• Аймақ тынысы
  • 19 Қаңтар, 2023

Машина жасаушылардың әлеуеті мықты

Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, бағаның, тарифтердің өсуі және өзге де мәселелерге қатысты көптің көкейінде  жүрген сауалдарға нақты жауап берілді.  «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру», – деп атап көрсетті президент.

Өткен барыс жылы еш­кімге жеңіл тимеді. Әсіресе, тұрғын­дарды жұмыс орындарымен қамтып отырған кәсіпкерлерге тығырықтан шығар жаңа жол іздеуге тура келді. Соның арқа­сында өңірдегі кейбір кәсіп­орын өнім өндіруде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мысалға, құрылыс индустриясы саласында темір бетон бұйымдары («Гидромаш-Орион» ЖШС), тамақ өнеркәсібінде қалбырдағы өнімдер («Кублей»), сыра («Нұржанар»), ұн өнімдері өндірісі («Белес-Агро», «Желаев нан өнімдері комбинаты») артты.  Ал машина жасаушылар ішінен «Оралагрореммаш» арнайы техника өндіру қарқынын үстеді, «КазТрубПром» зауыты сорғы-компрессорлық техника өндірісін   күшейтті.  Осылайша кәсіпорындар   әлем елдерінің тынысын тарылтқан пандемиядан кейін ес жиып, еңсесін тіктей бастады. Сандарды сөйлетер болсақ, былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында өндіріс көлемі 4,7 пайызға артып, 245,6 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,5%-ке өсіп, 405,7 млрд теңгені құрады.

 

ОН ЖЕТІ ЖОБА ЖАНДАНАДЫ

Сандарды сөйлетер болсақ, өткен жылы 11 айдың қоры­тындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,5%-ке өсіп 405,7 млрд теңгені құрады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы  Жұмакелді Батырниязовтың айтуынша,  биылғы жылы жалпы құны 18,8 млрд теңге болатын 17 жобаны іске қосу жоспарланған. Осы ретте 620 жұмыс орны құрылмақ. Он жеті жобаның ішіндегі  ірілеріне тоқталар болсақ, олар  – сүт-тауарлы ферма құрылысы («Ringo-Milk» ЖШС),  жылына 30 млн дана кірпіш шығаратын зауыт («Westgroup» ЖШС), екі   медицина орталығы («Талап» АҚ, «Олимп» ЖШС),  құрғақ қоспалар өндірісі («Бриг Компани» ЖШС)  жобалары. «Өңірде мал басы жеткілікті, мал шаруашылығы жақсы дамуда. Бұл көрсеткіш бойынша республикада бірінші орындамыз. Сондықтан кәсіпкерлер ет өңдеуге мән-маңыз берсе дейміз.  Сонымен қатар өнеркәсіптік машина жасауды дамытудың болашағы зор, өйткені бізде бұрыннан қалыптасқан машина жасау кластері бар. Оны әрі қарай дамытуға қажетті  кадрлық әлеует жеткілікті»,  – деді Жұмакелді Жолдыбайұлы.

 

«IVECO» КӨЛІГІ ҚҰРАСТЫРЫЛАДЫ

Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында осы уақытқа дейін ешбір одақтың құрамында болмаған өзбек елімен одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды. Қос ел президенттері бірлескен жобалар құрылысын бастау рәсіміне қатысты. Сол жобалардың бірі  – «UzAuto Motors» компаниясының  Қазақстанда америкалық «Chevrolet Onix» седандарын құрастыру жобасы.  Сарапшылардың айтуынша,  Қос­танай қаласындағы «Allur» зауытында жылына 30 мыңға жуық темір тұлпар конвейерден шығады. Бұл жоба Өзбекстан, Қазақстан және Әзірбайжан аутомобиль өнеркәсібін біріктіру шешімі аясында жүзеге асырылады.    «Түркі аутомобиль өнеркәсібі» немесе «Тюркский автопром» деп аталатын жаңа альянсқа «UzAuto Motors» басшылық жасайды. Алдымен Қазақстанда «Chevrolet Onix» шығарып, одан кейін Әзірбайжанда өзбек көліктерін құрастыру ұйымдастырылады. Жетекші өзбек компаниясы өкілдерінің айтуынша, жаңа бір­лестік Еуразия құрлығындағы автоөнеркәсіпті дамытуға, сондай-ақ жалпы саны 65 миллионнан астам адам тұратын нарықты біріктіруге көмектеседі.

«Жергілікті машина жасаушылар бұл жобаға қатысуы мүмкін бе?» деген сауалымызды басқарма басшысына қойған едік. «Екі елдің ірі машина жасаушылары ұзақ жылдар бойы тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді, енді олар өзара әріптестік байланысты жаңа деңгейге көтермек. Сондықтан жергілікті машина жасаушылардың әлеуеті мықты дегенмен, бұл жобаға қатысу мәселесі қарастырылмаған. Біздің кәсіпорындар су көлігін, иінді білік, мұнай-газ жабдықтарын және коммуналдық, өртке қарсы жабдықтарды, көліктерді шығаруға маманданған. Тарих қойнауына енген барыс жылында жергілікті зауыт италиялық «IVECO» аутобустарын құрастыру және ершікті тартқыш (седельный съемник) өндіру жобасын іске асырды. Осы екі өндіріс бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Оралагрореммаш» АҚ-мен өнеркәсіптік келісімге қол қойды. Компания жоба бойынша толық күшіне енген кезде 1200 бірлікке дейін көлік өндіреді. Қазіргі уақытта «IVECO» автобустары өндірісі жобасын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингтік қаржыландыру мәселесі пысықталуда», – деді Жұмакелді Батырниязов.

Оралдағы зауыт алпыс жылдан астам уақыт бойы Қазақстан мен таяу шетел нарығын қажетті арнайы техникамен, аутоцистерналарды толтыру жабдықтарымен қамтамасыз етіп келеді. 2021 жылы кәсіпорын күкірт қышқылына арналған жартылай тіркемелер өндірісін игеріп, «ҚазАтомпром» ЖШС базасында сынақтан өткен тәжірибелік үлгіні дайындады. Осылайша 2021-2022 жылдары «ҚазАтомпром» ЖШС «Оралагрореммаш» зауытымен аталған техниканы жасауға оффтейк келісімшарт (өнім шықпай тұрып, сатып алу келісімшарты) жасады. Биылғы жылы да ортақ мақсат жолында өзара сенім мен келісімге негізделген бірлескен іс-қимыл, қажырлы еңбек отандық өндірушілерді жемісті нәтижеге жеткізбек.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Батыс Қазақстан облысы

397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы