• Аграрлық аймақ
  • 26 Қаңтар, 2023

Агросектор алдындағы міндет ауқымды

Исатай  ҚАМБАРОВ,

журналист-сарапшы

e-mail: isakambar@list.ru

Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа мәжілісінде салаға жүктелетін ауқымды міндеттер атап көрсетілді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығындағы импорттың үлесін азайту мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесі бүкіл өңірлерге таратылмақ.

Бұл ретте әлем бойынша жерінің көлемінен 9-шы орында, халқының саны жағынан 62 орында тұрған Қазақстанда жайылымның тапшы болуы –ақылға қонбайтыны ақиқат. Ауыл шаруашы­лығы министрлігі бұл парадоксты ретке келтіру үшін бір азаматтың және бір заңды тұлғаның иелігінде болуы мүмкін алқаптың шекті көлемін белгілеп отыр. Ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде вице-министр Әбілхайыр Тамабек сол лимиттердің көлемін атады. «Биылғы 11 қаңтарда Үкімет жер пайдалану құқығы бір қолда болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін бекіту туралы қаулы жобасын мақұлдады. Республика бойынша орта есеппен, табиғи-кли­маттық жағдайларға байланысты шаруа және фермер қожалықтары үшін ауыл шаруашылығы алқаптарының шекті (ең жоғары) мөлшері 35 мың га, заңды тұлғалар үшін – 51 мың га мөлшерінде белгіленген. Бұл ретте осы норма енгізілгенге дейін берілген жерлер бойынша тиісті талдау жүргізіледі», – деді вице-министр.

Ал жазда тіпті бұзау жаюға жер таппай отырған ауылдардың мәселесін жер түгендеу жұмыстары шешуге тиіс. Бұл да – өзекті мәселенің бірі. «Жер инспекциясының жұмысын күшейту есебінен Мемлекет басшысының 2022 жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн гектардан кем емес жерді қайтару жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда тексерулер саны 9 есе, ал тексерумен қамтылған аумақ 21 есе өсті», – деді Әбілхайыр Тамабек.

Жер түгендеу жұмыстары жерді игеру жұмыстарының жандануына түрткі болған. «Халық малын жаю үшін жайылым тапшылығы пробле­масын шешу үшін шаралар қабылда­нуда. Бірінші кезекте ауылдық елді мекендердің шекаралары мемлекетке қайтарылған жайы­лымдық алқаптар мен жерлер, сондай-ақ мем­­лекет мұқтажы үшін алынған жерлер есебінен кеңейтіледі. Ауыл шаруашылығы құры­лымдарымен олардың жайылымдарын жеке қосалқы шаруашылықтардың уақытша пайдалануы туралы меморандумдар жасалады. Жайылымдарды басқару жөніндегі іс-шаралар шеңберінде оларға босалқы жерлерден жайы­лымдық алқаптар бере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясы бойынша жұмыс жүргізілуде», – деді ол.

Биыл ауыл шаруашылығында субсидияның 10 түрі жойылады. Мұндай шара Президенттің тапсырмасынан туындап отырғаны атап айтылды. Соның аясында министрлік тиімділігі төмен әрі жемқорлыққа бейім субсидия түрлерін іріктеп алған. «Жалпы, тиімділігі төмен және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары субсидиялардың 10-ға жуық кіші түрі жойылады. Субсидиялау қағидаларының барлық жаңа жобалары бүгінгі күні мемлекеттік органдарда келісу рәсімін өтуде және жақын арада бекітіледі», – дейді вице-министр.

Сонымен қатар биылдан бастап барлық субсидиялар жалпы сипаттағы трансферттермен жергілікті бюджеттер базасына берілген. Жалпы 2023-2025 жылдарға арналған мемлекеттік қолдау көлемі шамамен 400 млрд теңге болмақ. Ведомство өкілі өңірлердің бұл қаражатты игерудегі жауапкершілігі санкция салу тетігі арқылы күшейтілетінін атап өтті.

Сондай-ақ министрлік жылыжай қожалық­тарының қыстағы шығындарын жеңілдету үшін субсидиялардың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Газ тарифінің мәселесі де бар. Осы тұрғыдағы ұсыныстар үкімет қарауына жолданған.

Биыл ветеринарлардың айлығы ішінара өседі. Нақтырақ айтсақ, патогендігі I және II топтардағы биологиялық агенттермен жұмыс істеген ветеринарларға 35% және 50% мөлшерінде қосымша төлемдер, екі лауазымдық айлық мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленбек.

Мамыр айынан бастап елдегі ет экспорттаушы өңірлердің қатарына солтүстік, батыс және орталық облыстардың фермерлері де қосылуы мүмкін. Бұл үшін Халықаралық эпизоотикалық бюро Қазақстанды аусылдан таза мемлекет ретінде тануы керек.

Алдағы жеті жылда ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту үшін 1 трлн теңге көлемінде шағын несие беру жоспарланған. Сол арқылы 350 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, миллионнан астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша фермерлерге азық-түлік өндіруге 4 пайыздық несие беру де көзделген.

 

258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы