• Инновациялық даму
  • 26 Қаңтар, 2023

ЗИКСТО: Жайлы вагондар – жолаушы игілігіне

Петропавлда оқшауланған вагондар өндірісі жолаушылар тасымалының дизайнына, қауіпсіздігіне, пайдалану сенімділігіне және жайлылығына қойылатын заманауи әлемдік талаптарды ескере отырып жасалған.

Кәсіпорын «Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржол желісінің ұлттық операторының тапсырысы бойынша құрылған алғашқы бес вагон­ның құрылысын аяқтады. Өндіріс Қазақстанның Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

Жаңа вагондар 9 купеде 36 жа­тын орынға есептелген. Вагон­дар­дың жоғары автономдылығы 24 сағат үздіксіз жүруге мүмкіндік береді. Сағатына 160 шақырым жылдамдықпен қозғалатын пойыз тоқтаусыз Астанадан Алматыға дейінгі қашықтықты (1354 шақырым) кемінде 10 сағатта еңсере алады. Ұзақ қашықтықтағы маршруттарды қалыптастыру әлеуетін айтарлықтай арттыру саяхатты ыңғайлы етеді. Вагондар жолаушылар жайлылығының түбегейлі жаңа деңгейін қамтама­сыз етеді. Әрбір купеде эргономика талаптарына сәйкес жасалған ұйықтайтын орындар қарастырылып, бас тіректер, жеке жарықдиодты шамдар орнатылған. Әрбір жолаушы үшін купеде екі USB порты және екі желілік розетка көзделген. Тоңазытқыш пен микротолқынды пеш тағам-сусындармен сауда жасауға мүмкіндік туғызып, ұзақ сапарларда да қызметтің толық деңгейін ұсынады. Вагондарда дезинфекцияланған жылыту, кондиционерлеу және желдету жүйесі бар. Жетілдірілген су жүйелері мен вакуумдық дәретхана жүйелері қолданылады.

«ЗИКСТО» АҚ вагондарының беріктігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар 40 жыл бойы пайдалануға арналған, ұзақ қызмет ету мерзімі бар және тозуға төзімділігі жоғары заманауи материалдарды, мысалы, коррозиялық-инертті болаттарды, композиттік материалдарды, шыны талшықтарды, полиуретанды эмаль­дарды қолданумен қамтамасыз етіл­ген. Бұл вагондар 10 жылдан кейін де сынын жоғалтпайды.

Арзан вагондарды пайдалану ескірген кеңестік үлгідегі және посткеңестік кезеңдегі вагондарды алмастыра отырып, көптеген құрамдарды жабдықтауға жағдай туғызады.

Жаңа вагонның бағасы елі­мізде жұмыс істейтін басқа өнім берушілерге қарағанда, сипаттамалары, функционалдық және кон­структивтік артықшылықтары тең болған кезде айтарлықтай төмен болады. «ЗИКСТО» АҚ сарапшылары оператор үшін жиынтық құны аналогтардан шамамен екі есе төмен болады деп есептейді. Вагондар салынған сәттен бастап алғашқы депо жөндеуге дейін 500 мың шақырым жүруге есептелген. Осылайша, оларды жоспарлы жөндеу екі жылда бір реттен жиі емес жүзеге асырылатын болады.

Биыл компанияда алаңы 6000 шаршы метрді құрайтын жаңа өн­дірістік корпустың құрылысы жос­парланған. Зауыт басшысы Ренат Шамсутдиновтың айтуынша, акционерлер жаңа өндірістік корпустың құрылысын бастау үшін кәсіпорын аумағындағы ескі ғимараттарды бұзу туралы шешім қабылдады. Түбегейлі өзгерістердің қажеттілігін директор ішкі логистиканың нашарлығымен түсіндірді. Бөлшектерді цехтан цехқа тасымалдамау үшін вагонды бір бөлмеден екінші бөлмеге апармау үшін конвейер тәріздес өндірістік желі құру керек. Бұл шығындарды азайтып, өнімділікті арттырады.

Өткенге көз жіберсек, кәсіп­орын­ның тарихы 1895 жылы Мәскеуде басталған. Революциядан кейін зауытты мемлекет меншігіне алып, «Парострой» мемлекеттік қазандық зауыты деп атады. 1941 жылдың тамызында № 239 кәсіпорын Петропавлға көшірілді. Артынша алғашқы станок іске қосылып, қару-жарақ өндірісі басталды. Соғыс жылдары мұнда әскери өнімдердің 13 түрі шығарылды. 1980-ші жылдарға дейін зауыт еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешенінің ірі кәсіпорны болып есептелді. 2000 жылдардың басында ауыл шар­уашылығы техникасына, мұнай-газ кешеніне, энергетикаға арналған машиналар мен жабдықтар шығарыла бастады. 2008 жылдан жүк вагондарын өндірсе, енді жолаушылар вагондары өндірісін жолға қойып отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

275 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы