• Спорт
  • 26 Қаңтар, 2023

Жас спортшыларымыз ел үмітін ақтады

Жалпыкомандалық есепті 11-ші орыннан көріндік

Жақында ғана АҚШ-тың Нью-Йорк штатының Эссекс аймағына қарасты кішігірім Лейк-Плэсид қалашығында ХХХІ қысқы Универсиада ойындары өз мәресіне жетті. Он күнге созылған байрақты бәсеке барысында әлемнің төрт бұрышынан  43 мемлекеттің 1443 спортшысы жарыс жолында сынға түсті. Спорттың 12 түрінен барлығы 83 алтын жүлде сарапқа алынған дүбірлі додада қазақстандық сайыпқырандар 3 алтын, 4 күміс және 4 қола еншілеп, жалпыкомандалық есепті 11-ші орыннан көрінді.

FISU Дүниежүзілік студенттік ойындар деп аталатын Универсиада Олимпиада ойындарынан кейінгі ең ірі дода саналады. Ел намысын қорғаған студент жастарымыз биатлон, сноуборд, шаңғы, тау шаңғысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы қоссайысы, коньки, шаңғымен трамплиннен секіру және шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен бақ сынады.

Осыған дейін қазақстандық спортшылар қысқы универсиадаларда 85 жүлдеге (28 алтын, 25 күміс пен 32 қола) қол жеткізген. Яғни жалпы медаль есебінде 15-ші орында тұр. Бәрімізге белгілі бұдан 6 жыл бұрын, яғни 2017 жылы XVІІІ қысқы Универсиада өз елімізде өткізілген еді. Алматы қаласында өткен сол додада жерлестеріміз 11 алтын, 8 күміс, 17 қола барлығы 36 жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте солтүстіктегі көршімізден кейін екінші орынға көтерілген-ді.  Алайда одан кейінгі сайыста студенттеріміз тұғырдың биік шыңына көтеріле алмады. Мәселен, 2019 жылы Ресейдің Красноярск қаласында өткен ХVІІІ ойындарда 4 күміс, 3 қола жүлдемен 17-ші орынды еншіледі. Ал 2021 жылдың аяғында Швейцарияның Люццерн қаласында өтуі керек болған ХХХ  қысқы бәсеке ковидтің жаңа штамының әлемге кең таралуына байланысты өткізілмеді.

 

ҚҰРАЛАЙДЫ КӨЗГЕ АТҚАН БИАТЛОНШЫЛАРЫМЫЗ ЖАРАДЫ

Лейк-Плэсидтегі қысқы сайыс біз үшін сәтті басталды. Қазақстан құра-масы араға алты жыл салып қысқы Универсиаданың алғашқы алтынын жеңіп алды. Байрақты бәсекенің үшінші күнінде биатлон сайысында сынға түскен жерлесеміз Вадим Куралес 15 шақырымға жекелей жарыста мәре сызығын бірінші болып кесті. Осылайша ол биылғы дүбірлі додада ел қоржынына алғашқы алтынды сыйлады. Жарыс жолына 16-шы болып шыққан  В.Куралес төрт оқ ату аймағында бір мәрте қателікке бой алдырды. Осыған қарамастан жылдамдықты дер кезінде қоса отырып, ол 15 шақырым қашықтықты 42:37.4 минут нәтижемен  кесіп өтті. Екінші орынға норвегиялық Орьян Мосенг ие болды. Ол өз кезегінде көп қателікке бой алдырып,  оқ ату кезеңінде төрт рет айдалаға атты. Дегенмен оның жылдамдығы керемет екен. Ол жерлесімізден 42,6 секундқа қалып қойды. Ал үздік үштікті франциялық Алекс Гарнь түйіндеді. Оның уақыт көрсеткіші – 43 минут, 53 секунд. Сондай-ақ тағы бір Қазақстан спорт-шысы Александр Мухин мәреге алтыншы болып жетті. А.Мухин оқ ату кезеңінде бес мәрте қателікке бой алдырды. Сонымен қатар қазақстандықтардың ішінен Кирилл Бауэр және Бекентай Тұрлыбеков осы қашықтықта сынға түскенімен, олар жүлдеге іліге алмады.

Универсиадада биатлоншылар арасында жекелей аралас эстафетада жүлде алуға шақ қалған едік. Бұл сында еліміздің атынан Арина Крюкова мен Александр Мухин сайысқа түсті. Нәтижесінде қазақстандықтар төртінші орынға тұрақтады. Олар жарыс жеңімпазынан 1 минут 16.6 секундқа қалып қойды. Бас жүлде чехиялық Тереза Яндова мен Якуб Кочанға бұйырды. Одан кейінгі орынды франциялық Полин Машу мен Аксель Гарнье еншілесе, қола жүлде украиналық Юлия Городна мен Степан Кинашқа бұйырды.

Құралайды көзге атқан биатлоншы отандасымыз Бекентай Тұрлыбеков 10 шақырымдық қысқа спринт жарысында күтпеген жерден топжарды. Жарыс барысында ол екі атыс сызығында бірде-бір оқты бос жібермей, қателікке бой алдырмады. Спринтерлік қашықтықты ол 27 минут 51,5 секунд көреткішімен бағындырды. Аталған жарыста екінші орынды жергілікті американдық Бьорн Уэстервелт еншіледі. Ол отандасымыздан 8,3 секунд уақытқа ұтылды. Үздік үштікті тағы бір биатлоншымыз Александр Мухин еншіледі. А.Мухин жеңімпаздан  22,2 секундқа қалып қойды. Екі спортшымыздың ортасына америкалық биатлоншы Бьорн Вестервельт түспегенде, бұл жарыста үш бірдей жер-лесімізді жеңіс тұғырынан көруіміз әбден мүмкін еді. Өйткені Кирилл Бауер мен Вадим Куралес мәре сызығын Александр Мухиннен кейін кесіп, сәйкесінше 4-5-ші орындарға жайғасты. Нәтижесінде аталған сайыста ел құрамасы бір алтын, бір қола медаль алды.

Александр Мухин 15 шақы­рымдық масс-старт сынында күміс жүлде еншіледі. Ол ату сынында төрт рет мүлт кетіп (0+2+2+0), жеңімпаз атанған француздық Аксель Гарньеден 24.8 секунд қалып қойды. Қола жүлдені Норвегия биатлоншысы Эрьян Мосенг жеңіп алды. Бұдан бөлек, масс-стартта өнер көрсеткен Кирилл Бауэр – төртінші, Вадим Куралес – жетінші, Бекентай Тұрлыбеков 19-шы орыннан табылды.

 

БИІКТІКТЕН СЕКІРГЕН БАТЫЛ АТЛЕТТЕР

Тұғырдан секіру спортында (трамплин) жерлесіміз Данил Васильев ел намысын абыроймен қорғады.  Бірінші талпыныста ол 127,2 ұпаймен бірінші орын алса, соңғы айналымда екінші (130,1) болып мәреге жетті. Екі кезеңнің қосындысында қазақстандық спортшы австриялық Максимиллиан Линхерді (251,4) және Тимон Паскаль Кахоферді (248,8) басып озып, үздік нәтиже (257,3) көрсетті. Қазақстанның басқа спортшылары келесідей нәтижеге қол жеткізді: Сергей Ткаченко – жетінші (220,9), Никита Девяткин – тоғызыншы (216,2), Святослав Назаренко – 20 (147,3), Мағжан Амангелдіұлы – 21 (144,5).

Универсиадада Д.Васильев ко­ман­далық сында да бағын сынап көрді. Бұл сайыста табысты өтіп, күміс жүлдемен күптелді. Ол Сергей Ткаченкомен бірге биіктіктен қорықпай батыл секірді. Біздің спортшылар 470.3 нәтижесімен аустриялықтардан (470.5) жеңіліп, Жапония командасын (452.9) айналып өтті. Ал Святослав Назаренко мен Никита Девяткиннен құралған Қазақстанның екінші командасы 381.7 ұпай жинап, сегіз қатысушының ішінен жетінші орынды иеленді.

 

ҚОЛА ЖҮЛДЕНІ МІСЕ ТҰТТЫҚ

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы В тобында Оңтүстік Корея, Венгрия, Ұлыбритания, Словакия және алаң қожайындары АҚШ-пен бірге сынға түсті. Алдымен біздің жастарымыз мұз айдынында Оңтүстік Кореяға қарсы матч өткізді. Қызықты өткен ойында кәрістерді – 5:1 есебімен түзе бүктірдік. Одан кейін Венгрияны – 9:1 көрсеткішімен қапы қалдырдық. Үшінші матч біз үшін тіпті табысты өтті. Әлемде экономикасы мен спорты өте жақсы дамыған Ұлыбританияны ірі есеппен жеңдік. Жерлестеріміз «ағылшындардың» қақпасына  15 шайба енгізіп үлгерді. Бұған жауап ретінде британдықтар 1 шайбамен ғана көзге түсті. Төртінші матчта хоккейді жақсы меңгерген словактардан 4:0 есебімен басым түсіп, жарыстың плей-офф сатысына бір тур бұрын жолдама алдық. Топтағы соңғы ойынды АҚШ-қа қарсы өткіздік. Бұл матч ел құрамасы үшін аса маңызды болмағандықтан, мұз айдынында қосалқы құрамдағы хоккейшілер сынға түсті. Осылайша бесінші ойында отандық хоккейшілер алаң иелеріне 1:4 есебімен жол берді. АҚШ сапынан Мэтт Хэйнуолл (дубль), Майкл Макхесни және Куинн Грин мергендігімен көзге түссе, Қазақстан сапынан жалғыз шайба Батырлан Мұратовтың еншісіне жазылды. Өз тобында 12 ұпаймен екінші орын алған олар доп айырмасымен АҚШ құрамасын алға шығарды.

Ел құрамасы жартылай финалда Канадаға қарсы матч өткізген еді. Ойынның алғашқы минуттарында қос құрама тарапынан бел­сенділік байқалды. Есеп ашатын бірнеше мүмкіндік болды. Десе де хоккейшілер көздеген нысанадан мүлт кетіп жатты. Ал 10-шы минутта канадалық Джонатан Янтис қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Екінші кезеңнің 24-ші минутында қазақстандық Данил Бутенко таразы басын теңестірді. Ойын барысында канадалық хоккейшілер белсенділікті арттырып, шабуыл шебіне көбірек шығып жатты. Нәтижесінде канада­лық Ноа Кинг – 11-ші, Брэтт Дэвис – 13-ші, Джонатан Янтис 37-ші минуттарда мергендік танытты. Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді. Жартылай финалдық тағы бір ойында АҚШ студенттер құрамасы Жапонияны 4:3 есебімен жеңді.

Жартылай финалда сүрінген отандастарымыз 3-ші орын үшін сайыста Жапониямен кездесті. Құрамалар алғашқы болып есеп ашуға күш салды. Нәтижесінде 6-ші минутта жерлесіміз Максим Мухаметов қақпаны дәл көздеп, өз құрамасын алға шығарды. Бірінші кезеңде есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болды. Оны құрамалар пайдалана алған жоқ. Екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер қатарынан төрт шайба соқты. Матчтың 22-ші минутында Саян Данияр есепті ұлғайтса, одан кейін Максим Мухаметов – 24-ші, Әлихан Өмірбеков – 25-ші, Батырлан Мұратов 38-ші минутта мергендік танытты. Оған 39-шы минутта жапониялық хоккейшілер бір шайбамен жауап қайырды. Екінші раунд аяқталған кезде таблода есеп 5:1 деген санды көрсетіп тұрды. Үшінші кезеңде отандасымыз Әли Қасенов 42-ші минутта гол соқса, Максим Мухаметов 47-ші минутта хет-триктің авторы атанды. Ал 48-ші минутта Данил Бутенко есепті үстемелей түсті. Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 8:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге ие болды.

Өз кезегінде шайбалы хокейден ақтық сында алаң қожайындары және Канада студенттер құрамасы алтын үшін жүлдеге таласып сынға түсті. Қызыққа толы өткен матчта канадалықтар оңтүстіктегі көршісі американдықтарды 7:2 есебімен жеңіп жеңімпаз атанды.

Айта кету керек, шайбалы хок­кейден Қазақстан студенттер құра­масы дүбірлі додаға тоғыз мәрте қатысты. 1995 жылы Испанияның Хака қаласында чемпиондық тұғырға көтерілсе, 1993, 2013, 2015, 2017 жылдарда күміс, 2007 жылы қола медаль иегері атанды.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

264 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы