• Аймақ тынысы
  • 26 Қаңтар, 2023

ТҮРЛЕНГЕН ӨҢІР, ТҮЛЕГЕН МЕКЕН

Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Осы орайда өңірлік жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестциялар көлемін 6 есе ұлғайтып, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экс­портын 2,3 есе арттыру көзделіп отыр.

Аталған тұжырымдама мен 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында биылғы жылға 37 даму көрсеткіші нақтыланды. Нәтижесінде, салаға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын, бордақылау, сүт, құс фермаларын ашу есебінен жалпы өнім көлемі 1,2 трлн теңгеге жеткізілетін болады. Осыған орай биылға жоспарланған көрсеткіштер бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Өңірдің агроөнеркәсіп ке­шенінің даму көрсеткіштерінің 2022 жылы орындалуы және 2023 жылға міндеттер туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметов баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобада қарастырылған 4 міндет тиісті деңгейде орындалған. Атап айтқанда, жалпы өнім көлемі 1 триллион 36 млрд теңгеден асып, еңбек өнімділігі бір жұмысшыға 3 млн теңгені құраған. Отандық өндірісті негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бойынша 2025 жылы республика халқын алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, құс етімен толық қамту, қант өнімімен 80% қамтамасыз ету жоспарлаған. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2027 жылға қарай құс етімен (45%)  және басқа азық-түлік өнімдерімен облыс халқы 100% қамтамасыз етілетін болады.   

Есепті кезеңде экспорт көлемі 308,3 млн АҚШ долларын құрады. Жалпы 683,4 мың тонна өнім экспортталған. Оның ішінде қайта өңделген өнім үлесі 44,4% немесе 136,9 млн АҚШ долларын құрады. 2025 жылға қарай облыста ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемін 2 есеге ұлғайтуға толық мүмкіндіктер бар.

Төртінші міндет – облыста 2022 жылға жоспарланған жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба толығымен жүзеге асырылып, 700-дей жаңа жұмыс орны құрылды. Облыс ауыл шаруашылығы саласында негізгі капиталға 74,7 млрд теңге (өсім 118,7%), тамақ өндірісінде негізгі капиталға 10,2 млрд  теңге инвестиция тартылған.

 

АУЫЛ – ЕЛ  БЕСІГІ: 200-ГЕ ЖУЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

«Ауыл – ел бесігі» жобасының мақсаты – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Маңызды жоба аясында ауылдарда жолдар жөнделіп, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында облыстағы 104 елді мекенде 253 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы сомасы 18 миллиард теңге бөлінді. 164 нысан бой көтеріп, ел игіліне берілді. Жобаларды жүзеге асыру барысында 3,5 мыңға жуық уақытша жұмыс орны ашылды.

Қазір құрылысы жүріп жатқан ауқымды нысандар биыл тапсырылады. «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асу барысы жайында өңір басшысы Дархан Сатыбалды премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндады. Онда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту арқасында ауылдағы өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобаның іске асыру барысы қаралды. Үкімет басшысы Түркістан облысында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Өңірдің денсаулық сақтау саласында 1,1 млрд теңгеге 10 жобаның құрылысы жүргізілді. Білім саласында 5,4 млрд теңгеге 34 жоба бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмысы атқарылды. Мәдениет пен сапорт салаларында 4 млрд теңгеге 20 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында 3 млрд теңгеге 21 жобаның құрылысы басталып, биылғы жылы халыққа пайдалануға беріледі. Облыста жол мәселесі өзекті екендігін ескере отырып, 4,4 млрд теңгеге 168 жоба іске асырылды. «Биыл 143 елді мекенде 294 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 23,4 млрд теңге жоспарланды. Жобаларды іске асыру аясында 4,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019 жылдан бастап 52 млрд теңгеге 1 мыңнан астам жоба жүзеге асырылды. 58 инфрақұрылымдық, 126 әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ауылдарда 1 мың шақырымнан астам ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде 175 елді мекен тұрғындарының (600 мыңнан астам халық) өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. Тұрғындармен кездесу барысында сауалдардың 50 пайыздан астамы ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымға қатысты болды. Халықтың 80 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрғандықтан, «Ауыл – ел бесігі» жобасы біздің өңір үшін өте маңызды. Жалпы, жобаның іске асырылуы тұрақты бақылауда», – деді Д.Сатыбалды.

 

ЖЫЛУ МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Мемлекет басшысы былтыр үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі жылу орталықтарын жаңғырту мәселесіне ерекше маңыз берді. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Кентаудағы жылу орталығының жұмысын бақылау үшін облыс әкімі орталық басшысымен бірге стратегиялық нысанды аралап, жұмысшылармен жүздесті. Жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Көмір сапасын тұрақты назарда ұстауды жүктеді. Облыс әкімі өңірдегі жылу орталықтарының жұмысын бақылау, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырма берді. «Жылыту маусымына қатысты барлық жұмыс тұрақты бақылауда болуы керек. Жауапкершілік жүгі салмақты. Әрбір басшы, әрбір маман өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарса, ел қыстан қысылмай шығады», – деді Дархан Сатыбалды.

Бірер күн бұрын жылу-электр орталығындағы екі қазандық істен шығып, облыс әкімінің тапсырмасымен оны қалыпқа келтіруге барлық күш жұмсалды. Ақау бірнеше сағатта жөнделді. Жылу беру температуралық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Осы орталық арқылы 70 мыңға жуық халық тұратын 14 мың абонент орталықтандырылған жылуға қосылған. Оның 100-ден астамы бюджеттік мекемелер болса, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2 мыңнан астам жеке сектордағы үй және 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.

Жылыту маусымын сапалы және үзіліссіз өткізу мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен №5 жылу-электр орталығының негізгі және қосалқы қондырғыларын, төрт қазандығы мен турбогенераторды ағымдағы жөндеуге қажетті қаржы бөлінген. Ағымдағы жөндеу бойынша барлық жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына қажетті 90 000 тонна көмір, 700 тонна мазут және 20 тонна дизельге келісімшарт түзілген. Облыс әкімі қажетті отынмен толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, 1934 жылы са­лынған №5 ЖЭО электр энергиясын өндіреді және Кентау қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ететін жалғыз стратегиялық нысан болып табылады. Жалпы негізгі материалдық жабдықтардың 85 пайызы тозған. Бүгінде Кентау қаласында жаңа жылу орталығын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі кезеңде бу-газ турбиналы қондырғылар тиімді болып отыр. Бұл бағытта заманауи орталық салуға қызығушылық танытқан бірнеше инвестормен жұмыс жүргізіліп жатыр. Облысы әкімі олармен кездесіп, ұсыныстар талқылануда. Жаңа жылу-электр орталығы – тұтынушыларға бір мезгілде электр энергиясы мен жылуды бу және ыстық су түрінде бірге өндіріп беретін бу (газ) турбиналы электр станциясы. Заманауи ЖЭО беретін жылу қызған бу немесе ыстық су түрінде таратылады. Мақұлданған жағдайда жаңа жоба жылу орталығына жақын маңнан салынады.

 

ТЕРІСКЕЙГЕ ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАР КӨП

Солтүстік Қазақстан облысына еңбек күші артық өңірлерден 6,5 мыңнан астам адам көшіп барған. Бөлінген квотаның 32 пайыздан астамы Түркістан облысының үлесінде. Теріскейге былтыр қоныс аударған 2 129 адамның 41,7% (889 адам) Солтүстік Қазақстан облысына орналасты. Сонымен бірге түркістандықтар Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарына көшті. Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдіргендер саны артып отыр.

Елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ең­бек» бағдарламасының мақсаты – халқы тығыз орналасқан оңтүстіктегі облыстардың тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге қоныстандыру. Осы бағдарлама қолға алынған 2015 жылдан бері Түркістан облысынан жалпы 10 мыңға жуық мүшесі бар 5 мыңдай отбасы теріскейге қоныс аударды. Қоныс аударған еңбекке қабілетті тұрғынның басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтылса, қалғаны жеке кәсібін ашқан. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері, бос тұрған ғимараттар ұсынылған. Баспана бойынша көмек көрсетілген. Сондай-ақ көшіп-қонуға байланысты мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілген. «Еңбек» бағдарламасының стратегиялық маңызы жоғары. Жаңа мекенге барып, жаңа өмір бастауға, елімізді өркендетуге түркістандық әрбір тұрғынның мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, 2021 жылы «AMANAT» партиясы Түркістан об­лыстық филиалы мен Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруы және осы бағытты насихаттаушы Ж.Ағабековтің демеушілігімен Сарыағаш және Сайрам аудандарынан 30 отбасы Павлодар облысына аттанып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Бұл жоспар алдағы уақытта да жалғасады.

Нұрлан ҚҰМАР

 

436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы