• Аймақ тынысы
  • 19 Қаңтар, 2023

Жетісу өлкесі жемісті істерге толы

Жетісу облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жағынан былтырғы жылды жақсы аяқтап, республика бойынша төртінші орынға тұрақтады. Жәннат мекен атанған бұл өңір таяуда еліміздің 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралған үкімет отырысында барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім байқалған облыстардың қатарында аталды. 

Осыған орай Жетісу облы­сы­ның 2022 жылғы әлеумет­тік-экономикалық даму қоры­тын­дылары туралы облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов журналистерге сұхбат берді. Оның айтуынша, Жетісу облысы жаңадан құрылған кезде, яғни жарты жылдықтың қорытындысы бойынша соңғы орында болатын. Жеті негізгі көрсеткіштің төртеуі төмен деңгей көрсеткен. «Дегенмен дер кезінде қабылданған шара­лардың арқасында 9 айдың қорытындысында республика көлемінде алғашқы ондыққа кірдік. Ал 2022 жылдың қоры­тындысы бойынша қазір об­лыстар арасында 4-ші орынға көтерілдік», – деді Ж.Тұяқов. 
 Жетісу облысы экономи­кадағы негізгі 7 көрсеткіш бойын­ша жоспарды толық орын­даған. Атап айтқанда, өңір – инвестиция тартуда екінші, тұрғын үй құрылысында үшінші орында. Мәселен, былтыр ин­вестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 16,3% артып, 269,7 млрд теңге инвестиция тартылған.

Ал тұрғын үй салу жоспардың 108,8% құрап, бір жылда 295 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Мемлекеттік бюджет кірістері бойынша жоспар 132,8% орындалып, 198,1 млрд теңге түскен, соның ішінде республикалық бюджетке – 135,8 млрд теңге немесе 129,5%, жергілікті бюджетке 62,3 млрд теңге түскен, бұл жоспарланған көрсеткіштің 140,5%-ы. «Биылғы жылы да облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар табысты жалғасатын болады», – деді Жеңіс Тұяқов.

 

ЖИЫРМА ТҮТІНІ БАР  АУЫЛҒА – ЖАҢА НЫСАН

Кербұлақ ауданында жиырма шақты отбасы тұратын Шаған ауылында жаңа медициналық пункт салынып, іске қосылды. Бұған дейін ауылдағы бастауыш мектептің бір бөлмесін паналаған медпункт енді өз алдына бөлек ғимаратқа көшті. Блокты-модульді конструкциядан жылдам тұрғызылған ғимарат медициналық көмек қызметіне лайықталып салынған. Мұнда ем-дом жасайтын және шаруашылық қажеттіліктерге арналған алты бөлме бар. Медпунктте үш адам еңбек етеді.

Ауыл фельдшері Ұлбосын Қуанышбаева жаңа нысанға оң бағасын берді. «Өзі шағын мектептің бір бөлмесінде тығылысып отырдық, әрине, қолайсыз болды. Сонда да ауылдағы 100-ге жуық тұрғынға көрсетілетін медициналық көмекті үзген жоқпыз. Енді жаңа ғимаратқа көштік, мұнда барлық жағдай жасалған. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасына да өзінің оң ықпалын тигізетін болады», – деді фельдшер.

Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Қанат Есболатов арнайы барып, ауыл тұрғындарымен тілдесті. Нысанның ашылуында бата берген ауылдық ақсақалдар кеңесі­нің төрағасы Рысжан Байдәулетов: «Шаған ауылы үшін бұл ерекше қуаныш. Бас ауырып, балтыр сыздаса, жүгінетіміз осы медпункт. Оның өз алдына бөлек ғимаратқа көшіп, жаңа жерге орнығып жатқанына ризамыз. Барлық құралдарын түгендеп, отыратын орындарын жайластырып, бар жағдайды жасап қойыпсыздар. Ауыл тұрғындарының атынан рахмет айтамын», – деп ризашылығын білдірді.

Медициналық пункттің құры­лысын «Qaz Damu Construction» ЖШС өткен жылдың тамыз айының соңында бастаған болатын. 3-4 ай көлемінде құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, ғимарат іске қосылды. Жобаның құны – 35 млн 840 мың теңге.

 

БАЛАБАҚША МЕН БІЛІМ ОШАҚТАРЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Жетісу өңірінде 120 орынды жаңа балабақша ашылды, сол сияқты ауыл мектептерінің бірі «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасына енгізіліп, соның арқасында «Қазақстан халқына» қорының қаржысы есебінен 22 оқу кабинеті мен қосымша білім беретін шеберханалардың құрал-жабдықтары жаңартылды.

Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылы «Алақай» балабақшасы 1992 жылы салынған. Осылайша бұл ғимарат күрделі жөндеуден кейін жаңарып-жаңғырып шыға келді. Бұрын мұнда «Березка» балабақшасы болған, ол «Қарабұлақ қант зауыты» АҚ-ға қарайтын еді. Акционерлік қоғам өкілдері 2020 жылы ғимаратты аудан­ның коммуналдық меншігіне қайтарымсыз негізде өткізіп берді, кейін ол аудандық білім бөлімінің балансына берілді.

Ғимараттың жалпы алаңы – 1043,1 шаршы метр. Бюджеттен күрделі жөндеуге 422,3 млн теңге жұмсалды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Шах құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізді. Балабақша барлық қажеттілікпен қамтылған, жиһаздары жаңаланған, ойыншықтар, музыкалық және спорттық жабдықтары түгел. Әр бөлме балалардың жасына сай жабдықтал­ған. Балабақшада 3-тен 6 жасқа дейін­гі балалар тәрбиеленеді. Бұл ретте балалардың тәрибесімен қатар, спортпен, муызкамен шұғылдануына жағдай жасалған. 27 жаңа жұмыс орны құрылған, 5 балалар тобы бар.

Ал Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында материалдық-техникалық базаны нығайту, әдіснамалық көмек көрсету, оқушылар мен ұстаздардың тәжірибелік білімдері мен дағдыларын арттыруға мүмкіндік беретін «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы бойынша Е.Сиқымов атындағы орта мектептің 22 оқу кабинеті мен қосымша білім беретін STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, коворкинг аумағы бар кітапханасының құрал-жабдықтары жаңаланды. Сол сияқты мектеп кітапханасының интерьері толық жаңартылып, спорттық құрал-жабдықтар жеткізілді. Мұның бәрін «Қазақстан халқына» қоры қаржы­ландырды. Оған шамамен 250 миллион теңге жұмсалды. Жобаның доноры – «Beeline Kazakhstan» компаниясы. «Қазір балалардың тәрбиесі мен біліміне қойылатын талап бұрығыдан өзгеше. Балалардың жан-жақты дамуына, шығармашылық ізденісіне, ең алдымен баланың таланты мен қабілетін ескере отырып еркіндік берілуі тиіс. Жоба аясында «Назарбаев зияткерлік мектебімен» тәжірибе алмасудың, ынтымақтастықта жұмыс істеудің біздің мұғалімдер үшін пайдасы зор болды. Оқыту процесі оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де өз тиімділігін көрсетті», – деді мектеп директоры Рахат Нығметбекқызы.

Білім беруді тұрақты дамыту қоры­ның өкілдері осылайша Е.Сиқымов атындағы мектептің жа­қын маңдағы шағын мектептер үшін тірек мектепке айналғанын атап өтті. «Ең алдымен, Қазақстан халқының басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан ауыл оқушылары да қала балалары сияқты түрлі мүмкіндікке ие болуы тиіс. Бүгінде біз тірек мектептерді дамытумен айналысамыз, онсыз ауыл білімін көтеру мүмкін емес», – дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.

Еске салсақ, Е.Сиқымов атындағы мектеп-интернатта 402 бала оқиды, 55 педагог жұмыс істейді.

 

МЕМЛЕКЕТТІК  ГРАНТТЫҢ КӨМЕГІМЕН...

Сағакүрес ауылында жас кәсіп­кер Айдос Жұманов отбасылық кәсіп ашып, ауылдастарын нан өнім­дерімен қамти бастады. Оның наубай­шылықпен айналысуына мемлекеттен берілген грант көмек болған.

Бұған дейін Ақсу аудандық жұ­мыспен қамту орталығында жұмыс­сыз ретінде тіркелген Айдос Жұманов өткен жылы «Бастау Бизнес» бағ­дарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, сертификат алып шықты. Одан әрі бизнес жобасын қорғап, соның арқасында 1,2 миллион теңгеден астам сома қайтарымсыз грантқа ие болды. Бұл қаражатқа жас кәсіпкер нан пісіретін пеш, қамыр илейтін машина мен нан қалыптарын сатып алған. Сөйтіп өткен жылдың мамыр айында кәсібін бастап, қазір Ақсу ауданының Сағакүрес елді мекенінде ауылдастарының бөлке нанға деген сұранысын қамтамасыз етіп отыр. «Біздің ауыл дүкендеріне нан сырт жақтан жеткізіледі. Ауа райы қолайсыз қыс маусымында нан әкелінбей қалатын күндер жиі болады. Сондықтан ауылда наубайшылық кәсіп ашсам деген ойға келдім. Осы ойымды отбасыммен бөліскенімде, олар қуана қолдады. Сөйтіп «Бизнес-Бастау» арқылы оқып, грант алып, керекті құрал-жабдықтарға қол жеткіздім. Мұны отбасылық бизнес десем де болады. Үйде бөлке нан пісіруді анам, ағам, қарындасым, бәріміз бірге атқарамыз. Қазіргі қысқы мерзімде өнімді тек ауылдың ішінде өткіземіз. Ал жазғы уақыттарда Жансүгіров, Қарашілік сияқты жақын маңдағы ауылдарға да жеткіземіз», – дейді Айдос Жұманов.

Қазір шағын кәсіп иесі күніне орта есеппен 150 бөлке нан пісіріп сатса, жазғы уақытта тапсырыс көлемі ұлғая түседі екен. Қаражат айналымын арттырғаннан кейін Айдостың нан өнімінің түрлерін көбейтпек ойы бар.

Осындай мысалдар Жетісу облысында көптеп табылады. Мәселен, Ескелді ауданының 26 жасар тұрғыны Кәусар Нұрданғазы да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, омарта шаруашылығымен айналысып отыр. Осыдан 4 жыл бұрын істі алғаш 10 ұямен бастаған жас кәсіпкер өткен жылы 1 225 мың теңгенің грантына тағы 21 ара ұясын сатып алған. Аз уақыттың ішінде ара ұясының санын 80-ге жеткізген. Грантқа ие болғаннан кейін кәсібіне деген сенімі еселеніп, өнімдерін «Жамбо» брендімен шығара бастапты. Бүгінде бал өнімдерін отбасына ғана емес, өзі тұратын Жетісу ауылының тұрғындарына да ұсынып отыр.

Жалпы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, былтырғы жылы мемлекеттік грант үшін 840,9 миллион теңге бөлінген. Соның нәтижесінде бір жылда 617 адам бизнес жобасын қорғап, грантқа ие болды, бұл – жоспардың 90 пайыздан астамы. Атап өтсек, мемлекеттің осындай көмегімен шағын кәсібін бастағандардың 212-сі – жастар.

 

ӘЛЕУМЕТТІК  ҚОРДЫҢ ҚОЛДАУЫ

«Samruk-Kazyna Trust» қоры әлеуметтік қолдау аясында Жетісу облысына 5 реанимобиль мен 3 инватаксиді сыйға тартты. Бұл реанимобильдер облыс әкімінің халықпен кездесуі кезінде жедел жәрдем көлігі қажет деп өтініш-тілек білдірген аудандарға бөлінетін болады. Ал 3 инватакси Талдықорған қаласында қызмет көрсетпек.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан бірыңғай қайырымдылық қызметімен айналысады. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқа­ралық спорт, халықтың әлеу­меттік топтарын қолдау салаларында тұ­рақты түрде өз жобаларын жүзеге асырып келеді. Басты мақсаты – еліміз азаматтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға көмектесу.

Астана қаласында өткен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының 2022 жылы атқарған қайырымдылық жұмыстарының қорытындысын шығаруға арнал­ған шара барысында «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровке облыс үшін 5 реанимобиль мен 3 инватакси арнайы көліктерінің сертификатын табыстады.

Қазіргі уақытта Жетісу облы­сындағы «Жедел жәрдем» станса­сының арнайы көлікпен қамтамасыз етілуі 100 пайызға, ал халық санына шаққандағы бригадаларының саны 75-ті құрап отыр. Сол сияқты облыста қызмет көрсететін инватаксилер саны 23-ке жетті.

 

ЕРІКТІЛЕР ЕҢБЕГІ  БАҒАЛАНДЫ

«Асар» жобасы іске асырылған жыл­дарда жетісулық автоволонтерлар 8 мыңнан астам қайырымдылық сапар жасаған. Ал автоволонтерлардың саны 200 адамнан асып кетті. Тек соңғы жыл­дың өзінде ерекше қажеттілігі бар адамдарды тегін тасымалдауға қатысты 900-дей тапсырыс орындалған, соның 596-сы колл-орталық арқылы «400-400» жеке такси қызметі мен 301 – автоволонтерлар командалары арқылы іске асырылған. Осылайша, Жетісудың белсенді автоеріктілері марапатталды.

Жоба жетекшісі Елдос Баялышбаев еріктілер мен атқарылып жат­қан жұмыстарға тоқталды. «Көрші елдердің оң тәжірибелерін зерттей келіп, бұл жобаны біз 2017 жылы бастадық. Содан бері еріктілер қатары, әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін жүргізушілер саны тұрақты түрде артып келеді. Көліктің тізгінін ұстаған жандардың күнделікті бағытынан бір ауық басқа жаққа да бет бұрып, тасымалға зәру адамдарға көмек қо­лын созуы – үлкен азаматтық. Біздің негізгі мақсатымыз – қаламызда ерекше қажеттілігі бар адамдарға тегін жәрдемдесу. Сол сияқты оған қоса мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мәселесі де мемлекеттің қолдауымен шешіліп келеді. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы олар келісімшарт шеңберінде жалақыларын алады. Осылайша біз бірлесе отырып, бір-бірімізге көмек қолын созып отырмыз», – деді ол.

Мәселен, автоволонтер Мақсат Шәріпов былтыр ғана барлық өтінімдерді пысықтап, 130 тапсырысты іске асырған. Сол сияқты 55 өтінімді Қалипа Ташкеева, 30-ын Әділ Исаханұлы, 25-ін Алмас Ниетбаев, 20-сын Нұрбек Тұрғанов орындаған. Оларға «Жылдың үздік автоволонтері» арнайы статуэткалары, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, «Асар Талдықорған» автокөлік көмегі ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тасымалдаумен ғана шектелмейді. Шұғыл қажеттілік туындаған жағдайда, қоныс аударатын немесе жабдықтарды тасымалдауға мұқтаж адамдарға көмектесуге дайын еріктілерді іздеп табады. Қуанышты оқиғалар кезінде де қолдау көрсетуді ұмытпайды, перзентханадан шығарып алу, үйлену тойларында мерекелік кортеждерді тегін ұсынады. Бұл ретте автоволонтерлер жобасына жеке көлігі бар және өтеусіз көмекке аздаған уақытын бөле алатын кез келген адам қатыса алады.

Жалпы 2014 жылдан бастап Жетісу облысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тасымалдау қауіпсіздігінің сапасы мен қоғамдық ортадағы қолжетімділігін арттыру үшін қызметі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын «Инватакси» жұмыс істейді. Бұл қызмет барлық аудан орталықтары мен Талдықорған және Текелі қалаларында бар.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

444 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы