшылығы кәсіпорын шикізаттың 60%-ы Ресейден сатып алынатынын және жергілікті қайыңның 40%-ы қолданылатынын алға тартады. Сонымен қатар ағаш­тар жаппай кесіліп тасталмайтынын, өсімдік өмірінің белгілі бір уақытынан кейін жүзеге асырылатын санитарлық кесу жүргізілетінін айтады. Алайда мұндай түсініктеме де жергілікті тұрғындардың күдігін сейілте қоймайды. Жергілікті ормандарды жойылып кету проблемасын облыстың жаңа әкімі Айдарбек Сапаров та көтерді. Фанера комбинатының жұмысымен танысқан өңір басшысы солтүстікқазақстандықтарды алаң­датып отырған мәселеге назар аударып, кәсіпорын жергілікті шикізатты пайдаланып қана қоймай, орман алқаптарын қалпына келтіруі де керектігін ескертті. Мәселені табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қарайтын болады.

Фанера комбинаты секілді әкім өңірдегі «Радуга», трактор зауыттарын аралап, олардың тыныс-тіршілігін тексерді. Трактор зауытында оқ­шау­лаудың жоғары деңгейіне – 56%-ға қол жеткізілген. А.Сапаровтың пікірінше, мұндай кәсіпорындарды, оның ішінде мемлекеттің қолдауымен ауқымдау қажет.

Ал «Радуга» компаниясы 2022 жылы қағаз өнімдері фабрикасын іске қосты. Осы жобаның арқасында республикада гигиеналық қағаз импорты 16%-ға төмендейді. Кәсіпорында ыңғайлы және қауіпсіз жұмыс жағдайлары жасалып, қызметкерлерге лайықты жалақы бекітілген. Дегенмен, бұл компания да кадр тапшылығына тап болған. Облыс әкімі кәсіпорынға кадрлық тапсырманы орындауға көмектесуді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тапсырды.

Термос вагондарын шығаратын «Cool Infinity» зауыты тапсырыс­тар портфелімен қамтамасыз етілген. Ол жүк көтергіштігі жоғары вагондар өндірісі үшін сертификат алды. Зауыт Қазақстанда осындай вагондарды жинайтын жалғыз кәсіпорын. Мемлекет бизнеске қолдау көрсетуге қашанда дайын. Ол үшін проблемалық мәселелерді уақытында айтып, шешімін бірлесіп іздеу маңызды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

10313 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы