• Қаржы
  • 26 Қаңтар, 2023

ҚАЙТҚАН МАЛДЫҢ ҚАЙЫРЫ НЕМЕСЕ ӨТКЕН ЖЫЛҒЫ ҚАРЖЫ НАРЫҒЫ

Әлемнің қаржы алпауыттарының өзі биржа алаңдарында қақпақыл болған  өткен 2022-ші, барқадары кем барыс жылында ішкі валюта нарығы ескексіз қайықтай күйге түскені рас.  Былтырғы бірінші тоқсанда орын алған геосаяси өзгерістерден кейін үкімет батыл әрекетке барғанын бұдан бұрындары тілге тиек еткенбіз.

Мәселен, айырбастау бағамын тұрақтандыру мақ­сатында бірқатар шұғыл шаралар қабылданды, яғни базалық мөлшерлеме көтерілді, валюталық интервенциялар жасалды, квазимемлекеттік сектор компанияларының валютаны сату көлемі арттырылып, қолма-қол шетел валютасын әкету шектелді, сондай-ақ теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы енгізілді. Айырбастау бағамының еркін өзгеру қағидаттарын қолданумен қатар қабылданған шаралар дағдарыс кезеңінде валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтама­сыз етуге мүмкіндік берді. Өткен жылы квазимемлекеттік сектор нысандарының 5,1 млрд АҚШ дол­лары мөлшерінде валюталық түсімді сатуы, Ұлттық қордан республикалық бюджетке 4,3 млрд АҚШ долларына парапар трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны нарыққа шығару және 1,4 млрд АҚШ доллары көлеміндегі валюталық интервенциялар жасау арқылы теңгеге қолдау көрсетілді.

«Қайтқан малда қайыр бар» деген. Тосыннан болған сыртқы өзгерістердің ауқымына қарамастан, қабылданған шаралардың арқасында валюта нарығындағы ахуал тез тұрақталып, теңге тәуірленді, сәуір айында шетел валютасына сұраныс айтарлықтай төмендеді. Жыл қорытындысы бойынша теңге бағамы 7,1 пайызға әлсіреді. Теңге бағамына жылдың басында орын алған геосаяси өзгерістерден басқа АҚШ долларының жаһандық нығаюы, инвесторлардың тәуе­кел-сентименті, сондай-ақ дамушы елдер валюталарының динамикасы сияқты бірқатар факторлар әсер етті. Жыл ішінде қабылданған шараларға және бағамның икемді болуына байланысты валюта нарығы сыртқы өзгерістерге тез бейімделіп, құбылмалылық деңгейі орташа болған кезде сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан теңдестірілді. Қараша, желтоқсан айларында валюта нарығы теңгерімді болды. Квазимемлекеттік сектор компаниялары бір ай ішінде шамамен 328,7 млн АҚШ долларын сатты, Ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету үшін 461 млн АҚШ доллары конвертацияланды. Желтоқсанда зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау мақсатымен биржадан 43,2 млн АҚШ доллары сатып алынды. 2023 жылы валютаны кезең-кезеңімен сатып алу жалғастырылады, алайда бұл операциялар валюта нарығында қолайлы жағдайлар болғанда нарықтық бейтараптық қағидатын сақтай отырып жүзеге асырылады. Алтын-валюта резервіне келсек, жыл соңындағы ахуал бойынша оның көлемі бір жыл ішінде активтердің валюталық бөлігі ұлғайғандықтан 700 млн АҚШ долларына көбейіп, алдын ала деректер бойынша 35,1 млрд АҚШ долларын құрады. Алтын портфелі сыртқы нарықтарда алтынның сатылуына және алтын бағасының троя унциясы үшін 1812,35 АҚШ долларына дейін немесе 0,43 пайызға төмендеуіне байланысты азайды. Бір жыл ішінде сыртқы нарықтарда бағалы металдың біртіндеп сатылуының арқасында резервтердегі алтынның үлесі 68 пайыздан 58 пайызға дейін төмендеді.

Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 100 млн АҚШ долларына сәл төмендеп, желтоқсан айының соңында 55,7 млрд АҚШ долларын құрады. Желтоқсанда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 450 млрд теңге аударылды. Трансферттерді бөлу жөніндегі міндеттемелерді орындау мақсатында өткен айда ішкі валюта нарығында ауқымды көлемдегі активтер сатылды. Оның қалған бөлігі Ұлттық қорға теңгемен түскен түсім есебінен және Ұлттық қордың теңге шотындағы қалдық есебінен орындалды. Ұлттық қорға түсіп жат­қан валюталық түсімдердің көп бөлігі активтердің құлдырауын теңестіретін бірден-бір фактор болып табылады. Мәселен, желтоқсан айында Ұлттық қордың валюталық активтері 651 млн АҚШ долларына толықтырылды. Жалпы, өткен жылы Ұлттық қордың валюталық активтері шамамен 400 миллион АҚШ долларына өсті. Активтерде қалыптасқан оң динамиканың негізгі себебі мұнай бағасының өсуі және мұнай секторы ұйымдары тарапынан Ұлттық қорға түсетін валюталық түсімдердің ұлғаюы болып отыр. Былтырғы жылы Ұлттық қордан бюджетке трансферттер бөлудің жалпы көлемі 4,6 трлн теңге болды.

Өткен жылдың қорытынды­ла­рын ой елегінен өткізе отырып, биылғы жылдың мұнай-газ нарығына қатысты болжамдарына көз салсақ, шикізат нарығындағы белгісіздікке қатысты бірқатар жорамалдың алға тартылып жатқанын байқаймыз. Мұнай бағамдары былтыр жыл бойына қатты құбылды. Геосаяси дағдарыс ушыққан наурыз кезінде мұнай бағасының баррелі 120 АҚШ долларынан жоғары тұрды. Жылдың екінші жартысында бағаның біртіндеп төмендеу үрдісі байқалды, соған қарамастан мұнай бағасы бір жылда 10,5 пайызға өсті. Ал, үстіміздегі қаңтардың басында мұнай бағасы жаһандық экономикадағы құлдырау тәуекелдеріне байланысты бір баррель үшін 80 АҚШ долларынан төмен кетті. Осы ретте әлемдік тәжірибеде мұнай бағасының мөлшеріне түрлі ба­ғыттағы алғышарттардың, тіпті ауа райының да әсер ететінін атап өткеніміз жөн. Еуропадағы биылғы қыс шикізат нарығы үшін тәуекел факторларының біріне айналды. Сөйтіп, Еуроодаққа мұнай мен газдың тұрақты түрде жеткізілмеуі аймақ экономикасын қолайсыз күн райының әсеріне ұшырат­ты. Дегенмен, ағымдағы кезеңде жоғары қысқы температураның сақталуы отынға деген сұраныстың төмендеуіне және мұнай бағасының теріс түзілуіне ықпал етуі мүмкін. Экономикалық белсенділік­тің баяулауы және тұтынушы­лық сұраныстың төмендеуі ин­фляциялық қысымды тежейді деген жорамал бар. Сарапшылар­дың пікірі үстіміздегі жылы әлем­дік экономиканың үштен бірі рецессияға ұшырайды, дегенге саяды. Оған сәйкес Қазақстан экономикасы да сын кезеңге аяқ басқалы тұр.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

 

35288 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы