• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 19 Қаңтар, 2023

Ел бесігінде ерен істер атқарылады

2027 жылға қарай ауылдық елді мекендерде судың сапасы, жолдардың жай-күйі жақсаратыны, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт нысандары тұрғызылатыны айтылуда. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды сала – мал шаруашылығын дұрыс жолға қою үшін кешенді шаралар қабылданбақ.

3,5 МЫҢ АУЫЛ ТОЛЫҚ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту арқасында ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндағандай, республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн адам тұрады. Олардың қатарынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктелді (барлық ауыл тұрғындарының 90%-ы). Оларды жаңғырту «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында басым тәртіппен жүзеге асырылады.

2019-2022 жылдары 326 млрд теңгеге 3,7 мың жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 объектіні, 1,2 мың білім беру, денсаулық сақтау, спорт әлеуметтік инфрақұрылым объектісін және 2 мыңнан астам көлік инфра­құрылымы объектісін – ауыл ішіндегі жолдарды салуға және жөндеуге мүмкіндік туғызды.

Биыл 736 ауылда 143 млрд теңгеге тағы 1,5 мың жобаны іске асыру жоспарланған. Мысалы, 119 жоба ТКШ саласында, 275 жоба әлеуметтік инфрақұрылым бөлігінде, сондай-ақ 1,1 мың жоба ауыл ішіндегі жолдардың жағдайын жақсарту бойынша іске асырылмақ.

Өңірлерде «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баяндады.

Премьер-министр 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Бұл орайда Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары осы көрсеткіш бойынша артта қалып отыр.

«Аталған өңірлердің әкімде­рі бұған ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар іске асыру мерзімдері бойынша артта қалуға жол бермеу керек», – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр барлық жос­парларды жүзеге асыру 40 мыңға жуық жұмыс орнын құруға жеткізіп, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беретінін айтты.

«2027 жылға қарай ауылдық елді мекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт объектілері салынады», – үкімет басшысы.

Тақырып түйінінде үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу барысында болашағы бар ауылдарды айқындау әдістерін өзектендіріп, Өңірлік стандарттар жүйесін жетіл­діру жөніндегі жаңа тәсілдерді ескеруі қажет екенін атап айтты.

 

МАЛ ЖАЮҒА 8,9 МЛН ГЕКТАР ЖАЙЫЛЫМ ЖЕТІСПЕЙДІ

Үкімет отырысында қа­зақ­стан­дықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Қара­шөкеевтің хабарлауынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлер 183,4 млн гектарды құрайды, оның ішінде 82,4 млн га – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 63,9 млн га босалқы жерлер; 21,2 млн га елді мекендерге іргелес жерлер; 15,9 млн га басқа санаттағы, яғни орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтері бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жайылым қажет.

Оның айтуынша, 15 өңірде, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жеке қосалқы шаруашылықтарда мал жаю үшін жайылымдар­дың тапшылығы байқалады. Атап айт­қанда, бұл ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 16%-ды құрайды.

Өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп (0,4 млн га). 2022 жылы тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті.

16 қаңтарда елімізде мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Ол азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар және жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға негіз болады.

Осы тақырып бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Жетісу облы­сының әкімі Бейбіт Исабаев баяндама жасады.

Премьер-министр жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпейінше мал шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес екенін атап айтты. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе.

«Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер», – деді Ә.Смайылов.

Бұған мемлекет басшысының агроөнеркәсіп саласындағы микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін жарлығы ерекше серпін берді.

«Осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Бұл орайда, елді мекендердің маңында орналасқан ауыл шар­уашылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңызды. Оларды қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажет. Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді», – деді премьер-министр.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту және шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

«Жер қоры шектеулі аудандарда әкімдіктер жеке қожалықтарды кооперативтерге біріктіріп, малды қолда ұстау мәселесін пысықтауы тиіс. Жалпы өңір әкімдері жайылым мәселесін, оның ішінде қайтарылған жерлерді бөлуді ерекше бақылауда ұстауы қажет», – деді ол.

Қорытындылай келе, премьер-министр ғарыштық мониторингті қолдана отырып, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізу керек екенін айтты. Ол үшін жерді ұтымды пайдалану мониторингінің «JerInSpectr» платформасын енгізу жұмыстарын, сондай-ақ жерді пайдалану процестеріне бақылауды күшейту қажет.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

431 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы