- Қаржы
- 26 Қаңтар, 2023
Фриланс: Өзіңе жұмыс істеу тиімсіз болмақ
Фрилансерлерге салық пен зейнетақы төлемі 34%-ға дейін көтерілмек. Бұл Қазақстанның гиг экономикасының дамуына көмектесе ме? Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен заңды түрде «өзіңе» жұмыс істеу тиімсіз болмақ. Бірақ әлеуметтік кепілдіктер пайда болады, деп жазады Finprom.kz сайты.
Сонымен қатар бұл портал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) келісімшартпен жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін қаржылық міндеттемелер тізбесін кеңейтуді ұсынады, деп те хабарлайды zakon.kz-ке сілтеме жасап. Фрилансерлерді әлеуметтік салық төлеуге мәжбүрлемек. Бұл ретте салық жүктемесін еңбек шартымен жұмыс істеу тиімді болатындай жоғары етіп қою ұсынылады. Осы ретте өзгерістер 1 миллионнан астам қазақстандықты қамтуы мүмкін.
Бүгінде фриланс әр түрлі қызметтерді қамтиды. Бұл санатқа дизайнерлер, бағдарламашылар және әлеуметтік жүйелер маркетингі мамандары ғана емес, сонымен қатар азық-түлік жеткізушілер, такси жүргізушілері, құрылысшылар, сауда өкілдері, яғни АҚС келісімшартымен жұмыс істейтіндердің барлығы кіреді. Еліміз заңнамасына сәйкес, тапсырыс беруші, яғни жұмыс беруші орындаушының зейнетақы жарналарын, табыс салығын және медициналық сақтандыру қоры жарнасын ғана төлейді. Әлеуметтік аударымдар (салық және МӘСҚ қорына жарна) аударылмайды, сондықтан фрилансерлерде қызметкерлер сияқты әлеуметтік кепілдіктер болмайды ауырған кезде, жұмысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан ақша, декреттік демалыс, мүгедектік төленбейді. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ЕРДО) деректеріне сәйкес, 2021 жылы 176,9 мың қазақстандық АҚС келісімшартымен жұмыс істеген (1-инфографика).
Алайда, мемлекеттік органдарда тіркелген құжаттарға негізделген статистикалық мәліметтер елдегі фриланстың таралу көрінісін толық көрсетпейді. ЕРДО сарапшылары шын мәнінде АҚС қызметтерін ұсынатын адамдар кем дегенде бес есе көп деп санайды. Анықтау үшін басқарма мамандары БЖЗҚ мен МӘСҚ деректер базасына өзара талдау жасап, ай сайын зейнетақы жарналары аударылатын, бірақ әлеуметтік салықты төлемейтін қазақстандықтардың санын салыстырды. Қазірдің өзінде 1,05 млн-ға жуық жұмысшы бар екені белгілі болды. Мұндай тұжырымдар «Қазақстанның еңбек нарығы: цифрлық шындық жолында» ұлттық баяндамасында берілген. Фрилансерлердің көлеңкелі еңбек нарығының көлемі құжатта көрсетілмеген, өйткені халықаралық фриланс платформаларында немесе жеке секторда бейресми түрде толық емес жұмыс күнімен айналысатындарды және салықты мүлде төлемейтіндерді санау мүмкін емес. Осы 1 миллион қазақстандықтың 228,3 мыңы үшін фриланс – ақша табудың негізгі жолы. 820,5 мың адам – аралас фрилансер, өйткені олардың жалдамалы жұмысы бар, ал фриланс олар үшін толық емес жұмыс күні. Олардың ішінде 106,7 мың адам табыстың 50 пайызын осындай қосымша жұмыстан табады. Осылайша, негізінен фриланстан түскен табыспен күн көретін қазақстандықтардың саны (жалпы табыстың 50%-100%) 335 мың адамды құрады (2-инфографика).
Фрилансерлер негізінен іскерлік белсенділігі жоғары Алматы мен Астана қалаларында: тиісінше, 244 мың және 133 мың адам. Жобалық жұмыспен айналысатын көптеген жұмысшылар Алматы (68 мың), Шығыс Қазақстан (64 мың) және Қарағанды (57 мың) облыстары секілді экономикалық дамыған аймақтарда тұрады. Ұсынылып отырған салықты көтеру бұл адамдарға қаншалықты әсер ететінін түсіну үшін олардың қандай кірістерін жариялағанын қарау керек. 2021 жылғы ЕРДО деректері осы санаттағы жұмыспен қамтылғандардың табысы төмендігін, оның орташа деңгейі елдегі орташа жалақының 71,5%-ы ғана екенін көрсетті. Қазақстандағы барлық фрилансерлердің 18%-ы бір уақытта екі жұмыс берушіде, 10%-ы үш жұмыс берушіде жұмыс істеуінің бір себебі осында.
Кіріс көрсеткіштері әртүрлі салаларда айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Мысалы, кәсіптік немесе ғылыми қызметте консультациялық қызмет көрсететін штаттан тыс сарапшылар бір жыл бұрын ресми түрде 210,6 мың теңге табыс тапса, АҚС келісімшарты бойынша тіркелген ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің табысы бірнеше есе төмен – небәрі 69 мың теңге.
«Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» деректеріне сәйкес, АҚС келісімшартымен жұмыс істейтіндерге салық жүктемесін 34%-ға дейін арттыру ұсынылды. Нарықтық қатынастар мен кәсіпкерлік еркіндік жағдайында мемлекет ұсынып отырған нұсқа табысы жоғары емес жұмыскерлерді де қамтиды. Шегерімдердің бірден 13,2%-дық тармаққа артуы (қазіргі 20,8%-дан) АҚС келісімшартымен жұмыс істеудің экономикалық тиімділігіне күмән тудырады. Өйткені, еңбек шартымен жұмыс істейтін жалданған қызметкерлерге салық жүктемесі төмен. Бұл жағдайда фрилансерлерге АҚС келісімшартымен тек бір реттік қызметтерді көрсету үшін жұмыс істеу қызықты болады, ал экономикалық тиімдісі еңбек шартымен жұмыс болмақ. Заңнамалық өзгерістердің ықтимал салдарының бірі фрилансерлердің санының азаюы немесе олардың кейбіреулерінің көлеңкеге кетуі болуы мүмкін. «Бізге платформалық жұмыспен қамтуды реттеу үшін жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз ете отырып, жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызатын шарттар қажет. Ал экономика еліміздің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін сапалы жұмыс орындарын көбірек ашуды ынталандыру керек», – дейді сарапшылар.
ИСА ҚАМБАР
10139 рет
көрсетілді0
пікір