• Аймақ тынысы
  • 26 Қаңтар, 2023

Өсімге серпін берер жобалар

Үкімет алдында қазіргі уақыттың талап-сынақтарына жауап беретін жаңа мақсат-міндеттер тұр. Бұл ретте еліміздегі аса маңызды жобаларды жүзеге асыратын негізгі мемлекеттік органның бірі ретінде Индустрия министрлігіне зор жауапкершілік жүктелген. Министрліктің алқа мәжілісінде премьер-министр Әлихан Смайылов сала алдындағы басым бағыттарға тоқталды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласындағы өсім 1,1%-ға жетті. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4%-ға ұлғайды. Іс жүзінде барлық секторда оң серпін байқалып отыр. 2022 жылы өңдеу өнеркәсібін дамытып, жолға қою үшін министрлік жүйелі жұмыстар атқарды.

 

 

Ведомство басшысы Марат Қара­баевтың айтуынша, өнер­кәсіп сала­сында барлық қажетті норма­тивтік база қабылданды. Арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру мақ­сатын­да заңнамалық түзетулер қарас­тырылды. Елішілік құнды­лықтар мен экспортқа бағыт­талған өн­дірістерді дамыту бағ­дар­ламасы бекітілді. 4%-дық жеңіл­детілген автонесиелеу мен 6%-дық ауыл шаруашылығы техникасына ар­налған бағдарламалар іске қосылды.

Былтыр отандық өңдеушілердің шикізат тапшылығы мәселесін шешуге байланысты жұмыстар жалғасты­рылды. Жыл қорытындысы бойынша ішкі нарыққа алюминийді жеткізуге қатысты 7 келісімге қол қойылды. Соған сәйкес аталған шикізатты өңдеуден бастап, алюминий профильдерін, кабельдерді және тағы басқа дайын өнімдерді шығару көзделген.

Жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясының тауарларына мем­лекеттік сатып алу процесі жүзеге асырылған жағдайда ұлттық режім­нен алып тастау тетігі белгіленді. Еліміздегі болат өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың жүктемесін арттыру үшін металл сынықтары мен қалдықтарын республика аумағынан әкетуге шектеу қойылды.

Отандық полимерлі өнімдердің өндірушілерін қолжетімді шикізат­пен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ ішкі нарықтағы дайын өнімнің құнын төмендету мақсатында ПЭТ-қалдықтарын экспорттауға уақытша тыйым салынды.

Сонымен қатар жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор тарапынан көмірге сұраныс артатындықтан, тапшы­лықтың алдын алу мен шекаралас өңірлерден көршілес елдерге қайта сатуды болдырмау үшін көмірді автокөлікпен әкетуге тыйым салынды. Бұл шұғыл шаралар шикізат тапшылығы мәселесін шешіп, ішкі нарықты тұрақтандыруға, отандық тауар өндірушілердің жүктемесін арттырып, еліміздегі шикізатты өңдеу мен импортты алмастыру деңгейін ұлғайтуға жол ашты.

2022 жылдың қорытындысы бойынша 2 трлн теңге сомасына 14,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызған 160 жоба іске асырылды. Айталық, Қызылорда облысында табақ шыны өндірісі, Атырау облысында полипропилен шығаратын, Қарағанды облысында автомобиль шиналарын өндіретін, сондай-ақ Шымкент қаласында алюминий қалбырын шығаратын кәсіпорынның жұмысы жолға қойылды. Жамбыл облысында азот-фосфор тыңайтқыштарын өндіру 2 есе ұлғайтылды.

Ағымдағы жылы өнеркәсіпті дамытуға байланысты қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғас­тырылады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес орта және жоға­ры бөліністегі өнімдерді өндіру мақса­тында ішкі нарықты елімізде шы­ғарылатын базалық материалдармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданады. Бұған қоса, импортты алмастырудың салалық жоспарлары мен өңірлік бағдарламалары қолға алынады», – деді Марат Қарабаев.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін 16,3 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды қарастыратын 1,1 трлн теңге сомасына 149 жобаны іске асыру көзделген. 2022 жылдың қоры­тындысы бойынша көлік саласында нақты көлем индексі 103,9%-ға жетті.

Премьер-министр өз сөзінде осы жылы Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­лігінің алдында қазіргі сын-қатерлерге төтеп беретін бірқатар маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. Бұл ретте тау-кен өндіру саласын дамытуға серпін беріп, өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер құру жөніндегі жұмысты күшейту қажет.

«Экономиканы әртараптандыру қарқынын төмендетуге болмайды. Алдымызда ЖІӨ-нің шамамен 4-5% деңгейінде жыл сайын тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, индустриялық жобалар пулын кеңейтуі қажет. Әсіресе, импортты алмастыруға баса назар аударылуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

Бұл орайда ол моноқалалардың дамуын ескеру маңызды екенін, жаңа кәсіпорындар халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз ететінін айтты.

Үкімет басшысы қазақстандық­тардың автожолдардың сапасына, оның ішінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына қатысты шағымдары бар екенін де айтып өтті. Бұл мәселеде тиімді жоспарлау, келісімшарттарды енгізу, техникалық қадағалауды кү­шейту, цифрландыру аса маңызды. 

Премьер-министр Қазақстанның көлік жүйесін халықаралық дәліз­дермен одан әрі интеграциялау бойынша жұмыстың маңыздылығын атады. Бұл елімізге аймақтағы негізгі транзиттік хабтардың біріне айналуға, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарын дамытуға, «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында логистикалық хаб құруға, ҚТЖ трансформациялауға, теміржолдар салуға және жылжымалы құрамды жаңартуға мүмкіндік береді. 

Тұрғын үй құрылысында және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуда барлық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу қажет.

Премьер-министр «Kaznedra» ақпараттық платформасын өнер­кәсіптік пайдалануға беруді жедел­детуді, Minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасындағы функцияларды автоматтандыруды, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бойынша олар­дың жұмысының жаңа моделін енгізу арқылы жан-жақты шаралар қабылдауды,  шикізатпен қамтамасыз ету және дайын өнімді өткізу үшін отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетуді тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

 

 

354 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы