• Өндіріс тынысы
  • 19 Қаңтар, 2023

ШИКІЗАТ ЭКСПОРТЫ: БИЫЛҒЫ БОЛЖАМДАР ҚАНДАЙ?

Ел қазынасын бизнес байытып, экспорт толтыратыны бүгінде жалпақ жұртқа белгілі жәйт. Кәсібінен нәсібін терген шаруақор қауымның экспортқа елеңдейтіні сондықтан. Қазақстанның сыртқа шығаратыны негізінен шикізат, атап айтқанда табиғи ортадан өндірілетін минералды отын, руда және басқа пайдалы қазбалар болып табылады.

Бұл ретте ішкі жалпы өнім құрылымында көмірсутекті материалдар үлесі жоғары болғандықтан, олардың болжамды бағасы бюджет шығындарын белгілеу кезінде бірінші кезекте назарға алынып, базалық, оптимистік және пессимистік сценарилер осы мәліметтерге сүйенеді. Мәселен, биыл мұнай бағасының базалық сценариі өткен жылғы деңгейде сақталады, деп күтіліп отыр. Осыған орай Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы биылғы жылы барреліне 90 долларға жетіп тоқтамақ. Бұған сәйкес мұнай экспорты өндіру көлемінің күтілетін ұлғаюына байланысты ағымдағы жылы 0,4 миллиард долларға өсіп, 47,1 миллиард долларға жетпек. Осылайша, экспорттың жалпы көлеміндегі мұнай үлесі бұрынғысынша 50 пайыздан асады.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, экспорттың күтілетін көлемдері мен соның нәтижесінде елге түсетін валюталық түсімдер қысқа күнде қырық құбылатын шикізаттық тауарлардың әлемдік бағасына тәуелді. Бұл тәуелділіктің айқын мысалын пессимистік болжам сценариінен көре аламыз, оған сәйкес үстіміздегі жылы мұнай бағасы бір баррель үшін 50 долларға дейін төмендейді, сөйтіп, бір жыл ішінде орташа есеппен 53-54 долларды құрайды. Бұл сценариде тауар экспорты 20,6 пайызға азайып, 66,6 миллиард долларға дейін төмендейді және ағымдағы шот былтырғы жылы болжанған профициттен биыл 3,9 миллиард долларға дейін күрт кемиді. Табыс теңгерімі тарихи түрде тапшылық аймағында болады, сөйтіп, Ұлттық банктің резидент еместерге төлейтін табысы біздің шетелде тапқан табысымыздан асып түседі. Бұл елдің шикізат секторында, әсіресе мұнай-газ секторында шетелдік инвестицияның жоғары шоғырлануымен байланысты туындап отыр. Орта есеппен соңғы 5 жылда төленетін табыстағы тікелей шетелдік инвесторлар кірісінің үлесі экспорт көлеміне байланысты шамамен 67 пайызды құрады.

Орта мерзімді келешекте экспорттық түсімдер кіріс теңгерімінде үстіміздегі жылы 8,9 пайызға артып, 30,2 миллиард долларға жетеді деп болжануда. Бұл өсімнің негізгі себебі – резервтік валюталарды шығаратын орталық банктердің ақша-несие саясатын қатаңдатуы салдарынан шетелдік инвесторларға пайыздық төлемдердің артуы. Болжамға сәйкес алдымыздағы 2024 жылы табыс тапшылығы 30,2 миллиард долларды құраса, 2025 жылы 29,5 миллиард долларға дейін азаяды. Мұнайдың базалық бағасы келесі жылы барреліне тағы да 90 долларды құраған жағдайда ағымдағы шот профициті өткен жылғы 6,4 миллиард доллардан 2025 жылы 0,6 миллиард долларға дейін қысқарады деп күтілуде. Бұл сценарий бойынша біз, бір жағынан, өзімізде өндірілетін тауарлардың экспорты негізінен шикізаттық сипатын сақтап қалғанын және импорттың өсуі жалғасып жатқанын көреміз. Мұнай бағасы жоғары болса да, ағымдағы операциялар шотының профициті ұзақ мерзімді келешекте кеми түспек. Бұл тұрғыда төлем теңгерімінің тапшылығын әлемдік экономикамен өзара әрекеттесу тұрғысынан түсіндірген жөн.

Осы ретте мынадай екі түйткіл туындайды. Біріншіден, біздің экономикамыз мұнай мен металл сияқты шикізат экспортына тәуелді болып отыр. Сонымен қатар өңдеу деңгейі немесе өндірістің күрделілігі салыстырмалы түрде төмен. Яғни шикізатты экспорттап, одан кейін өз шикізатымыздан жасалған дайын өнімді импорттау барысында өндірістің барлық қосылған құны шетелде қалады. Екіншіден, азық-түлік тауарларының көпшілігін қоспағанда, тұтынуға немесе пайда­лануға дайын тауарлардың барлығы дерлік импортталады.

Биылғы болжам бойынша шикі­заттық емес экспорт та шамамен өткен жылғы деңгейде қалады, бұл ретте ол 0,3 миллиард долларға өсіп, 37,9 миллиард долларға дейін жетеді. Мәселен, шикізаттық емес экспорт құрылымындағы дайын өнім үлесі алдыңғы жылдың 9 айындағы 17 пайыздан 2022 жылдың 9 айында 22 пайызға дейін өскенімен, көңіл көншітпей отыр. Оның көлемі 6 миллиард долларға жетті, бірақ экспорт құрылымын ұялы телефондар, есептегіш машиналар, компьютерлер, тұрмыстық және цифрлық құрылғылар құрап отыр. Көбінесе бұл Қазақстаннан тыс жерде өндірілген тауарлар, яғни реэкспорт. Тек Қазақстанда өндірілетін тауарлар ішінде ұн экспорты алдыңғы қатарда. Өткен жылдың 9 айында бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ол екі есеге жуық, яғни 89 пайызға өсіп, 0,5 млрд долларды құрады. Бұл өсім баға факторы есебінен, сондай-ақ нақты жеткізілімдердің өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, 2022 жылдың 9 айында алдыңғы жылдың 9 айымен салыстырғанда қазақстандық ұнның орташа келісім­шарттық экспорттық бағасы тоннасына 395 долларға дейін 43 пайызға өсті, ал нақты сату көлемі осы кезеңде 32 пайызға өсіп, 1,3 млн тоннаны құрады.

Өкінішке қарай республикамыз іс жүзінде өзіне қажетті тауарды шығармайды. Бұл ретте импортқа сұраныс инвестициялық тауарларға сұранысты арттырып отырғанын атап өту керек. Қолымыздағы статистикалық мәліметтер экспортта шикізатқа тәуелділіктің, импортта дайын өнімге мұқтаждықтың азаймай отырғанын көрсетіп отыр. Халықаралық тәжірибе мұндай түйт­кілдерді қосылған құны жоғары тауарларға баса назар аудара отырып, тауарлар мен қызметтерді өндіруді әртараптандыру және тауарларды өң­деу дәрежесін күрделендіру арқылы шешуге болатынын айғақтайды. Бұл ретте отандық өндірушіні мемлекет тарапынан қолдау мәселесі тағы да алдымыздан шығады. Мәселен, көптеген сарапшылардың пікірінше ауыл шаруашылығына мемлекет көмегін көрсету қазіргі заманғы агроөнеркәсіптік өндіріс пен азық-түлік нарығын дамытудың және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізудің алғы шарты болып табылады. Жаһандану жағдайында отандық аграрлық сектордың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру нақ осындай тегеурінді тірлікті талап етеді. Бұл шарт өзге салаларға да қатысты.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

 

554 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы