• Бизнес & Қоғам
  • 19 Қаңтар, 2023

KAZAKH INVEST: ИМИДЖ ІЛГЕРІЛЕЙ БЕРМЕК

2022 жыл ірі геосаяси және экономикалық оқиғалармен есте қалды. Сырттан тиіп отырған қолайсыз әсерлерге қарамастан, өткен жылы елімізде шетелдік инвесторлар үшін тұрақты ахуал қамтамасыз етілді. Қазақстан Орталық Азияда шетелдік инвестициялар ағыны жөнінен тартымды әрі көшбасшы өңір болып қала берді.

Соңғы 10 жылда елге жыл сайынғы инвестициялар ағыны орта есеппен 24 млрд долларға теңесті. Былтырдың қорытындысы бойынша рес­публика пандемияға дейінгі деңгейге оралды. Бірінші жартыжылдықта тікелей шетел инвестицияларының жалпы ағыны 28%-ға, $14,5 млрд-қа дейін өскен. Алдағы 7 жылда кемінде $150 млрд тарту бойынша міндет қойылды.

Өткен жылдың 11 айында Kazakh Invest арқылы шетелдің қатысумен 36 жаңа жоба пайдалануға берілді, олардың жалпы сомасы $3,7 млрд құрап, 3,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік жасалды. Қазақстанда трансұлттық корпорациялар өндірістік қуатына шықты. Saint-Gobain, Hyundai Motor Corporation, PCM, Honeywell секілді үлкен корпорациялар өндіріс орындарын ашты. Sungrow Power Supply, Iskefe Holding, Cedar Meats сияқты ірі компаниялар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмысқа кірісті. Kazakh Invest-тің көмегімен жалпы сомасы $3,2 млрд құрайтын 32 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары бас­талды.

Үкіметтің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсаттарына сай, бұл бағыттағы үрдіс ерекше өзекті бола түсуде. Осы ретте инвестициялық қызметтің маңызды және белсенді бағыттарының бірі – жаңартылатын энергия жобалары. Өткен жылдың 11 айында жаңартылатын энергия көздері саласында жалпы сомасы $350 миллион құрайтын 6 ірі жоба іске қосылған.

Негізгі инвестор елдер бойынша 2022 жылдың I-ші жарты­жылдығында Қазақстан экономикасына инвестициялардың өсуі байқалады. Атап өткенде, Нидерландтан ТШИ ағыны – $3,3 млрд құрады (2021 жылдың 1 жартыжылдығымен салыстырғанда 2%-ға өсті), АҚШ-тан – $3,2 млрд долларын (54% өсім), Швейцариядан – $1,6 млрд (өсім 21%), Бельгия­дан – $1,1 млрд (өсім 2,6 есе), Ресей Федерациясынан – $0,93 млрд (30%-ға өсім), Сингапурдан – $0,74 млрд (2021 жылғы І жартыжылдықта -$152,5 млн), Қытайдан – $0,6 млрд (өсім 8%), Оңтүстік Кореядан – $0,54 млрд құрады (84% өсім).

Аталған мерзімде алдыңғы жылмен салыстырғанда салалар бөлінісінде шетелдік инвести­циялардың ең көп өсімі ақпарат және байланыс – 5,4 есе ($787,5 млн), құрылыс – 3,9 есе ($462,3 млн), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 2,9 есе ($20,1 млн), өңдеу өнеркәсібі – 48% ($3,1 млрд), көтерме және бөлшек сауда – 43% ($2,4 млрд), көлік – 19% ($621,7 млн), тау-кен өнеркәсібі – 8% ($6 млрд) салаларында байқалды.

Kazakh Invest басқарма төраға­сының орынбасары Руслан Ибраимовтың хабарлауынша, ұлттық компания шетелде де, ел ішінде де 13 маңызды инвестициялық іс-шара ұйымдастырды. Оның ішінде мемлекет басшысы мен бизнес-капитан­дардың қатысуымен 5 жоғары деңгейдегі инвестициялық іс-шара Америкада, Францияда, Түркияда, Сауд Арабиясында және Ресейде өтті. Бұл іс-шаралар Қазақстанның инвестициялық имиджін ілгерілетудің негізгі құралы және жаңа инвесторларды тарту алаңы болып табылады. Мемлекет басшысымен диалог инвесторларға сенім ұялатады. Осындай іс-шара­лар аясында екіжақты кездесулер өткізіліп, Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру перспективалары мен шарттары талқыланады.

Жыл сайын ұлттық компания отандық бизнес өкілдерімен бірлесіп шетелдік инвесторлар үшін экономиканың басым салаларында құрамына тизер, бизнес-жоспар және жоба бойынша қаржылық модель кіретін 70 инвестициялық ұсыныс дайындайды. Сонымен қатар Kazakh Invest-тің міндеттерінің бірі – инвесторларға сервистік қолдау көрсету. Компания визалық-көші-қон және заңнамалық мәселелер бойынша тегін консультациялық қызметтер көрсетеді. Бұдан басқа, инвестициялық преференцияларға 183 өтінім қаралып, әртүрлі сипат­тағы инвесторлардың 48 пробле­малық мәселесі пысықталған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

10309 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы